Әлеумет

«Жеті жарғы» қайта жарық көрді

«Жеті жарғы» қайта жарық көрді

Қоғамда болып жатқан оқиғалар мен күнделікті өмірдің тыныс-тіршілігінен хабардар ететін жекеменшік басылымдар саны соңғы жылдары көбейіп келеді. Осылардың көшін бастаған, 1994 жылдың қиын-қыстау кезеңінде жарыққа шыққан облыстық «Жеті жарғы» газеті болды.

Жаңа басылымды ашқан Мейрамбай Сатыбалдиев «Жеті жарғыны» Әулиеата өңіріндегі құқық қорғау органдарының айнасына айналдыруды көздегені анық. Газеттің аз уақытта өз оқырманын табуы – соның көрінісі. Дегенмен енді ғана егемен ел атанып, етек-жеңімізді жия алмай жатқан тұста жарық көрген үн-жарияның ғұмыры ұзаққа бармай, үш-төрт жылдан соң үзіліс тапқан еді. Міне, араға 24 жыл салып «Жеті жарғы» қайта жарық көріп отыр. Әкенің бастаған ісін қолға алған ұлы Бекнұр Сатыбалдиев бұл газеттің пайдасынан гөрі парызы қымбат екенін айтады. «Әкеден жақсы ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген осы болса керек-ті. «Бірінші нөмірі шыққанда әкемнің әріптес інісі Жанат Төлендиев ағам бірінші бетіне көк сиямен бояп тұрып: «Жеті жарғы» атың қандай, әй, қандай?! Тәуке ханның өзі келіп қалғандай. Ғасырлардан кейін сені тірілткен, Менің ағам – Сатыбалды Мейрамбай!» деп бір шумақ жыр жазыпты. Бұл – енді ХХІ ғасырдағы «Жеті жарғы». Оқырманның да, әке әруағының да алдында ұялмайтындай газет шығару перзенттік парызым деп білемін», – дейді газеттің директор-бас редакторы Бекнұр Сатыбалдиев. «Жеті жарғы» газетінің қолымызға тиген алғашқы санынан оқырман қауым облыстың құқық саласындағы бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын оқи алады. «Жалақымен қатар жауапкершілік те өсу керек», «Оң серпілістер орын алуда», «Түрмеде де табыс табуға болады» және тағы басқа тақырыптағы мақалалар оқыған жанның көңілінен шығары сөзсіз. Ендеше, өміршеңдігін жоймаған басылымға біз де сәттілік тілейміз.

Камила БОРАШОВА