Мәдениет

Қазағымның үнісің сен, домбыра!

Қазағымның үнісің сен, домбыра!

 width=Дүйсенәлі Бықыбаев,облысәкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Ұлтымыздың үні – домбыра, ғұрпымыздың сыры да домбыра, салтымыздың – тірегі, халқымыздың – діңгегі де домбыра. Ол біздің болмысымыз. Бүгінгі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Ғасыр алмасты, әлем ешкімге бағынбас өз сарынымен алға тартты. Еліміз егемендігін алды. Ақпараттық ағымдар жүйесі өзгерді. Өмірімізге интернет дендеп енді. Осы қайшылықтар экономикалық, саяси дағдарысты туындатты. Бәлкім ықылымнан қалыптасқан ұлттық рухымыздың бекемдігінен, Көшбасшымыздың табанды, көреген саясатынан болар, еліміз осынау өтпелі кезеңде кездескен барлық қиындықтарды жеңіп шықты. Бар болғаны жиырма бес жылдың арғы-бергі жағында ірі, іргелі мемлекет қалыптастырдық. Осының бәрінің бастауында еліміздің Көшбасшысы Н.Назарбаев тұрды. Иә, домбыра – ұлтымыздың рухы. Мүмкін біреулер ол «одно полка два струна» деп сол мықты рухымызды әлсірету мақсатында әзілдеген болып, ішкі есебінде мықтылығымызды мойындағысы келмейтіні шығар. Мені музыка маманы, өңір мәдениетінің жаңашыры ретінде «Ойпыр-ай, мына дүниедегі жаһандану үдерістерінде біздің ұлттық құндылықтарымыз қалай белең алар екен, біздің болашақ жастарымыз мына ғаламдық дамудағы аламанға қалай, кім болып кіре алар екен» деген ой көп мазалайтын. Әрине, жаһанданудың өзі оң-солыңды бағамдата бермейді. Мұндай аласапыранның ішінде қандай ұлт, қандай мемлекет болмасын рухани осалдық танытса, жұтылып кету қаупі тұратынын біз өзге халықтар тарихынан білетінбіз. Ал бұл көпшілік күтпеген, ешкімнің ойына келмеген, халқымыз үшін ғаламат құнды бастама болды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың жарлығымен шілде айыны алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Бұл мереке ұлттық сезімімізді асқақтатты. Астана жұрты үлкен оркестрмен аспан астын алапат күйге бөледі. Дәл осындай шаттықты күнді қуана күтіп отырғандай сол күні-ақ еліміздің түкпір-түкпірі жерменен көкті алып оркестрге айналдырып-ақ жіберді. Халқымызға ұлттық рухымыздың дауылпаздары, жыр дүлділі Жамбыл Жабаевты, ән-әуездің келбеті Кенен Әзірбаевты берген киелі де қасиетті топырақ – Әулиеата елі, Жамбыл жері, тарихи - Тараз бүгінгі күні қазақ күйінің атасына айналып үлгерген Әбдімомын Желдібайұлымен бірге күмбірлете күй төкті. Қандай ғажап. Кеуде шалқыды, көңілдер тасыды. Күймен бірге жүректер дірілдеді. Бір-ақ күнде, бір-ақ сағатта қаламыздағы жыр алыбы Жамбыл баба ескерткіші жанды бейнеге айналғандай. Қолында қазақтың қара домбырасы бар Жамбыл ата ұлт үнімен, ұлт рухымен осылайша үйлесті, осылайша үндесті. Біз кейінгі кезде әр қазақтың үйінде бір домбыра болса екен деп армандайтынбыз. Міне, осы мақсаттың орындалуына да осы ұлы бастаманың себепкер болатыны анық. Аппақ шағаладай қанат жайған алып оркестрдің бір мүшесіне айналып, қолыма сүйікті кәсібім, қара домбырамды алғанымда менің де кеудемді мақтаныш биледі. Күй – құдірет. Жамбыл облыстық қазақ драма театры актерлері күшімен дайындалған «Домбыра сарыны» атты театрландырылған қойылым: домбыраның қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан сырласы, мұңдасы екенін көрсетті. Тұтас бір халықтың тілі жеткізе алмаған ғазауат қайғысын да, көңілі жеткізе алмаған сұлу салтанатын да жеткізген домбыра үнінің құдіретін сездірді. Артынша мыңдаған домбыра шанағынан төгілген күй атасы Құрманғазының, Динаның, Қазанғаптың, Сүгірдің, Тәттімбеттің, Нұрғисаның рухты күйлері дүркірей құйылды. Ол тіршілік – тұрмысы күрделі, талай-талай дүбірлі кезеңдерді бастан кешіп, сайын дала төсінде желдей ескен сеңдей көшкен көшпенділер рухын көз алдымызға әкелгендей болды. Елбасымыз қашанда ұлт үшін, мемлекет үшін ұран болар ұлы бастамаларға халқымызды ұйытып отырады. Бұл әрине үлкен бағдар, ұлы жол. Ендігі мақсат өзімізде. Әрине, базбіреулерде бір күн домбыра тартса, жұрттың бәрі домбырашы болып кете ме деуі де мүмкін. Жоқ, бұл бастама – ұлттық құндылығыңды қадірлеу, ұмытпау, келешекке үлгі ету, өнеге ретінде ұсыну тәсілі. Қырғыз – комуз шерткеннен, өзбек-дутар тартқаннан, орыс балалайка ойнағаннан мықты музыкант болмайды. Бірақ мықты ұлт болады. Әр ұлт дәл осындай құндылықтармен ерекшеленеді. Ол дәл осындай ерекшеліктерімен дара боп көрінеді. Балтық жағалауы елдерінде бүкіл оқушы онжылдық мектеп бағдарламасымен қатар, сол мектеп жанындағы жеті жылдық музыка мектебін бір аспап бойынша бітіріп шығуға міндетті екен. Ол не үшін қажет? Олардың бәрі бірдей музыкант болмайды ғой. Босқа уақытын алып, басын қатырып не қыламыз деген түсінік жоқ. Бүкіл арғы-бергі адамзаттық тәжірибелерді зерделей келе олар әу бастан солай шешкен. «Өнер – адамдар жүрегіне асыл қасиеттер егеді» деген сөзді де ұлы ойшылдар бостан-босқа айтпаған. Сондықтан кез келген адам музыканы, суретті, әдебиетті, әнді, тағы басқа лирикалық өнер туындыларын ұғына алатын болса, олар жамандыққа бара алмайды, керісінше адалдыққа, тазалыққа бейім болады деген ұғым бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғына дейін елімізде домбыраға деген құрмет ерекше болды. Тіпті жетпісінші жылдардың басында Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымы» бүкіл қазақ халқының сүйкімді мөлдір сезіміне айналды. «Құрманғазы» ұлт аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» фольклорлы - этнографиялық оркестрлері мемлекетіміздің мақтанышына айналды. Әр облыста, әр ауданда, тіпті әр ауыл, әр оқу орындарында ұлттық оркестрлер болды. Кешегі еліміз бойынша ең алғаш домбырашылар үштігі болып құрылып осы Тараздан бастау алған «Алатау» ансамблі ше? Әрине ойнақы әуезді эстрада жанры да керек. Олар бұрын да болған, қазір де бола береді. Олар бір-бірін жоюға емес, бір-бірін толықтыруға міндетті. Алайда ұлттық өнер осы жанрлардың бастаушысы, ұлттық реңк берушісі болып қала беруі тиіс. Ол үшін ұлтымыздың болмысы домбырамызды дара насихаттау өте қажет. Іске сәт, қазақ елі!