- Advertisement -

Қызыл жұлдыз ауылын қалаға баяғыда қосу керек еді

466

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газетіндегі «Тараз қаласының тұрғындары қайтсе көбейеді?» атты мақала менің көңіліме үлкен серпіліс берді. Автор кейбір адамдардың айта алмай жүрген ойын жинақтап облыс пен қаланың келешегі туралы нақтылай дәлелдер келтіріп, өз ойын ортаға салыпты. Астанада өткен «Global Chaiitnges Summit-2018» форумының жиынында әңгіме болған урбанизацияға қатысты мәселе бойынша Тараз қаласының егеменді ел болғалы халқының саны аз өскендігін нақтылай фактілермен егжей-тегжейлі жазған. Автор көтеріп отырған мәселесін бір сөйлеммен тұжырымдап: «Облыс халқы мен оның орталығындағы халқының саны көбеймейінше жер жаһандағы аттары мәшһүр алып мегаорталықтарға ұқсап көгерем, көркейем және кемелденем деп кеуде керу ұшқарлыққа жатады», – дейді. Осы бір сөйлемнен газет бетінде көтерілген мәселенің барлық мәні көрінген. Қаламгердің қала болашағын ойлап көне Тараздың өсу жолдарын ізденіспен жазған еңбегіндегі ұсыныстарды аяқсыз қалдырмау ендігі жерде жергілікті билік басшылығының еншісінде. Сондықтан осы мақалаға орай өз ойымды айтқым келіп отыр.

Нұрмахан ШАУХАРОВ,
ауданның Құрметті азаматы.

Қалаға іргелес ауылдарды түгел қозғамай, Тараз қаласына кірігіп жатқан Қызыл жұлдыз ауылы туралы ғана айтсам деймін. Ол басында Жамбыл ауданының қарамағында болған, кейіннен Свердлов ауданына берілді (қазіргі Байзақ ауданы). Көп ұзамай Жамбыл ауданына қайта қосылды. 1996 жылдан бері екі ауданның қарамағында болды. Жер – Жамбыл ауданына, бюджеттік мекемелері – Байзақ ауданына қарайды. Осы мәселе кезінде көп көтерілді, бірақ шешімін таппады. Мен мұны облыс басшыларының алдына сол кездің өзінде үлкен мәселе етіп қойдым, бірақ еш өзгеріссіз қалды.
Қызыл жұлдызға қарасты жердің көп бөлігі Тараз қаласының жер қатынастарына өтіп кетті. Әупіріммен Жамбыл мен Байзақ ауданының әкімдері мен мәслихаттарының шешімімен 460 гектар жер Байзақ ауданына берілді. Қызыл жұлдыз ауылын Таразға қосу туралы облыс әкімдігінің жанынан беделді комиссия құрылған. Ол уақытта облыс әкімі Бөрібай Жексембин болатын. Амал не? Ол жолы да игілікті іс аяқсыз қалды. Қанат Бозымбаев әкім болып тұрғанда осы мәселе туралы облыс әкімінің жылдық есеп беру жиналысында сұрақ қойдым. Мен көтерген мәселе бойынша Тараз қаласының, Байзақ ауданының, Жамбыл ауданының әкімдерін орындарынан тұрғызып жауап берулерін өтінді. Маған: «Сіз қанағаттанасыз ба?» – деп сұрады. Мен қанағаттанбайтынымды айттым. Осы мәселе бойынша облыстық «Aq jol» газетінің бірінші бетінде менің «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деген сын мақалам шықты.
«Бәрін айт та бірін айт» демекші, Тараз қаласына іргелес Қызыл жұлдыз ауылында 6 мыңға жуық халық бар. Қалаға іргелес болғандықтан халық көшіп келушілердің есебінен өсуде. Үйленіп, өзінше отау құрған отбасылар жер алып, үй салайын десе Қызыл жұлдыз ауылдық округінің бір сүйем жері жоқ. Тараз қаласы болса да жер бермейді, «себебі сен қаланың адамы емессің, ауылдың адамысың», – дейді. Бірер азаматтар мал ұстағанымен жайылымы жоқ. Олар малын таңертең қала жаққа қарай айдап, бұрынғы мал базар жаққа мал жаяды. Өтетін бір-ақ жол, бір-ақ көпір бар. Ол автобекеттің алдында, яғни Сарыкемер мен Алматыға баратын жолдың қиылысы. Ауылдың төрт түлігі екі жақтан келіп жатқан көліктерге кедергі жасап, ылғи кептеліс тудырып жатады. Ондайда көліктер соғысып, жол апаты және адам шығыны болуы әбден мүмкін. Әрі мал болған соң қалаға кіреберіс жолдарды ластайды.
Екінші мәселе, Қызыл жұлдыздағы мектеп мұғалімдерінің 90 пайызға жуығы Тараз қаласында тұрады. Бірақ олар соған қарамастан, Қызыл жұлдыздың ауыл мәртебесінен айырылмауын қалайды, себебі ауылдық мектеп ретінде жалақысына 25 пайыз қосылады. Ауылдық дәрігерлік амбулатория бас дәрігерінен бастап негізгі дәрігерлер де қалада тұрады. Қызыл жұлдыз ауылының әкімі – Сарыкемерде, ал мекеме ұжымының жартысы қалада тұрады.
Мемлекет жергілікті әкімдікті өзін-өзі басқаруға көшіруді қолға алып жатыр. Сонда бұл ауыл келешекте қалай күн көреді? Азын-аулақ салықтан басқа қандай кірісі бар? Мемлекеттен дотация сұрай ма, не істейді? Нұрбаев деген азаматтың «Rola» атты жекеменшік шаруашылығынан басқа көзге көрінер еш нысан жоқ. Басқа шаруашылықтар сияқты әкімшілік не малмен, не егіспен, не қант қызылшасымен айналыспайды. Сонда бұл ауылдың болашағынан не күтуге болады?
Аз ғана топтың жеке бастарының мүддесі үшін, отырған жылы орнындарынан ажырамауы үшін жалған көз бояушылықты жою керек. Мақаланы қолдап, газет бетінде үн қосқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев айтқандай, облыстың, Тараздың өсуіне барша жұрт болып атсалысуымыз керек. Бір күндік тіршілікпен өмір сүрмей келешегімізді, болашағымызды ойлауымыз керек. Тараздың өсетініне мен сеніммен қараймын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 6 айдың ішінде үлкен істер атқарды. Алда орындалатын үлкен жұмыстардың жоспары жасалып, орындалу үстінде.
Әкімдік жүйе пайда болғалы облысымызды 7 әкім басқарыпты. Әрине, барлығы жұмыс істеймін деп келеді, бірақ істелмегені қанша?!
«Aq jol» газеті мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Қала халқы өссе, өндіріс орындары пайда болса, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық жайлар көбейсе жастар да, жасамыстар да ешқайда кетпейді. Бәріне жұмыс табылады. Тараз – 2 мың жылдан астам тарихы бар Жібек Жолы бойындағы бірден-бір ежелгі қала. Осыны тереңнен ойлай отырып Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығын Тараз қаласында өткізу туралы шешім қабылдауы көрегендік, тарихымызға бетбұрыс жасау деп білемін.
Тараз қаласының өсуіне, көркейіп гүлденуіне мен сенемін. Оған барлық мүмкіншілік бар. Қытай халық Республикасының Сиян провинциясында Жібек Жолына байланысты тиісті мемлекет оқымыстыларының форумында өткен жиында Сиян университетінің ректоры (аты-жөні есімде жоқ) өзінің көкейкесті сауалын академиктер мен ректорларға: «Жібек Жолымен өтетін тарихи басты қала қайсы?» дегенде бәрі бірауыздан «Тараз қаласы» деген екен. «Онда мен өз қаражатымнан сол Жібек Жолындағы ежелгі қала – Тараздан халықаралық университетін ашамын» деген. Бұл – үлкен баға болып табылады.
«Aq jol» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер К.Сәттібайұлының мақаласында айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, бірінші кезекте Қызыл жұлдыз ауылын Тараз қаласына қосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов кешіктірмей қолға алады деген сенім мол.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support