Бір өкініш, бір қуаныш
Бір өкініш, бір қуаныш
Біреуді өкіндіріп, біреуді қуантып ҰБТ да өтті. 20 маусымда басталған бірыңғай тестілеуді жамбылдық жас түлектер 5 лекте тапсырып бітті. Тестілеуге қатысуға өтініш берген 6082 түлектің 6048-і тестілеуден өтіп, мектеп бітірушілердің жалпы санының 99,4 пайызын құрады. Ал қатыспаған 10 оқушы денсаулығына байланысты босатылса, қалған 24-і соңғы сәтте сынақ тапсырудан бас тартқан. Мамандар биыл ҰБТ облыста тосын оқиғасыз, тыныш өткенін айтады. Расында бірер жыл бұрынғыдай, «Есік-терезені тұмшалап, ұл-қызымызды дәретханаға да шығармай қойды» деп шағым жасаушылар болған жоқ. Әйтсе де шынайы білімді тексеруде қанша жерден «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермедік десе де, ұялы телефонның бірнешеуін «тығып» кіріп, «селфилетіп», «Инстаграмда» «тікелей эфирге» шыққандар да бар. Атын атап, түсін түстемегенімен, қазір талапкерлер өз аудиториясындағы «жүрек жұтқандардың» әрекетін «жыр» қылып айтып жүр. Тіпті аудандардың бірінде алғашқы лекте тест тапсырған бір түлек ҰБТ-ны ұмытқаны соншалық, ұялы телефондағы ойынның қызығына түсіп кеткен. Оның бұл әрекетін бейнекамерадан байқап қалған комиссия мүшесі қатаң ескерту жасапты. Қош, сонымен жамбылдық түлектер арасында ең жоғары нәтиже 5-лекте тіркелді. Үш қана сұрақтан қателескен талапкер – Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы орта мектеп түлегі Ақылжан Уралов. Сөйтіп ол алғашқы күндерде-ақ 136 балл жинап, үздік екендіктерін дәлелдеген Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназияның түлегі Ұлдана Әбілова мен Мойынқұм ауданындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның шәкірті Аружан Мақсұтбекқызы және облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің бітірушісі Қарлығаш Махұлбекова мен Байзақ ауданындағы Көктал орта мектебінің оқушысы Асылзат Дәуренқызының қол жеткізген көрсеткішінен бір балға асып түскен. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ҰБТ-ның орташа балы 89,4-ті құраған (2017 жылы – 77,9 балл). 2141 түлек 100-ден жоғары балл жинаса (2017 жылы – 1293 түлек), 5411 мектеп бітіруші шекті деңгейден өткен. Білім мекемелерінің ішінде жоғары көрсеткіш – 123,9, «Дарын» мектеп-интернатының түлектеріне тиесілі. Ал Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының бітірушілерінікі – 112,9 балл. Облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп шәкірттерінің жетістігі – 111,6 балл. Одан кейінгі орында 106,9 балмен Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернаты тұр. Аудандар арасында 100,6 орташа көрсеткішпен Байзақ ауданы алда. 99,7 балмен Жуалы ауданы екінші орынға шыққан. Жуалылықтардан сәл ғана балл айырмашылығымен жамбылдықтар үшінші сатыға жайғасқан. Биыл меркіліктердің де нәтижесі жақсарған. Мойынқұмдықтар мен тараздықтарды алға салып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда осы жылы әупірімдеп жүріп Т.Рысқұлов ауданының түлектері де көрсеткіштерін біршама түзеген. Сала мамандары үшін басты жетістіктің бірі қордайлықтардың соңғы үштіктің қатарынан алға жылжуы болса керек. Осылайша түлектері орташа 82,8 балға қол жеткізген Қордай ауданы Талас, Сарысу, Шу аудандарын артқа тастап отыр.
Ардақ Үсейінова