Білім

Мектеп рейтингісі қалай түзіледі?

Мектеп рейтингісі қалай түзіледі?

Оқу жылы басталарда ата-аналар балаларын білім көрсеткіші жоғары мектепке бергісі келіп, ұзақ таңдау жасайды. Ондағы ойы – ұл-қызым сапалы білім, саналы тәрбие алсын дегені. Бірақ көпшілігі сол көрсеткіштерді жақсартуға өздері үлес қоса алатынынан хабарсыз.

Білім беру мекемелері қызметтерінің тиімділігін бағалау, оның сапасын арттыруға ынталандыру үшін көпшіліктің пікірі маңызды. Тұрғындардың жақсы деген бағасы келесі жолы сол мектеп көрсеткішінің жақсаруына ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ шынайы сынның керісінше әділ бағалауға әсері бар. Осыны ескеріп, облыстық білім басқармасы өңір тұрғындарының аймақтағы білім жүйесінің дамуы жөніндегі біртұтас көзқарасын қалыптастыру мақсатында орта білім беру ұйымдары арасында рейтниг жүргізеді. Рейтинг жүргізу идеялары білім сапасын бағалаудың сенімділігін арттыру мақсатынан туындаған. Ол үшін алдымен мүдделі тараптар мен қоғам хабардар болуы тиіс. Рейтингті анықтауда келесі критерийлер ескеріледі: оқыту мен тәрбие берудің сапалы нәтижесі, заманауи білім беру технологияларын, оның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны оқыту процесінде қолданудың тиімділігі, сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарын дамытудың тиімділігі, олардың қызметі туралы ақпараттардың шынайылығы мен қолжетімділігі, ата-аналардың және бітірушілердің мектепке деген қарым-қатынасы, педагогтердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру деңгейі, басқару тиімділігі. Мұндай критерийлердің жалпы саны – 45. Рейтинг орта мектептерде – 43, негізгіде – 35, бастауыш мектептерде 21 критериймен сараланады. Бұған барлық білім мекемелері қатыса алады. Ал сараптау жұмысын аудандық, қалалық рейтингтік комиссия жүргізіп, шешім қабылдау үшін білім басқармасына ұсынады. Өңірлік эксперттік комиссияның құрамына білім басқармасының өкілдері, аймақтағы жоғары оқу орындарының, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің, білім қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің өкілдері, директорлар кеңесінің мүшелері, педагог ардагерлер және тұрғындар кіреді. Аудандық деңгейдегі комиссия құрамы да солай жасақталады. Рейтинг қорытындысы ағымдағы оқу жылы аяқталған соң жылына бір рет тамыз айында шығарылады. Бұдан бөлек білім беру ұйымдарының қызметін бағалау үшін оқушылар мен ата-аналардың виртуалды-онлайн дауыс беруі (әрбір білім бөлімі өздерінің сайтында мектептердің қызметі, жетістіктері туралы материалдарды орналастырады, ата-аналар мен оқушылар дауыс береді) қарастырылған. Осы аяқталған оқу жылындағы қызмет нәтижелері көрсеткіштерінің жиынтығы негізінде әрбір білім мекемесінің жұмыс жағдайы, мысалы инновациялық, даму, жұмыс және кризистік режіміндегі, сондай-ақ дұмыс істеу режімін (тоқыраудағы) тоқтатқан мектеп екендігі анықталады. Ал топтарды жинақтайтын параметрлердің үш блогы бойынша, яғни «процесс» және «нәтижелердің» сипаттамалары (оқыту процесінің қорытындысы), оқыту нәтижесі бойынша ата-аналардың қанағаттанушылық сипаттамаларына сай кластері нақтыланады. Нәтижесінде педагогикалық инновациялық режімде жұмыс істейтін жалпы білім беретін мекемелер өңірлік рейтингтің қорытындысына сәйкес білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде қаржылай сыйлықтармен марапатталады.Төмен дейгейдегілері аудандық, қалалық білім бөлімдерінің бақылауына алынады.

Айдын ДОСЫБАЕВА, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.