- Advertisement -

Газет қалай дүниеге келеді?

295

- Advertisement -

Қалың оқырманға газеттің қалай шығатыны қызық

«Журналисті екі аяғы асырайды» ғой, біз ел арасында жүреміз. Әріптестеріміздің ішінде «Әр мақаланы жазу үшін шабыт керек пе?», «Газет қалай жасалады?», «Баспахана қандай болады?» деген сыңайдағы сауалдарды естімегені кемде-кем шығар. «Осы тілшілер күн сайын не жаза береді, бір күні жазатын нәрсе таппай қалмай ма?» деп ойлайтындары да аз емес. «Ақыры газеттерің толу керек қой. Мынаны жариялай салыңдар» деп, шимай-шатпағын әкеліп «жанашырлық» танытатындар да бар. Олар басылымның өз бағыт-бағдары, материалдар қоры барын, олар газет бетіне сыймай, кейде айлап, апталап кешігіп шығатынын қайдан білсін.
Сондықтан төл мерекемізде редакцияның күнделікті жұмыс барысын, тыныс-тіршілігін қысқаша баяндағанды жөн көрдік.

Әр мақалам – бір перзентім

Алдымен алғашқы сұраққа жауап беріп көрсек, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының осы сөзі – әр тілшінің айнымас ұстанымы. Қандай тақырыптағы мақалаға қалам тартса да, ұлт мүддесін ту етеді, жұрттың көкейіндегісін қозғайды. Осының өзі журналистерге шабыт береді деп ойлаймын.
Біздің оқырманымыз да, сыншымыз да – халық. Көпшілік талғамынан шығу – биік мерей. Әр нөмірде «Ел оқитын бірдеңе бар ма?» дейміз. «Ел оқитын бірдеңе жазылды ма?» дейді бас редактор. Рас, ара-арасында «Күлтөбенің басында күнде өтетін жиынды» сүйкей салатынымыз бар. Ал халыққа қажет кесек туындының қай-қайсы да ананы қысқан толғақтай толғандырып, жүрек сүзгісінен өтіп барып туады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді.

«Менің бетімді шимайлап тастапты…»

Ендігі айтарымызды әріден қаузасақ, редакцияның таңғы абыр-сабыры газеттің кезекті санын жоспарлау жиынынан басталады. Жауапты хатшы мен бөлім басшылары бас редактордың бірінші орынбасарының бөлмесінде бас қосып, нөмірге ұсынылатын материалдарының шартты тақырыптарын ұсынады. Осы кезде жаңа газеттің бастапқы нобайы жасалып, сызылады.
Ары қарайғы жұмысты тілшілер жалғастырады. Журналист «клавиатурасынан» басылып шыққан ақпарат немесе материал алдымен бөлім жетекшісінің алдына «топ» ете түседі. Бөлім жетекшісі мақаланың «мұртын басып», «сақалын қырып», реттейді. Редакция ұғымында «завотдель» аталып кеткен қатал сүзгіден қатесі түзелген мақала томпаңдап, бас редактордың орынбасарларына жол тартады. Олар да мақала жазылған параққа қол салады, қол салғанда мол салады. Тақырыбын түзейді, кейбір сөздерді көркемдеп, шымырлайды. Мақала осы жерде төрт аяғын тең басады. Жауапты мамандардың жіті қадағалауынан өтіп, қолы қойылған жазбаны қатегерлер де бір шолуға міндетті.
Редакцияның қайнаған тіршілігі осы сәттен бастап қыза түседі. Компьютер орталығына түскен материалдарды бет қаттаушы-дизайнерлер газет бетіне орналастыра бастайды. Осы кезде ғой «Сенің бетің дайын болды ма?», «Менің бетімді бас редактор шимайлап тастапты!», «Ананың бетіне сиырдың суретін салу керек» деген сыңайдағы диалогтердің жүретіні. Өйткені компьютер орталығында әзірленген газет беттері бірден үш дана болып шығарылып, бас редактордың орынбасарларына, кезекші редакторға және қатегерлерге жолданады. Сосын қайдан шимайланбасын ол беттер?!
Беттің соңғы нүктесін бас редактор қояды. Ол кезде қисық-қыңыр тақырыптар «үтіктеліп», кем тұстары толтырылып, олқылықтар оңала түседі. Жарауы келіскен тұлпардай арындайды. «Соңғы бекетте» суреттер ауысатын, кейбір жарияланымдар алмастырылатын сәттер де болуы мүмкін.
Ерназардың сегіз ұлы секілді алты бөлімнің бірлігі, ынтымағы, көз майын тауысқан еңбектері арқасында «Aq jol» газеті оқырман қолына тиеді.

Ілгеріден мирас боп келе жатқан «Летучка»

Әр аптаның сейсенбісі бас редактордың алдында өтетін «летушка» деген шығармашылық ұжым түгел қатысатын жиынымыз бар. Алдыңғы толқын ағалар қалыптастырған дәстүрлі басқосудың айтыс-тартыссыз өтпегені аз. Онда сол аптада жарық көрген үш газетке кезекші редакторлар шолу жасайды. Осал жарияланымдар сыналады. «Итің ұры» десе өкпелейтін қазақ емеспіз бе, «Мақалаң жаман» десе, туламай көр. Десе де кейде сынға да салмақпен қарап, қателіктеріңді саралауға тура келеді. Осы жиында өндіріп жазып жүрген тілшілердің аты аталады. Ол кезде төбең көкке бір елі жетпей тұрады. Кейде бұлттардың арасына барып қаламыз-ау. Өйтпей ше? Сенің мақалаңды бір адам емес, бүкіл редакция тәуір көріп, тамсанып, мақтап отырса. Журналист үшін бұдан асқан баға да, бақыт та жоқ. О, бұл дегеніңіз үлкен марапаттан кем емес!

Жұмыстан жұлдыз туғанда қайтады

Осындай кезеңдерден өткен газет бас редактордың қолы қойылған соң, баспаханаға жіберіледі. Бұл кезде көбіне іңір қараңғысы түсіп, көкте жұлдыздар самсап тұрады. Өйткені журналистердің жұмысы уақытпен санасқан емес. Қашан көрсеңіз күн-түн демей, көз майымызды тауысып, көгілдір монитордың алдында түртінектеп отырғанымыз.
Қаланың орталығындағы «Достық» алаңында серуендеп жүріп, қасыңыздағы «Баспасөз үйінің» есігінен түн жарымында қайтып бара жатқан журналисті көрсеңіз, таңғалмаңыз. Абайлаңыз, ол сізді байқамай қағып та кетуі мүмкін. Өйткені оның басы «бос» емес, келесі нөмірге қандай мақала әзірлейтінін ойлап кетіп барады…

Тараз қаласы.

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support