Қаруын қаламға алмастырған...
Қаруын қаламға алмастырған...
Ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер қалмады. Редакторымыздың тапсырмасымен сол ардагерлеріміздің өткен жолы туралы қалам тербетпек болып, енді жолға шыққалы тұрғанда редакциямызға қолында бір бума қағазы бар Тастөбе ауылының тұрғыны, Ауғанстан соғысында мерт болған қаһарман бауырымыз Нұрлан Омаровтың әкесі Амангелді қария келді. Ағаның айтқанынан түйгеніміз – ағасы Рахмет Ниязбекұлы Омаров қан майданның қақ ортасында жүрген жауынгер, бейбіт өмірде журналист ретінде танылған зиялы азамат болыпты. Тағы бір түсінгеніміз – Рахмет ағаның туған інісі Шәкен Ниязбеков егемен еліміздің көк аспанында желбіреп тұрған туымыздың авторы екен.
Сол сәтте «Омаровтар әулеті Отан десе отқа түсуге даяр» екен деп түйдім. Әйтпесе Рахмет аға «Отан үшін алға» деп жауына оқ жаудырар ма еді, Отан үшін Ауғанстан жерінде жанын қиған жас жігіт Нұрлан мерт болар ма еді, Шәкен аға Отанымызды әлемге танытамын деп еліміздің көк байрағын көкке желбіретер ме еді. Шындығында, оларды Отанымыз – Қазақ елінің адал перзенттері, ұлағатты ұлдары, еркін елдің ерлері десек жарасар. Іздегенге сұраған. Бізге құнды дүние әкелген Амангелді ағадан Рахмет аға туралы өмір дерегін сұрағанымызда, ол қолындағы бір бума қағазды ұстата берген. Арасында ардагер журналист Насыр Қоссейітовтің «Жауынгер журналист Рахмет Омаров зиялы азамат еді» атты көлемді мақаласы жарияланған «Aq jol» газеті бар. Суреттері де осы бума ішінде. Оқып көрдім. Сөз жоқ, құнды дүние. Есімін естігенімен Рахмет ағаның өмір жолы мен үшін беймәлім еді. Ал мақала авторы Насыр аға талай жыл қызметтес болған екен. Сол үшін де там-тұмдап осы мақаладан үзінді келтірсем деймін. «Облыстық «Еңбек туы» қазіргі «Aq jol» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен майдангер журналист Рахмет Омаров шын мәнінде өз дәуірінің ұлы еді. Өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдары халқымыздың басынан өткен үш үлкен зұлматты ол да басынан кешірді. Баяғыда «Жайлауымды жау алды, қыстауымды қар алды» деп мұңайған қазақтың ұрпағы 1916 жылғы қазан төңкерісінен кейін қыстауында қаны шыққанын, жайлауында жаны шыққанын кішкентай Рахмет те көреді. Сол бір нәубеттен аман қалғандары араға он жыл салып енді-енді есін жия бастаған шақта тағы бір қасірет тап болды... Ортақ Отан саналатын Кеңес одағына фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасады... ...Жетімхана мен интернатта жеті жылдық білім алған соң Рахмет өзі туып-өскен Жамбыл ауданының Қызылдиқан колхозында жұмысты есепші болудан бастапты. Одан әрі білімге талаптанып, 1943 жылы Ташкент қаласындағы Темір жол институтының даярлық курсында оқып жүрген кезінде соғысқа аттанады. Майданға барған соң 389 – гвардиялық атқыштар полкы сапында бірден соғыстың алғы шебіне жіберіледі. Ленинград қаласын жау қоршауынан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады. Оған «Ерлік үшін», «Германияны азат еткені үшін» берілген медальдарды қосыңыз. Шайқастардың бірінде Рахмет Омаров ауыр жараланып, Ленинград түбіндегі «Красное село» госпиталында ұзақ емделеді. Жазылған соң Ленинградта өткен Жеңіс шеруіне қатысады. Елге ол 1946 жылы оралады...» деген жолдар Рахмет ағаның соғыс жылдарындағы өмірін айғақтаса керек. Майдангердің бейбіт өмірдегі еңбек жолы жайлы сыр шерткен бауыры Амангелді Омаровтың айтқаны: «Рахмет Ниязбекұлы соғыстан келген соң аудан басшылары Қызылдиқан колхозының тізгінін ұстатады. 1948-1950 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қызмет атқара жүріп ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып бітіреді. Әрі сол жылы екі жылдық Жоғарғы партия мектебін тәмамдайды. Оның бұдан кейінгі еңбек жолы облыстық газет редакциясында жалғасын тауып, бөлім меңгерушілігінен редактордың орынбасарлығына дейін жоғарылайды. 1962-1965 жылдары облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, орынбасары қызметтерін мінсіз атқарады. 1966 жылдан зейнетке шыққан 1985 жылға дейін облыстық халықтық бақылау комитеті бастығының орынбасары, комитет төрағасы болады. Қызметтен қол үзбей жүріп, диссертация қорғаған ол 1971 жылы тарих ғылымының кандидаты деген ғылыми атақ алады. Рахмет аға зейнетке шықса да қол қусырып отыра алмады. Облыстық газ шаруашылығында 1992 жылы фәниден бақилыққа озғанға дейін еңбек етеді», – деді. Қаруын қаламға алмастырып, ауылдастарының алғысын арқалап, халқының рахметіне бөленген Рахмет аға осындай жан еді.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл ауданы.