Әлеумет

Абайды ардақ тұтқан Зейнолладан дәріс алдым

Абайды ардақ тұтқан Зейнолладан дәріс алдым

Адамның өмірінде есте қалар сәттері аз болмайды. Басқалардан адамгершілік тінін, жылылық көрген кездер де ойдан шықпайды екен. ҚазМУ-дың «Журналистика» факультетінде оқып жүрген кезімде (бес жылда) көптеген қызықты, көңілді жадыратар сәттерді бастан өткеріппін, қуаныппын, өрлеппін, биіктеппін. Бір сөзбен айтқанда, алға жүруге талаптаныппын. Сондай бір әсерлі, есте қаларлық оқиға журналистика мамандығын таңдап, сол жылдарғы елдегі жалғыз университетке оқуға емтихан тапсырған кезімде болған еді. Ол кезге дейін Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп үлгергенмін.

Университетке оқуға түсу үшін құжаттарымды тапсырған соң, бір айлық дайындық курсында оқыдым. Емтиханды асыға күттім. Әдеттегіше, 1973 жылы да жазғы емтихан қабылдау бірінші шілде күні басталған. Жазбаша емтиханда еркін тақырыпқа шығарма жазуды жөн көрдім. Емтихан қабылдау университеттің сол жылдардағы бас корпусындағы үлкен акт залында жүрген. Еркін тақырып «Менің болашақ мамандығым» деп аталған. Өз біліміме сеніп келгендіктен, еш алаңдамай, ойларымды қағазға түсірдім. Жазбаша жұмысыма 4/5 деген баға қойылыпты. Тексерген, кейін білдім, Рымғали Нұрғалиев екен. Әдебиеттану ғылымына өз үлесін қосуға барынша тырысып жүрген жас ғалым кейін филология ғылымының докторы, академик болды. Ол туралы филолог Құныпия Алпысбаев «Егемен Қазақстан» газетіне (29 мамыр, 2015 жыл) «Сырлы сөздің саңлағы» деп, көлемді мақала жазды. Қызық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауызша емтихан тапсырған кезде болды. Емтихан тапсыруға алғашқы топпен кірдім. Төрдегі столда екі адам отыр. Біреуі толық денелі, егде, келбетті кісі де, екіншісі – ақ көйлек киген жастау жігіт. Абитуриенттер бір-бір билет алып, аудиториядағы парталарға жеке-жеке отырдық. Екі жігіт бір партаға отыра беріп еді, жас емтихан қабылдаушы оларға бөлек отыру қажет екенін ескертті. Билеттегі сұрақтарды мұқият оқып шығып, қажетті сөздерімді ақ параққа жазып алып, жауап беруге дайын отырдым. Әскерде «Жауапкершілікті өзіңе алу» деген түсінік бар. Сондай сезімде болдым ба, қайдам, жауап беруге бірінші боп мен тұрдым. Төрдегі екі кісінің алдындағы партаға барып отырдым. Алғашқы екі сұрақ әдебиеттен еді. Ұмытпасам, біріншісі – Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзі». – Дайынсың ба? – деді келбетті кісі. Өзі кербез сөйлейді екен. – Иә. – Олай болса, айт. Абайдың осы қара сөзіндегі: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – деген сөздерді айтқаным сол еді, егде кісінің жүзінде ерекше ризалық өң пайда бола кетті. Ойларымды таратып айтып шықтым. Үлкен кісі риза болып тыңдады. «Енді екінші сұрақты қоятын шығар?» – деп ойлай бергенімде, егделеу көрінген ұстаз: «Абайдың басқа сөздерін білесің бе?» – деп сұрады. «Білемін», – дедім. Емтихан қабылдап отырған кісі сол екпінмен ұлы Абайдың бес-алты қарасөзін сұрады. Барлығына тиянақты жауап бердім. Екінші сұрақ туралы тағы ойлай бергенімде, кербез сөйлейтін әлгі кісі стол үстінде жатқан үлкен қаламсабын ала салып, маған: «Мен саған бес қоямын», – деп, менің қағазыма бестік бағаны қоя салды. – Менің де сұрақтарым бар ғой, – деді жас оқытушы. – Абайдың барлық қарасөздерін біліп, жаттап алыпты. Ол оқуы керек, – деді үлкен кісі. Дегенмен екінші сұраққа да, қазақ тілінен болған екі сұраққа да жауап бердім. Жас кісі де өте риза болды. Мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ берген Момынқұл Пірәлиев деген мұғаліміміз: «Сен осы біліміңмен институтта да сабақ бере аласың», – деп, бүкіл сыныптастарымның алдында мақтаған болатын. Сол сөздер есіме түсіп, қуанып тұрдым. Ал емтиханда маған сәл ерте бес деген баға қойған маңғаз кісіні кейін білдім. Ол – ұлы Мұхтар Әуезовтің озат шәкірті, филология ғылымдарының докторы, тамаша ұстаз Зейнолла Қабдолов екен. Бірінші курста бізге «Әдебиет теориясы» пәнінен сабақ берді. Тақырып бойынша жан-жақты, терең, соқталы, көркем сөйлеуші еді. Әр лекциясын бірінен-бірі асып түсерліктей етіп оқитын. Мен ол кісінің бір лекциясын да бос жіберген емеспін. Қысқы емтиханда тағы бір «бес» деген бағасын алдым. Әттең, ұстазыма өткен жазда маған қалай «бес» деген баға қойғанын айту ойыма келмепті. Ұлы Абайды аса қастерлеген ғалымдардың бірі осы аса құрметті, абзал көңілді Зейнолла Қабдолов ағамыз болды деп білемін. Айта кетейін, сол жазда үшінші, төртінші емтихандарды да жақсы тапсырдым. Орта мектепте неміс тілінен Екатерина Алексеевна деген ғажап кісі сабақ берген еді. Германия жері – Гете елінің ауасын екі жыл жұтып келгенім бар, дайындығым өте жақсы болды. Тағы бір есімде қалғаны, «Тарих» пәнінен емтихан тапсырарда мүлт кете жаздадым. Үміткерлер екі қатар партада отырғанбыз. Алдымдағы, арқа жағымдағы отырған балалар, тағы біреулері сұрақтарын көрсетіп, «Білесің бе?» дейді. «Білемін», – деп айтып отырып, емтихан қабылдаушыдан ескерту алдым, далаға шығарып жібере жаздады. Солардың бірі Насыр Әуезов деген жігіт еді. «Біз Байекеңмен абитуриент кезден таныспыз», – деп, әзілдеп қоятын-ды... Студенттік өміріміз солай басталды.

Байтанағали ТӨЛЕНТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы.