Әлеумет

Шаруалар күші – бірлікте

Шаруалар күші – бірлікте

Жуалы ауданында соңғы екі жыл ішінде 16 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған екен. Осы агроқұрылымдар мүшелерінің арқасында оң жетістіктерге қол жеткізілуде. Әсіресе сүт бағытындағы шаруашылықтар табысты даму жолына түсіп отыр. Олар биылғы жыл басынан бері 500 тоннадан астам сүт өндіріп, жергілікті жердегі өңдеу кәсіпорындарына жөнелткен. Кооператив мүшелері өздерінің шаруашылықтарын дамыту үшін 5 миллион теңгеден астам субсидия алған. «Ақсай» – аудан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ішіндегі әлеуеттілерінің бірі. Екі жыл бұрын оның құрамына бар-жоғы 9 мүше ғана біріккен-ді. Мұнда қазір 130 адам еңбек етуде. Құрылым негізінен ет және сүт өндіру бағытын таңдаған. Мұнда 470 миллион теңге көлеміндегі несие қаражатына 1000-нан астам сауын сиыры мен 800-дей бұқа сатып алынған екен. Қазір кооперативте тәулігіне 6,5 тонна сүт сауылуда. Өнімнің әрбір литрі үшін мемлекет тарапынан 10 теңге көлемінде субсидия төленеді. – Шаруашылығымыздың табысқа жетуінің кілті бірлесе еңбек етуде болып тұр. Бізде күнделікті жұмысқа қажетті техниканың бәрі де бар. Соның көмегімен мал азығындық шөп дайындаймыз және ақ егіс егіп өсірудеміз. Ауылды жерде тұратын төрт азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Былтыр ауданда 9 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған еді. Оларға 489 азамат мүше болып кірді. Кооперативке бірігудің нәтижесінде ауыл өмірі жақсы жағына қарай өзгеруде. Мыңға жуық жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Биыл тағы да 7 кооператив құрылды. Алайда бұл жұмысты бастау үшін ең алдымен қомақты қаржы қажет болады, – дейді «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі Шаяхмет Қалдарбеков. Қысқа қайырып айтқанда, қосалқы шаруашылық-тардың іріленуі жалпы тұрғындар үшін тиімді екені байқалуда. Біріншіден, ауылда тұрақты жұмыс орындары ашылуына, екіншіден жергілікті өңдеу кәсіпорындарының шикізатпен жүйелі түрде жеткілікті қамтамасыз етілуіне қол жетіп отыр. Аудан бойынша бар-жоғы бес айдың ішінде өңдеу кәсіпорындарына 515 тонна сүт өткерілген. Соның арқасында жергілікті кәсіпорындар өнім өндіру көлемін ұлғайту үстінде. Жуалының сары ірімшігі еліміз бойынша жоғары сұранысқа да ие. Аудан тарапынан биылдың өзінде Мәскеуге 60 тонна өнім жөнелтілген. Облыста кооперативтік қозғалыстың дамытылуына биыл 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуі шаруаларды айрықша қуантып отыр. Бұл іс бұдан әрі де өрге басып, шаруаларды берекеге бастай бермек.

«Aq jol»-Ақпарат».