Әлеумет

1 шілде күні дүниеге келген сәбилерді домбыра үні тербетті

1 шілде күні дүниеге келген сәбилерді домбыра үні тербетті

1 шілде – Ұлттық домбыра күні Тараз топырағында кеңінен аталып өтті. Ел өнерпаздарын шаттандырған бұл шарадан Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы да қалыс қалған жоқ. Олар өңірдегі барлық перзентханаларда 1 шілде күні өмірге келген сәбилерге домбыра сыйлау рәсімін ұйымдастырды.

Бұл шара облыстық перинаталдық орталықтан басталды. Қазына Болатқызы есімді сәби тұңғыш тойланып жатқан Ұлттық домбыра күні өмірге келген екен. Облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева мен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмутжан Давришев сәбидің анасы Жазира Исмайловаға үкілі домбыраны тарту етіп, кішкентай Қазынаның үлкен өнерпаз, ғұмырлы болуына тілектестік білдірді. Мұнан соң «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрахым Зуфаров қазақ халқының дәстүрімен бата берді. Нәрестенің анасы келушілерге алғысын білдірді. Жазира жетінші перзентін өмірге әкеліпті. Енді «Алтын алқа» иегері атанатыны анық. – Қазынаның әкесі Болат – көкпаршы. Байзақ ауданы, Қарабастау ауылында тұрамыз. Көкпаршының қызынан домбырашы-күйші шығып жатса қуанамыз. Домбыра күні құтты болсын, – деді Жазира Исмайлова. Мұнан соң олар Тараз қалалық №1 аурухананың перзентхана бөліміне атбасын бұрды. Мұнда аталған мереке күні Валентина Кузнецова сәбилі болып, Диана атты қызды өмірге әкеліпті. Диананың анасына да домбыра тарту етілді. Қалалық перинаталдық орталықта Ғазиза Нұрмашта сәбилі болыпты. Оның перзентіне де домбыра сыйға тартылды. Барлық аудандарда Ассамблея мүшелерінің 1 шілдеде дүниеге келген жас нәрестеге домбыра сыйлады. Бұл күні Таразда шаралар легі ақшам басталғанша толастаған жоқ. ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Күй ойнайды қазағымның қанында» атты мерекелік іс-шара өткізілді.

Есет ДОСАЛЫ