Әлеумет

Көптен күткен қуанышқа қол жетті

Көптен күткен қуанышқа қол жетті

 width=

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ел аумағында тиянағын тапқан талай тірліктер асыл мұраттар мекеніне айналған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына шашу болып шашылып, халықты қуанышқа бөлеуде. Осынау шапағаты мол бастаманың шуағы ауданымыздың аумағына да түсіп, бір топ ауыл тұрғындары баспаналы болды. Анығын айтқанда, Аса ауылындағы «Бәйтерек» алқабында бой көтерген көп қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. «Бином» құрылыс компаниясының құрылысшылары тұрғызған осынау еңселі үйдің ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пәтер иелеріне кілт тапсырып, құттықтады. Текті тілекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев та жеткізген. Қос басшының лентаны қиғаны сол екен, ақ жаулықты әжелер шашу шашса, аудандық Мәдениет үйінің әншілері әсем әндерін төкті. Негізі, пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған толық емес отбасы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. – Мен өзімді бүгін бақытты сезініп тұрмын. Бұл күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды. Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлына және осы жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз ризамын, – деді ІІ топтағы мүгедек санатындағы ауыл азаматы Нұрдос Әліқұлов. Осындай қуанышын Бекзат Тоқтасын, Айгүл Орманова, Нұржамал Ахмет, Алуаш Әуелбаева, Айсұлтан Махсетов, Ақнұр Жұбаева, Құралай Бекібаева, Әсел Асанова, Салтанат Иманбекова, Әсем Нұрмаханова, Бақыткүл Төлебекова, Гүлім Қырықбаева және Камила Коригова да жасыра алмады. Әрине, қуаныш иелеріне қоныс тойы құтты болсын дейміз.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.