Демалыс орталықтарында жүріп-ақ ағылшынша үйренуге болады
Демалыс орталықтарында жүріп-ақ ағылшынша үйренуге болады
Әні-міне дегенше тағы бір оқу жылы артта қалды. Тоғыз ай бойы сөмке арқалап, білім алу үшін тынымсыз ізденіп, тер төккен оқушылар енді үш ай алаңсыз тынығуды жөн санайды. «Асфальтта өскен» балаларға жаздыгүні ауылдағы ата-әжесінің үйінен артық жайлы демалыс орны жоқ. Ал даланың қым-қуыт тірлігінен шаршағандар каникулды пайдаланып, қалаға бетке алатыны тағы белгілі. Дегенмен бұл екеуінен де артығы – сауықтыру шаралары қамтылған табиғат аясындағы лагерлер. Өйткені олар онда ойын ойнап қана қоймай, дүниетанымдарын кеңейтіп, жаңа достар табады. Қалалық білім бөліміне қарасты сенімгерлік басқаруға берілген «Рауан» балаларға арналған жазғы демалыс орталығы – балғындар үшін сондай таптырмайтын ғажап орынның бірі. Әрбір демалыс маусымында мұнда 1800 оқушы бас қосып, бос уақыттарын денсаулыққа пайдалы сергіту шараларына арнайды. Сондай-ақ мұнда ой-өрісті дамытатын оқыту курстары да ұйымдастырылады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев аталған демалыс орнына арнайы барып, осы шаралардың барысымен танысты. Мұратхан Жүнісәліұлы жазғы демалысты жайлы өткізіп жатқан балаларға тіл үйретуге жазғы лагерлер тиімді екенін айтады. Себебі мұнда төрт-бес сағаттық сабақ емес, тіл курстары қызықты үйірме ретінде өткізіледі. Сондықтан жазғы демалыс – «Рухани жаңғыру» және «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде ағылшын тілін ауызша сөйлеу дағдылары бойынша меңгертетін партияның «Тілдердің үштұғырлығына өту» бастамашыл жобасын жүзеге асыруға бірден-бір қолайлы уақыт. – «Рухани жаңғыру» және партия жобасының аясында үштілділікті оқыту қолға алынуда. Биыл жазғы демалыс лагерлерінде 3000-нан аса оқушы ағылшын тілін үйрену үйірмелеріне тартылатын болады. Қазірдің өзінде қалалық білім бөліміне қарасты «Рауан» демалыс орнында көңіл қуантарлық жұмыстар атқарылып жатыр. Мектеп мұғалімдері мен еріктілер тобы балаларға ағылшын тілінде дәріс беруде. Жалпы ағылшын тілін білудің бәсекеге қабілеттілікті арттыруда, сондай-ақ ақпаратты игеруде маңызы зор. Елбасының бізге жүктеген басты міндеттерінің де бірі – осы. Өңіріміздегі лагерлерде балалардың ағылшын тіліне қызығушылығын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Болашақта да бұл шараларға ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер, жоғары оқу орындарының студенттері мен еріктілер тартылатын болады, – деді Мұратхан Шүкеев. Демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Наталья Корнийчуктің айтуынша, дәл қазір мұнда 293 бала демалып жатыр. «Біздің демалыс орталығында балалар үшін бар жағдай жасалған. Олар топқа бөлініп, әртүрлі қызықтар ойындар ойнап, ағылшынша сөйлеуге күш салады. Айта кету керек, біздегі балалар ағылшын тілінде сәлемдесіп, жөн сұрасып реті келсе, ортақ әңгімелер айтатын деңгейге жетті. Аптасына 3 күн ағылшын тілін меңгеруге жұмсалады. Әрине, балалар ағылшын тілін мектепте оқитыны белгілі. Алайда бізде өткізген 12 күн ішінде олар сол білімдерін толықтыруда», – деді ол. 14 жастағы Сымбат Дәулетова 2 жылдан бері әр жаз сайын осында демалып, өзі секілді оқушылармен бірге уақытын тиімді өткізіп келеді екен. «2016 жылдан бері осы лагерге келіп демаламын. Тәлімгерлер мен тәрбиешілеріміздің арқасында мұндағы әрбір сәтіміз қызыққа толы. Тіл үйрену курсында ағылшын тілін оқып жатырмын, деңгейім орташа. Шет тілін жетік білуіме мектептен соң, осы лагердің қосып жатқан үлесі зор. Себебі, мұнда біз ағылшын тілінде рапорт тапсырамыз. Амандасамыз, қоштасамыз. Өлең жаттап, ән саламыз», – дейді үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп оқушысы.
Есен Өтеулиев
Жамбыл ауданы.