Елбасы Астана маңындағы «жасыл белдеуді» аралады
Елбасы Астана маңындағы «жасыл белдеуді» аралады
Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, «Жасыл ел» жасағының жастарымен де әңгімелесіп, ақыл-кеңес айтты, қырғауылдар ұшырды.
Назерке Әбдірахманқызы, тілші:
– Астанамен бірге көркейген «жасыл белдеудің» аумағы қазір 83 мың гектардан асты. Кезінде жел тұрса, тамыры шыдас бермей үзіледі деген көшеттер бүгінде саялы бәйтерекке айналды. Осыдан 21 жыл бұрын бұған күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ уақыттың өзі күдікті сейілтті. Талаптансаң, тал терек түгілі тұтастай орман жасауға болады. Айтса сенгісіз, бірақ бұл көріністерді ешкім жоққа шығара алмас. Ағаш ексең, шыға беретін құнарлы жерде емес, топырағы тұзды, сазды далада қолдан жасалған орман. Әрине, ғылым болмаса мұндай ауқымды жобаны іске асыру әсте мүмкін емес. Мына жайқалып тұрған ағаштар еліміздің барлық аймағынан әкеліп отырғызылды. Қазір мамандар тіпті бізде жоқ көшет түрлерін шет мемлекеттерден әкеліп, егіп жатыр. Бүгінде мұнда талдың 117 түрі өседі. Осылайша орманның ауқымы жыл санап ұлғайып келеді. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі аймақтың дамуы Елбасының жеке қадағалауында. Президент жылда қауырт жұмыс кестесіне қарамастан, бұл маңға арнайы келіп, ағаш егеді.
Орманның көркеюіне «Жасыл ел» жасағы да 2005 жылдан бері атсалысып келеді. Оқушылар мен студенттер жазғы демалыс уақытын құр өткізбей, көшет отырғызып, пайдалы іспен айналысады. Әрі табыс табады. Бүгінде Астанада мыңға жуық жасылелдіктер көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына араласып жүр. Ерінбей еңбек етіп, Елбасының алғысына бөленген бұл жастардың есінде бұл күн ерекше сақталары сөзсіз.
Асхат Налшыбек, студент:
– Бүгін ерекше сезімдемін, себебі Президенттің жанында тұрып, тал отырғыздық.
Жасыл желек іші аң мен құсқа да толы. Марал, елік, қоян, түлкі, суыр мен борсыққа дейін бар. Құстың да бірнеше түрі ұшып жүр. Соның бірі – Астананың ауа райына төзімді қырғауыл. Орманшылар осыдан 8 жыл бұрын 125 бас қырғауыл әкеліп көбейтті. Санаулы уақыт ішінде оның саны 10 мыңға жетті. «Табиғат санитары» деп аталатын бұл құс ағаштарды зиянкестерден қорғайды. Орманға пайдасы мол. Содан болар, жылда Елбасының алдында қырғауылдар ұшырылады.
Бастысы жасыл желек Астананы желдің өтінен қорғап тұр. Сарыарқа төсінде сарышұнақ аяз бен ұйытқыған боран мен жаздың шіліңгір ыстығындағы жел біршама сабасына түсті.
Президент аймақты тікұшақпен де аралап көріп, жасыл белдеуді одан әрі дамыту мәселесін пысықтады. Басты міндет – туризмді дамыту. Бүгінде бұл маңда түрлі демалыс орындары бой көтеріп, елордалықтардың тынығуына қажетті жағдай жасалуда. Соның бірі Астана күнінде ашылады.
Руслан Шамкенов, демалыс аймағының бас директоры:
– Біз «жасыл белдеудің» даму жоспарын көріп, осындай демалыс орнын аштық. 1 жыл ішінде 2700 тал отырғыздық. Бұл кешен жеке инвестиция есебінен тұрғызылды. 80 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Қысы-жазы жұмыс істеп, тұрғындардың тынығуына арналған түрлі қызмет түрлерін көрсетеміз.
Астанадан бастау алған «жасыл белдеу» бүгінде Бурабайға дейін жетті. Қазір Сингапур сынды тұтастай бір мемлекеттің жер көлемімен пара-пар. Ал алдағы 2 жылда орманның аумағы 100 мың гектарға жетуі тиіс.
Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы, Марат Диханбаев
ақпарат көзі: 24.kz