«Жарамайсың» деп Жас маманды кеудесінен итерме
«Жарамайсың» деп Жас маманды кеудесінен итерме
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71814,71815,71816,71817,71821,71822"] Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Qazaqstan» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Жасұлан Әбдіманаппен сұхбаттасқан едік. – Жасұлан мырза, осы филиалға басшы болып келгеніңізге жарты жылдан астам уақыт өтіпті. Атқарылған дүниелер көрерменнің көз алдында. Кезінде өзіңіз осы телеарнаның «лицосы» болғаныңызды білеміз. Жалпы, осы «лицо» деген ұғымға көзқарасыңыз қалай? – Осында қатардағы қызметкерден бастап аға редактор, жүргізуші редактор, телеарна директорының орынбасары, бас редактор арасында ұлттық арнаның меншікті тілшісі қызметтерін атқардым, кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте де тәжірибе жинадым. Корпорация басшысы Ерлан Тынымбайұлының сенім артуымен осы филиалға басшылық қызметке тағайындалдым. Бұрын мен де әр телеарна «лицосы», яғни келбеті болады деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте бір адамның ғана телеарна «лицосы» бола алмайтынына көзім жете бастады. Мәселен, отыз секундтық ролик жасау үшін қаншама маманның еңбегі пайдаланылады. Телеарнада дикторлар көп танымал болады да, соны біз «лицо» дейміз. Эфирден бір ғана жүргізуші көрінгенімен, оның артында режиссердің, монтажердің, оператордың, эфир инженерлерінің қыруар еңбегі тұр. Жүргізушіні қуыршақтай қылып киіндіріп отырғызып қойғанымен, оның дыбысы, видеосюжеттері дұрыс берілмесе, операторлар сапалы түсірмесе, одан ештеңе шықпайды. Сондықтан бір ғана адам телеарнаның жұмысын сүйреп кете алмайды. Әрине, танымалдылығын арттыруға үлкен септігі тиеді. Сондықтан телеарна «лицоға» қарыз болмау керек, «лицо» телеарнаға қарыз болуы керек деген ойдамын. – Өзіңіз жаңа айтып өткендей, осы жерде еңбек ете жүріп, бірнеше қызметтік сатыдан өттіңіз. Сол кезде филиалға басшы болып келем деген ой болды ма? – Адам армандай білу керек екен ғой, Шынар. Мен осы телеарнаның табалдырығын аттаған кезде осында басшы болуды армандағанмын. Сол арман мені жетеледі. Өзіме мақсат қоя білдім. Осы жердегі аға буыннан көп нәрсе үйрендік. Әлмұхан Исақ ағамыздың кезінде келдім. Бекет Әбілдаұлы алғашқы ұстазым болды. Асқарбек Сейілхан, Есенгелді Төреқұлов ағаларымыз, марқұм Мадина Көбеева апамыз бағыт-бағдар сілтеді. Қалыбек Атжан ұлттық арнада жүрген жерімнен, жас болғаныма қарамастан, өзіне орынбасарлыққа шақырып, үлкен сенім артты. Оны да шама-шарқымызша атқардық. – Қазақ телевизиясының 60 жылдығы аталып өткені белгілі. Айтулы дата аясында қандай тірліктер атқарылды? – Қазақ телевизиясы деп дұрыс айтып тұрсыз. Кейбіреулер мұны «Qazaqstan» ұлттық арнасының ғана алпыс жылдығы деп тар ұғымда қабылдайды. Осылай, бір телеарнаның мерейтойы сияқты, қалған арналар селсоқ қарады деуге болады. Корпорация басшысы Ерлан Тынымбайұлы барлық шаралардың басы-қасында болып, ұйымдастырып жүрді. Корпорацияға қарасты 14 облыстық филиалдың барлығы атсалысты. Біраз ардагерді Астанадағы мерейтойға өзіміз бастап бардық. Қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштары, тұңғыш дикторлары жиналды. Оларды көріп, мәре-сәре болдық. Бұл той «мал шашпақ» той болған жоқ. Өзіміз «Қара шаңырақ» деген арнайы циклдық хабар жасадық. Корпорациямыз кітап шығарды. Есенгелді Төреқұлов, Қалыбек Атжан, Бекет Момынқұлов, Гүлсім Сариева, Қаржаубай Сыдықназаров сияқты аға-апаларымызға Қазақ телевизиясының алпыс жылдығына арналған арнайы төсбелгілер тапсырылды. – «Jambyl» телеарнасын кадрлар ұстаханасы деуге болады. Осында еңбек еткен қаншама қыз-жігіттердің республиканың жетекші арналарында еңбек етіп жүргендігін білеміз. Олардың орнын қалай толтырып жатсыздар? Жалпы, кадр тәрбиелеу мәселесі туралы не айтасыз? – Ол рас, «Jambyl» телеарнасы шын мәнінде кадрлар ұстаханасына айналды. Бізден шыңдалып шыққан қаншама маман республикалық телеарналарда режиссер, дыбыс режиссері, оператор, инженер, жүргізуші болып жүр. Тіпті осындағы республикалық арналардың меншікті тілшілерінің барлығы бізден түлеп ұшқан жастар. «Qazaqstan», «Хабар» арнасындағы операторларымыздың елу пайызы бізден шыққан жігіттер десек, қателеспейміз. Облысқа келгенде бір байқағаным – «Бізде кадр жоқ» деп айқайлауға құмар екенбіз. Кадр бар, кадрды тәрбиелейтін адам жоқ екен. Жаңадан оқу бітіріп өндіріске келген жастарды «жарамайсың» деп кеудесінен итермей, оларды тәрбиелеу керек. Біз жастарды жұмысқа алып, тәрбиелеу жағына мән беріп жатырмыз. Басшы болып келгелі екі рет кастинг жарияладық. Кастингте екі өзекті проблеманы байқадым. Бірінші, 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың сексен пайызының «ң» деген әріпке тілі келмейді екен. Екінші, тоқсан пайызға жуығының көзі нашар көреді. Бізде «суфлер» деген дүние болады, сондағы жазуларды оқуға көздері жетпейді. Барлық жағы келіскен әп-әдемі қыз-жігіттер не «ң»-ды айта алмайды, не көзі көрмейді. Кастингке келген 64 адамның ішінен 4 адамды таңдап алдық. Оның үшеуі жұмыс үдерісіне шыдамай кетіп қалды, біреуі – Аян деген жігіт таңғы бағдарламаны жүргізіп жүр. – Сіз келгелі «Jambyl» телеарнасының сайты жаңғыртылып, екі рет аймақтар арасынан үздік атандыңыздар. – Мен мекемені қабылдап алғанда біздің сайтымыз 14 филиалдың ішінде 11-орында тұрған. Үш айдың ішінде бірінші орынға көтерілдік. Ол үшін арнайы SММ маман алдық жұмысқа. Корпорация апта сайын мониторинг жасап отырады. Оны біз есептемейміз, өздері есептеп аймақтарға жіберіп отырады. Қазір алғашқы үштіктің қатарындамыз. – Алдағы уақытта көрерменге қандай жобаларыңыз жол тартпақ? – «Семіз айтып, арық шығып қалмайық». Дегенмен айтып көрейік. Жалпы, Жамбылда ұлттық спорт қатты дамыған. Оның ішінде ат спорты өркен жайған. Өйткені үш дүркін Олимпиада чемпионы «Абсент» те, көкпардан 11 дүркін чемпион «Лазер» де бізден шыққан. Барлығын зерттей келе, «Атбегі» деген хабарды аштық. Атбегілердің, көкпаршылардың өз ортасы, әлеуметтік желіде парақшалары да бар екен. Хабарымыз алғашқы күннен бастап-ақ сұранысқа ие болып жатыр. Тағы бір жобамыз «Рейтинг» деп аталады. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына жаңадан келген мемлекеттік қызметте әбден ысылған, іскер басшы Берік Уәлиге оны бірлесіп жасау жөнінде ұсыныс айттық. Ол қабыл алды. Аталған басқарма ай сайын арнайы критерийлер бойынша аудандар мен басқармалардың рейтингін шығарып отырады, біз де соған сүйеніп, халыққа ұсынбақпыз. Келесі бір жобамыз – «Антиблогер». Кейбір блогермін деп жүрген кісілердің шала сауатты посттарын скриншоттап, тапсырыспен жазылған ба, жанашырлықпен жазылған ба деп, соған көрермен назарын аударамыз. Жақында «Men qazaqpyn» байқауының облыстық жеңімпазын анықтадық. Барлық аудандарды аралап, мынадай проблема бар екендігін білдік. Термеші дегендеріміз бес терме ғана, күйші дегендеріміз үш күй ғана біледі. Яғни олардың қорында терме, күй аз. Сондықтан дәстүрлі өнерімізді насихаттап, жаңғыртуымыз, жастардың санасына сіңіруіміз керек. Корпорация филиалы болғандықтан, күзде өзіміздің «Men qazaqpyn» жобасын бастаймыз. Оның жеңімпаздарын өнер академияларында грантпен оқыту жолдарын қарастырамыз. «Алаш айтқан асыл сөз» атты роликтер және шағын әлеуметтік роликтер түсіріп жатырмыз. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап тікелей эфирде көрерменмен кері байланыс жасап, көзқарас қайшылығын айқындайтын, пікір алуандығын тудыратын демалыс күндеріне арналған «Қайырлы кеш» көңілді шоу-хабары жарық көрмек. – Осы орайда бір сұрақ, блогерлердің БАҚ қызметкерлері күнін атап өтетіндігіне қалай қарайсыз? Мысалы, жаңа ғана әлеуметтік желіден бір ащы әзіл оқыдым. «Ойын-сауық орталықтарындағы балаларға арналған ойыншық пойыздың жүргізушілері Теміржолшылар күнін атап өтіпті деп, блогерлер де Журналистер күнін атап өтті» деген. – Сан ғасырлық тарихы бар журналистік мамандықты блогерлер басып оза алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға сәйкес әрекет ететін журналистер сияқты, блогерлердің де қоғамда статусы анықталып, жазған дүниелеріне жауап беріп жатса, онда дұрыс. Ал тапсырыспен немесе басқа да мақсатта жазғандарды журналистен озық деп айта алмаймын. Кейбір блогерлер болады, шын мәнісінде көтерген мәселесінің шешімін табуына атсалысады. Өкінішке қарай, рейтинг қуып «атың шықпаса, жер өртейтіннің» қатары көп. Мысалы, бізде Тараз қалалық әкімдіктің алдында азаннан кешке дейін қалта телефонын қосып, кірген-шыққан мемлекеттік қызметкердің көлігін аңдып жүрген бір жігіттер болды. Олай телефонының бейнекамерасын қосып алып әркімнің ізін аңдып, жүгіріп, «блогермін» деп кеуде қағу дұрыс емес деп ойлаймын. – Соңғы сауал, басшы ретіндегі ұстанымыңыз қандай? – «Сырт көз – сыншы» деген. Сыртта қызмет ете жүріп, облысқа алғаш келгенде байқағаным, бізде зиялы деп жүрген ағаларымыздың бір-бірімен араздасып, руға бөлініп жүретін ортасы бар екенін көріп қынжылдым. Оны бір үлкен жиындарда да айттым. «Зиялы деп кімді айтамыз? Зиялы деп жүргеніміз зиянды болып кетпесін» дедім. Өзім шамам келгенше, мықты адамдарды қасыма жинап, руға, жерге бөлінбей, жастарға мүмкіндік беріп, еңбегіне қарай бағалап жатырмын. Кәсіби мерекемізге орай аудандарға, түрлі мекемелерге хаттар жолдап, мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттап жүргені үшін ұжымымыздағы жүз адам түгелдей марапатталып жатыр, одан бөлек ішкі сыйақымыз бар және отызыншы маусым күні ұжым болып тимбилдингке шығамыз. Мен мұнда қанша уақыт отырсам да ұстанымым – осы. Қайтып микрофон ұстап журналист болудан да қашпаймын. Бірақ маған осындай мүмкіндік берілген екен, әрі қарай жоғарыда айтылған бағытта жұмыс істеп, сенім үдесінен шығуға бар күшімді жұмсаймын. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Шынар Сағиева.