Құланға көрік берген жаңа ғимарат
Құланға көрік берген жаңа ғимарат
Еуразияның жүрегіндегі әсем қала Астананың 20 жылдығын бүкіл халық салтанатты жағдайда атап өтетін болады. Ал биыл Т.Рысқұлов ауданы үшін екі бірдей қуанышты мерейтой болмақ.
Астананың 20 жылдығы мерейтойы ауданның құрылғанына 80 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы айтулы мерейтойларға орай аудан орталығы Құлан ауылынан 160 орынды Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Кешен құрылысы 2017 жылы 15 наурызда басталып, 2018 жылы маусымда аяқталды. Бас мердігер – «Нұр Тұрсын» ЖШС, басшысы – Талғат Тұрсынмұратов. Бұл кешенде аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына, саламатты өмір салтын насихаттауға, аудан тұрғындарының тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуына, бұқаралық-спорттық іс-шараларды ұйымдастырып өткізуге бар жағдай жасалған. Құлан ауылында туған Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ермахан Ыбрайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сияқты даңқты жерлестеріміздің дара жолын жалғастыратын спортшылар осы кешен қабырғасынан тәлім алып, биіктерді бағындыратынына сенім мол. Қоғамның басты байлығы – азаматтары, ал әр азаматтың денсаулығын нығайтуда спорттың алар орны ерекше! Қазақстанның әрбір азаматын бала жастан дене тәрбиесімен айналысуға тарту – үлкен мемлекеттік міндет әрі Елбасының алға қойған басым бағытының бірі. Сондықтан да бұқаралық спортты, оның ішінде балалар мен жастарды спортқа тартуға көп күш салу, оны сапалы жүзеге асыру – басты меже! Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі А.Қырықбаев пен әкімдік аппарат қызметкерлері, аудан жұртшылығы, бөлім мен мекеме қызметкерлері, спортсүйер қауым, жастар мен спорт мектептерінің жеткіншектері, ардагерлер мен білім қызметкерлері қатысты. Бұл кешен айтулы жеңістер мен Олимипиада ойындарына сақа саңлақтар даярлайтын құтты мекенге айналсын деген игі тілектерін білдірген қалың жұртшылық облыс әкімдігіне де алғыстарын жеткізді. Спорт жанашырлары жастарымыздың тек жеңістеріне куә болайық, ол үшін жас жеткіншектерді спорттың сан түрінен даярлауға ерекше мән беру керектігін айтты.
Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі.