Туризм төңірегіндегі тірлік Тиянақты болса
Туризм төңірегіндегі тірлік Тиянақты болса
Тараз – туризмді дамытуға өте сұранып тұрған мекен. Оған терең тарихы, таңғажайып табиғаты, географиялық климаты да негіз бола алады. Иә, осылай айтылып, қағаздарға қатталып жазылып жүргелі қанша жылдың жүзі болды. Талайлар қыруар пайдаға кенеліп жатқан бұл сала арқылы өңірімізде ауыз толтырып айтарлықтай табысты тірліктер тындырдық дей аламыз ба? Туризмді дамытуға қажеттінің бәрі бар өңірімізде қарқынды жұмыс жасап, толайым табысқа кенелуімізге не кедергі? Шыны керек, бұған дейін көтерілген талай бастаманың баянсыздығы мен құрылған жоспарлардың жүйесіздігінен салаға серпін сыйлай алмадық. Десек те облысымызға Асқар Мырзахметовтің басшы болып келуімен тұралаған туризмнің тамырларына қан жүре бастағандай. Атап айтар болсақ, туризм басқармасы құрылып, өз алдына жеке мекеме болғаны да осы орайдағы оңды қадамдардың алғышарты екені сөзсіз. Ендігі мақсат – тарихи Таразды туризмнің дамыған айлағына айналдыру. Ол үшін ең алдымен жалпылама жоспар емес, нақты шаралар тездетіп қолға алынып, сапалы жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыс әкімдігінде өткен жиналыста өңір басшысы Асқар Исабекұлы осыны қадап айтты. Сала басшылары, жауапты басқарма мен туристік фирмалардың өкілдері, осы бағытта жұмыс жасауға ниетті кәсіпкерлер қатысқан басқосуда облыстың ішкі және сыртқы туризмін дамытудың жол картасы жан-жақты талқыланды. Облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дайындалған аталмыш құжатпен таныстырып, ондағы жоспарлы жобаларға тоқталды. Айталық, «Береке» бағдарламасы арқылы қаржы сұратып, өз жұмыстарын қуаттандыруды көздеп отырған компаниялардың жоспарын және қаржылай қолдау көздерінің тартылу жүйесі туралы кеңінен сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, «Тілебай баба», «Тараз-кәсіподақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, «Азия», «Наага» қонақ үйлерінің және «Тау самалы» сауықтыру орталықтары бағдарлама арқылы құрал-жабдықтарын жаңартып, құрылыс жұмыстарын жетілдіруді көздеп отыр екен. Сондай-ақ Қарлығаш Әмірқызы «Тараз-туризм» ақпараттық орталығының құрылымы мен штаттық бөлінімдерін таныстырып, хабардар етті. Баяндамашының сөзінен түсінгеніміз, жол картасы арқылы алдағы уақытта өңіріміздегі туризмді дамыту бойынша алға қойылған шарттарды орындау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Атап айтсақ, туризм инфрақұрылымын дамыту мен туристік әлеуетті жылжыту, имидждік саясатты қалыптастыру бағыттары аясында көптеген игі шаралар көзделуде. Олардың қатарында төрт жылға жоспарланған алты жоба –«Қара алма» тау шаңғы базасы, «Көне Тараз» қалашығы мен «Шахристан» қолөнершілер кешені, «Айша бибі» тарихи-археологиялық кесенесі мен «Әулие Бастау» сауықтыру айлағы, «Қазақ ауылы» мен «Төрткүл» керуен-сарайы, «Ақыртас» кешені мен «Көне Тараз» Vizit-орталығы бар екенін білдік. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов аталмыш басқарма басшысына белгіленген жобалар бойынша нақты жұмыстар жүргізу керектігін тапсырды. – Ауызша айтқанда, бәрі жақсы. Бірақ нақтылай келгенде, тындырылып жатқан тірліктер аз. Ананы сөйтеміз, мынаны бүйтеміз деген жалпылама жоспармен алдануға болмайды. Сосын мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана шектеліп, жұмыс ауқымын тарылтпауымыз қажет. Біз қайта өз өңіріміздің қажеттілігіне сәйкес сол бағдарламалардың мүмкіндіктерін молынан пайдаланып, оны одан әрі жетілдіре түссек ұтатынымыз сөзсіз. Бұл бағыттағы ең басты жұмыстарымыз – туристердің талабына сай болу. Ол үшін аталған тарихи орындар мен демалыс нысандарына заманауи үлгідегі барлық қажеттеліктерді жасау керек, – деді А. Мырзахметов. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы қаржылай қолдау сұрап отырған қонақ үйлердің бәрі де облыстық туризмнің арбасын алға тартумен айналысу керектігін ескертті. Бұл орайда ол қонақ үй иелері өңірге сырттан туристер тартып, тиісінше табыс түсіріп отыруы маңызды. Шын мәнінде салаға серпін беруге ниетті болған кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіру керектігін тапсырған облыс әкімі кейбір ақылға қонымсыз жоспарларға қарағанда келушілер үшін ең керекті нәрселермен тезірек айналысудың пайдалылығын тілге тиек етті. Айталық, «Айша бибі» кесенесінің маңына 150 орындық мәжіліс залын салғанның қаншалықты ұтымды болатыны сөз болды. Оның орнына жайлы қонақ үй, естелік-сыйлықтар сатылатын ыңғайластырылған сауда орындарын тұрғызып, ыстық және мұздай су мәселелерін шешу жолдарымен айналысқанның тиімділігіне баса назар аударылды. Қалай десек те, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, тарихи ескерткіштері көп, ол ескерткіштер тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік мәдениетке туризмнің тарихи-танымдық, экологиялық, спорттық, ғылыми түрлерін танып білуге мүмкіндіктер беретін киелі Әулиеата өңірі шын мәнінде де туристерді тартпай тұрмайды. Ал келушілер үшін алдымен қолайлы жағдай, сапалы қызмет және жан-жақты жарнама қажет. Бұл орайда жанды жұмыс, тиянақты тірлік болмаса бәрі бос. Өңір басшысы сала басшыларына осыны ескертіп, нақты тапсырмалар берді.
Жанғазы Ахмет
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.