- Advertisement -

Жел сөзге емес, жөн сөзге ерейік

1 419

- Advertisement -

Біз – қызық халықпыз. Кез келген істің байыбына бармай, байбалам салуға бейімбіз. Көз жетпей жатып, ақты қаралауға, қараны ақтап алуға дайын тұрамыз. Желсөзге келгенде ешкімге есе жібермейміз. Білмеген дүниемізді оңды-солды сапырғанда, көпті көргеннің өзін тосылдыратынымыз да содан. Әлбетте, бәріне топырақ шашудан аулақпын. Әйтсе де ортамызда озғанды шалатын, жөн айтқанға кері пікір, қияңқы ой білдіріп, кесірін тигізбей жүре алмайтын кейбір жатыпатарлардың бар екені жасырын емес. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, бүгінде қарасы қалыңдаған сол кертартпалардың зардабы ел дамуына теріс әсер етіп жатқаны елжанды азаматтардың жанына батады.

«1986 жылғы желтоқсанның шындығы айтылмай жатыр. 16 желтоқсан – ұлттық аза тұту күні болу керек. Осы оқиғаға ел басындағы азаматтардың да қатысы бар, содан соң мейрам күні етті», – деп бөсіп, соған талайды сендіріп жіберген «білгіштерді» көргенде, қайран қаламын. Бізге санасы біртұтас мемлекет қалыптастыру қажет. Алайда «квартиранттық» сана басым болып тұрғанда, ол мүмкін бе? Мұның соңында мемлекетімізді екіге бөлу қаупі тұр емес пе?! Сол бізге керек пе? Қайта Президент біртұтастыққа бастайтын жалпыға бірдей мейрам ретінде белгілеп, 17 желтоқсанды – Тәуелсіздік күні деп атау арқылы қиыннан қиыстырып отыр.
Алға дамуға үндеген бастамаға қарсы шығып, керітартқан кезіміз бұл ғана емес. 2000 жылдардың басында «Үш тұғырлы тіл» саясаты көтерілгенде де солай еттік. «Қазақты құрту деген осы» дескен ел сенген азаматтар үлкен дау шығарды. Осы дүрмекке бастапқыда өзімнің де ілескенімді жасырмаймын. Кейіннен сараласам, керісінше қазақ тілінің ауқымын кеңейтетін нағыз қажетті бастама екен.
Олардың «қазақстандық ұлт» қазақты ұлтсыздандырып, жойып жіберудің құралы» дегендері де негізсіз. Бұл – санамызды да, санымызды да біртұтас етудің тиімді жолы. Сол арқылы «Қазақ елі» атанып, мемлекетіміздің атауын ауыстырғанда, бөліп алып, билегісі кеп жүргендерге тоқтау салар едік.
Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері ауызбен орақ орып, құс ілгендер ел үшін бір шыбық сындырмай-ақ «батыр» атанып, Елбасыға қарсы, еліміздің болашағына томпақ әрекеттерін тыяр емес. Балақтан тартқан ондайларға мән бермей келе жатқан Тәуелсіз еліміз талай биіктерді бағындырып, көкігіштердің ойлағандары орындалмай келеді.
Бізде демократия деген ұғым басқаша бұрмаланып кеткен секілді. Сөз бостандығы болғаны дұрыс, бірақ кім көрінген аузына келгенін айтып, ел мүддесі үшін тер төгіп жүрген тұлғаларға тас лақтыра берген жақсы іс емес.
Ел болған соң ішінде «есерлері» болмай тұрмайды. Десек те тұтас халықтың татулығына, болашағына қауіпті пиғылдарын пайдаланып, сүрінгенді сөз қылып, жығылғанға жұдырық болып, елді арандату жолында аянбайтындардың күңкіліне көңіл бөлмеген абзал. Біз биікке, асу асқарларға қол созған жас мемлекетпіз.

Дәурен ҮСІПБЕКОВ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support