Әлеумет

Тараздың түнгі көрінісі көңіліңізден шыға ма?

Тараздың түнгі көрінісі көңіліңізден шыға ма?

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72273,72274,72275"]

Облыс орталығының күндізгі тыныс-тіршілігі жайлы, қаланы көркейту, сәулеттендірудегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыс барысын, шешімін күткен мәселелер туралы «Aq jol»-да аз жазылып жатқан жоқ. Тараздың түнгі көрінісі қандай? Ежелгі шаһар көз байланып, қас қарайған шақтан бастап қандай күйге түсетінін білу мақсатында халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы және шет аймақтардағы түнгі тіршілікпен таныстық.

Бірінші атбасын бұрған жер – темір жол бекеті. Ары-бері ағылған пойыз қозғалысы толастаған сәтке тура келгендіктен бе, мұнда кісі қарасы аз. Бекеттегі касса, күзет, басқа да қызметтер өз шаруаларын алаңсыз атқарып жатыр. Осы темір жол бекетінің алдына архитектуралық бір ансамбль сұранып-ақ тұрғандай. Редакцияға қоңырау соғып немесе хат жазып хабарласып жататын, туған қаланың бүгіні мен ертеңіне бейжай қарай алмайтын ойлы оқырмандарымыз әртүрлі ұсыныс айтады. Бірі тарихи тұлғалардың бірінің ескерткіші орнатылса десе, енді бірі ежелгі қаланың қақпасы болғандықтан, көнеден сыр шертетін жәдігерлік экспонаттар қойылса деген ойын білдіреді. Оны енді көпшіліктің пікірін ескере отырып, облыс, қала билігі шеше жатар.

Қаланың күнбатыс жағындағы «Тараз» автобекетіне бару үшін Байзақ батыр, Аққозиев көшелерімен өттік. Көшелердің бір жағына орнатылған жарықтың қуаты аздықтан ба, болар-болмас қана сәуле түсіп тұр. Аз жарықтың өзі бағана бойынан да биік өсіп кеткен тал-дарақтан әр жерден бір көрінеді. Фурманов көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысына келгенде қараңғылыққа еніп кеткендей болдық. Тіпті осы қиылыстағы бағдаршам да жұмыс істемейді. Оның сансыз қойылған бағдаршамдарды «өшіру» тізіміне ілініп кеткенін, не болмаса істен шыққанын біле алмадық. Тас қараңғыда жөн сұрайтын адам жоқ. Біршама жүрген соң тараздықтар «бүкір көпір» атап кеткен көпірмен өттік. Осы құрылысты Қазақ хандығының 550 жылдығында облыстардың бірі қайтадан жаңғыртып, тарту еткен дейді. Бетон төсеніштерінің жалғанған жерлері көлікті дір-дір еткізіп, шек қарныңды түсірердей. Тойға тарту ретінде тегін жаңартылған нысан болғандықтан, оны сол облыстың құрылысшылары келіп қайтадан тақтайдай етіп жөндеп бермейді. Онда қалалық әкімдіктің тиісті мекемелері неге қолға алмасқа? Автобекеттің қарсы алдындағы жол үсті түннің бір уақыты болса да сапарлаған жолаушыға толы. Алматы қаласы мен Қордай, Шу, Меркі тағы басқа осы жолмен жететін ауылдарға бағыт алған адамдар жаз мезгілі күн ыстық болғандықтан, жолға түнделетіп шыққанды жөн көргендей. Жолаушыларға арналған үлкен жайда қоғамдық көлікке арналған арнайы алаң болғанымен жолдың арғы-бергі жағында Алматыға бағытталған үш бірдей автобус тұр. Маңайында қараңдаған жұрт көп. Әйтеуір осы бағыттағы жол бойында тәртіп орнамай-ақ қойды. Жол үстіндегі көрінген көлікке қол көтерген жолаушыны сансыз ағылып жатқан көлік қағып кетіп, мерт қылар ма екен деп алаңдайсың. Жамбыл қанша дегенмен қаланы қақ жарып жатқан үлкен даңғыл ғой. Екі бағытта да әрі-бері ағылған көлік көп. «Тараз» қонақ үйінің тұсынан өтіп бара жатып, өз заманында өзгеше бір архитектуралық ерекшелікпен салынған ғимаратқа көз тастадық. Бас аяғы «Тараз» деген бес әріптің бір әрпі өшіп қалғанын, не түсіп қалғанын білмедік. Осы нысан баяғыда жекешенің қолына өтіп кетті-ау, түн жарымда кімнен жөн сұрарсың. Қаланың басқа аймақтарында кісі аяғы басылған. Қалаішілік автобустардың алды кешкі cағат 8-ге жетпей-ақ тоқтай бастайды да қонаққа, той-думанға бара жатқан тойшыл қауым жол бойы көрінген көлікке қол көтереді. Таксистер мен кісі тасып нәпақасын табатын жүргізушілердің «қолы» осы мезгіл мен той тарқаған соң жүреді. Той деп қалдық, Рамазан айы бітісімен бір ай бойы есіктері жабық тұрған тойханалардың қаңырап, бос тұрғанын көрмедік. Осы тойханалардың иелері жергілікті бюджетке тиісті салығын қаншалықты төлеп отыр екен? Рысбек батыр көшесінің бойындағы бір жағы қисайған аялдамадан өтіп, қалалық №1 ауруханаға келдік. Мақсат – науқастарды қабылдау бөліміндегі ақ халатты абзал жандардың түнгі тынымсыз қызметімен танысу. «Жедел жәрдем» көлігі ауруханаға ауыр науқастарды жеткізуде. Түн мезгілінде қанша науқастың жеткізілгені, олардың қандай жағдайға душар болғаны туралы сұрағымызға кезекші дәрігер ондай сұраққа жауапты бас дәрігер ғана береді деді. Бар айтқаны түнгі кезекшілікте алты дәрігер, осынша медбике және тазалаушы еңбек етіп жатқанын жеткізді. Ондағы біздің ойымыз түн мезгілінде жол-көлік, басқа да түрлі оқиғалардан жұртты сақтандыру еді. Денсаулық сақтау саласы қызметінің өзі құпия болған соң, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін мекемелердің түнгі ауысымындағы қарбалас тірлігінен ақпарат алудың қиындығын сезіп, қаланы аралауды әрі қарай жалғастырдық. Екінші және бесінші шағын аудандардағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қараңғылықтан табан жолыңды көрудің өзі мұң. Ұрлық-қарлықтың жиі орын алатын жерлері осындай мекендер. Пәтерді үптеп кетумен қатар, аулада түні бойы тұратын жеңіл көлікті айдап кету кәнігі баукеспе ұрыларға түк емес. Соны біле тұра талай азамат ауладан бос орын тапса көлігін қойып кете салады. Сегізінші шағын ауданның тараздықтар «Тайвань» атап кеткен жеке секторында да жарықтанбаған көшелер бар. К.Цеткина мен Менделеев көшелері көз түрткісіз қараңғы. Менделеев көшесінің қиылысындағы терең етіп қазылған арық қоршалмаған. Осы көшені қиып жатқан көше бойындағы ауызсу құбыры құдығының қақпағы жоқ. Мынадай тас қараңғыда адам түсіп кетуі мүмкін. 7 ноябрь көшесінің жарықтандыруы былай тұрсын, әлде су, әлде газ құбырын жүргізген мердігер мекеме көшенің астаң-кестеңін шығарып кетіпті. Осы ойдым-ойдым көше бойымен келе жатып үш қабатты ғимаратқа тірелдік. Қанша жыл өтті, осы жайдың бос тұрғанына. Біздің ойымызша, жекешеленіп кеткен ғимарат болуы мүмкін. Жүріп өткен жол бойларынан да, әлгі бос ғимараттың маңынан да қыбырлаған бір жан көрмедік. Туған қаламыздың түнгі көрінісімен таныса келе, үшінші шағын аудандағы «Ерлік» мемориалдық кешеніне тоқтадық. Самаладай жарқыраған жарығы көңілді бірден көтерді. Сағат тілі 24-ті көрсетіп, тәулік ауысып жатса да кісі қарасы қалың. Әжесін жетектеген немересі, сәбиін құндақтаған жас ана, топ-тобымен жастар жүр. Бір тобы қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішінің алдындағы «Мәңгілік алау» жанында суретке түсіп жатса, енді бір тобы Жамбыл жерінен соғысқа аттанған жауынгерлердің есімдері жазылған тақтаға көз жүгіртуде. Орындықтарда демалып отырғандар да көп. Жауынгер аталар мен әкелер, апалар рухына тағзым ететін қасиетті кешенде тәулікті біз де қарсы алдық.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Амангелді Әбіл