Әлеумет

Еңбегімен танылған Есіркеп

Еңбегімен танылған Есіркеп

Байзақ ауданының Құрметті азаматы, жасы 85-ке келсе де еңкейіп отырып қалмай, елпілдеп еркін жүретін Есіркеп ағаның есімі елге таныс. Өйткені өмірін елмен етене араласып, еңбек етумен өткізіп келе жатқан Есіркеп Серікбаев – өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азамат. Жұрт оны бір істі қолға алса бітірмей қоймайтын белсенді, табанды ісі үшін де, мәдениет пен баспасөз саласында ұзақ жылдар бойы сіңірген елеулі еңбегі үшін де, ойындағысын бүгіп, аузындағысын іркіп қалмайтын ашық мінезі үшін де құрмет тұтады. Ол сонау 1933 жылдың мамыр айында Үлгілі ауылында дүниеге келген. Анасы Шәйбала он төрт құрсақ көтергенімен, балалары жасы онға жетпей шетіней берген. Содан аман қалғаны – әпкесі Қыдыркүл мен осы Есіркеп. Бір өкініштісі, екі бала да ерте жетім қалды. Әкесі Серікбай 1940 жылы Есіркеп жеті жасқа жеткенде дүниеден өтті. Қиын жылдары бар ауыртпалық анасы Шәйбаланың иығына түсіп еді. Бұған қоса оның балалық шағы Отан соғысының отты жылдарына тура келді. Соның бәрі әсер еткен болар, замандастарымен бірге Есіркеп те ерте есейді. Ойын баласы ауыр жылдарда оқудан қолы қалт етсе, еңбекке араласып кететін. Аудан орталығындағы Михайловка (қазіргі Сарыкемер) мектебінің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін де білім алу керек деп шешкен ол Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы республикалық мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Оның клуб қызметкерлерін дайындайтын бөлімін бітіріп шықты. Содан туған ауылына қайта оралды. Үлгілідегі кітапхана мен клубтың меңгерушісі болып жұмыс істеді. Кітапхана үшін айлық алса, клуб меңгерушілігіне колхоздан еңбеккүн жазылатын. Тұрмыс қиындығын көріп өскен, екі бөлмелі жатаған үйде тұратын ауыл баласы үшін бұл тәп-тәуір табыс еді. Туған ауылда он жылдай еңбек еткеннен кейін аудандық «Село жаңалығы» газетіне ауысты. Бүгінде оның қалам ұстап, газетпен байланыс жасағанына 70 жыл болып қалыпты. Жазуға бейімдігін ескерген редакция басшылығы жас жігітті газетке шақырған. Ол он екі жыл газетте радиохабарларын тарату бөлімінің меңгерушісі, кейін жиырма жылдан астам уақыт аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарды. Аудандық газет редакциясы мен мәдениет бөлімінде істеген жылдар оның нағыз аудан халқымен араласқан, өзі елді танып, өзін танытқан жылдары болды. Көп адамдармен кездесіп жүріп, өмірлік тәжірибе жинады. Өмір көрді, өнеге алды, өрге жүзді, өркен жайды, өрісі кеңіді. Оның зейнеткерлікке шыққанына 20 жыл болды. Зейнеткермін, қартайдым деп қарап қалған ол жоқ. Белсенді өмірлік позициясын жоғалтпады. Ең бастысы жастайынан серік болған қаламы қолынан түскен жоқ. Облыстық «Aq jol», «Ауыл жаңалығы» газеттерінің белсенді тілшісі болуын бір сәтке де тоқтатқан емес. Тек ауылындағы ғана емес, аудан аумағындағы жылт еткен жаңалық пен жақсылыққа жұрттан бұрын жетіп жазуға тырысады. Оның қаламынан бүгінгі ауыл, еңбек озаттары, ардақты ардагерлер мен бүгінгі күн талабына сай жаңа тұрпатта жұмыс істейтін басшылар жайлы сан қырлы, салмақты мақалалар туындап, басылымдарда жарық көруде. Есіркеп ағаның кеудесінде «Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медальдары жарқырайды. Мұхтар Манкеев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.