Әлеумет

Мәскеуде оқыған маман

Мәскеуде оқыған маман

бар білімі мен қажыр-қайратын өңір дамуына арнап жүр Өткен ғасырдың ортасында Базартай Әлімбаевпен мектепте бір сыныпта оқыдық. Ол алдыңғы қатарлы ынталы оқушылардың қатарында болды. Математикаға, физикаға құштар еді. Мектеп қабырғасында қалыптасқан математикаға құштарлық кейін оның болашағына жол ашты. Мектеп бітіріп әркім өз жолымен кеткеннен кейін көп жылдар бойы кездеспей кеттік. Базартайдың ғылым кандидаты дәрежесін қорғағанын сырттай естігенмін. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында доцент болып қызмет атқаратынын білетінмін. 2000 жылы Алматы қаласында екеуміз кездесіп қалдық, Тараз қаласына бірге қайттық. Жол-жөнекей ұзақ сыр шертістік. Әңгіме жүріп өткен өмір жолымыз төңірегінде өрбіді. Талас ауданы Бөлтірік ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген ол алғашқыда дәрігер болуды ойлаған. Арман жетектеген ауыл баласы әкесіне еріп Жамбылға (қазіргі Тараз қаласы) келеді, көп қиындықпен оқуға құжат тапсырады. Емтиханнан сүрінбей өткен Базартай Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түседі. Орыс тілін жетік білмегендіктен химия, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Иван Крыловтың лекциясын толық түсінбейтін. Кейде тіл білмегендіктен институтта оқи алмай, ауылға қайтатын шығармын деп те ойлайтын. Бірақ зейінді бала мұқалмады. Күндіз-түні оқыды, ізденді. Жас шәкірт Петр Патрин, Владимир Акельевтертердің математика пәнінен жүргізген лекцияларын мұқият тыңдап, инженерлік есептер шығарып, мамандықты игеруге күш салды. Сол кездері құрылыс-механика сабағынан дәріс жүргізген Семен Теренчук өз жұмысын жақсы меңгерген аса ізгі адам еді. Оның жетекшілігімен Статикалық анықталмаған жүйені шешіп, конструкция элементтеріндегі ішкі күштерді тапқанда, Базартай ғылымда жаңалық ашқандай қуанатын. Институтты қызыл дипломмен бітірген жас маман басшылықтың шешімімен кафедрада қалды. Ол «Инженерлік конструкциялар» пәнінен дәріс берді. Сол кездегі кафедра меңгерушісі Эдгар Дигель Базартайдың білікті маман болып қалыптасуына көп ықпалын тигізді. 1973 жылы Марс Үркімбаев Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына ректор болып келісімен, аспирантураға 30 жолдама бөлгізіп, жас оқытушыларға аспирантураға түсу туралы ұсыныс жасады. Базартай талапкерлердің бірі ретінде аспирантураға түсуге Мәскеуге аттанады. Ауыл баласына институттың алғашқы күндерінде орыс тілін меңгеру қандай ауыр соқса, аспирантурада шет тілінінен емтихан тапсыру да сондай қиын болды. Осыдан соң ол тіл үйрену курсына жазылып, алғашқы кездері нашар оқитындардың қатарында болса да, кейін келе берілген тапсырмаларды мүдірмей орындап, аударып, мазмұнын айтып беруге қол жеткізді. Аспирантурада техника ғылымдарының кандидаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу гидромелиоративтік институты физика кафедрасының меңгерушісі Тадэуш Гороздовский ғылыми жетекшілік етеді. Базартайдың институт қабырғасында физика, математикадан алған білімі жеткіліксіз болып, техникалық институт деңгейіндегі ғылыми еңбектерді тез арада игеріп кету оңайға соқпайды. Бірақ зейінді де қажырлы жас ғалым алған бағытынан қайтпай үлкен ізденісте, оқуда болады. Кейін санаса, Мәскеудің 24 ғылым докторымен сөйлесіп, ақыл-кеңес алыпты. Бүкіл әлем мойындаған ғалымдардан алған тәлім-тәрбиесі Базартай Әлімбайұлының ғалым болып қалыптасуына жол ашты. Білімін жоғары дәрежеде жетілдірген Базартай Мәскеу гидромелиоративтік, инженерлік-құрылыс институттарында, Э.Бауман атындағы жоғары техникалық училищесінде және атақты ғылыми-зерттеу институттарында ізденіс жұмыстарын жүргізіп, 1982 жылы Машина құрылысының орталық ғылыми-зерттеу институтындағы арнайы докторлық диссертация кеңесінде кандидаттық жұмысын қорғайды. Базартай Әлімбайұлының өмір жолында үлкен із қалдырған тұлғалардың бірі – Марс Үркімбаев. Сыйлас аға ретінде араласты, ақылдасты. Аспирантураны бітірерде оның қолынан пәтер кілтін алып, жұбайы Сейсе екеуінің қатты қуанғаны бар. Кейін Марс Фазылұлының ұсынысымен институттың кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланып, жемісті жылдарды бірге өткізді. Ол еңбек пен ғылымды қатар алып жүріп, 2001 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Әшімжан Ахметовпен пікірлесті, сыйласты. Енді міне, қазіргі ректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековпен қатар жұмыс атқарып келеді. Базартай өзі тәлім-тәрбие берген шәкірттері – белгілі спортшылар Серік Қонақбаевтың, Алмас Мұсабековтің, ағайынды Байшолақовтардың, сонымен қатар мемлекет қоғам қайраткері Серік Әбдірахмановтың, Ілияс Тортаевтың, қазір Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген Ғалымжан Әбдірайымовтың, аудан әкімдері Досымбек Әлиев, Балабек Нарбаев, Бақтияр Көпбосынов, Бақытжан Нүркеновтердің есімдерін мақтана есіне алады. Бір кездері жоғары оқу орнына талапкер болып келіп көптеген қиындықтарға мойымай, аса табандылықпен, қажымас еңбегімен өз мақсатына жеткен қазақтың қара баласы – бүгінде техника ғылымдарының докторы, профессор. Облыс көлемінде бірнеше жобалардың тиімді пайдалануына көп еңбек сіңірген азамат. Техника ғылымдарының кандидаттары Ы.Момбековпен, С.Шилібековпен бірге «Сенімділік» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, «Жастар» сарайының құрылысының беріктігін зерттеді. Кейіпкеріміз 2002 жылы облыс әкімінің шешімімен құрылған комиссия құрамына еніп, Құлан ауылындағы құрылысы бітпеген мектепті зерттеп, оқу орнының құрылысын бұзу жөніндегі бұрынғы шешімге қарсылық танытты. Нысанның құрылыс сапасы жоғары екенін дәлелдеп, аяқтауға болатындығын растайтын құжатты әзірлеуге атсалысты. Кейін аймақта орын алған зілзала кезінде аталған нысанның қабырғасына сызат түспей, төзімділігін көрсетті. Базартайдың ықпалымен өңірімізде ғимараттарға зерттеу жасалып, күшейту жобалары жасалған. Солардың бірі – «Теріс Ащыбұлақ» су бөгені ел игілігіне қызмет етуде. Бұл – ғылыми ізденістің іс жүзінде орындалуының дәлелі. Қазір ғылымнан қол үзбей, жұмыспен үйлестіріп келеді. Болаттың тотығу мәселелерімен ғылыми тұрғыда айналысып көптеген жаңалықтар ашқан. Қазір 4 монография, екі оқу құралы, 130-ға жуық ғылыми-әдістемелік мақала, 15 шақты патенттің авторы.

Өмірбай САБЫРОВ.

Тараз қаласы.

Базартай өзі тәлім-тәрбие берген шәкірттері – белгілі спортшылар Серік Қонақбаевтың, Алмас Мұсабековтің, ағайынды Байшолақовтардың, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахмановтың, Ілияс Тортаевтың, қазір Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген Ғалымжан Әбдірайымовтың, аудан әкімдері Досымбек Әлиев, Балабек Нарбаев, Бақтияр Көпбосынов, Бақытжан Нүркеновтердің есімдерін мақтана есіне алады.