«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысымен танысты
«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің салыну барысын көріп шыққан соң, құрылыс барысына арнайы салынған мәжіліс залы, баспасөз орталығына келіп, құрылысты жүргізіп жатқан компания басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жалпы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысына қатысты барлық жауапты тұлғаларды жинап, мәжіліс өткізді. Құрылыстың жай-жапсары жайында есептерін тыңдады. Нысандардың электронды нұсқадағы нобайларын көріп, кешеннің келешектегі келбетін келісті етуге ақылдасты. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің павильондарының негізгі құрылымдарын салу 2015 жылдың қазан айына қарай аяқталады, деп атап өтті Т.Ермегияев. 2015 жылдың қазан айында павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. Ал орталық көрме павильонына қатысты әрлеу жұмыстары 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ, ол келер жылдың қазан айында халықаралық павильондардың негізгі құрылымдарының құрылысы аяқталады дегенді айтты. Сонымен қатар, ЭКСПО-қалашықтың «нөлдік кезеңін» құрылысшылар кестеден ерте аяқтауды жоспарлап отыр екен. Бастапқы кесте бойынша «нөлдік кезеңнің» аяқталуы 2014 жылдың желтоқсанына жоспарланыпты. Т.Ермегияевтің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес толық көлемде жүргізілуде. Ұлттық компания басшысының мәліметінше, Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың тұрғылықты жерлерін қамтамасыз ететін болады. Қонақтарға 1300 пәтер қарастырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300 техника мен 700 құрылысшы жұмылдырылған. Кешеннің жалпы ауданы – 173,4 гектар. Ал көрме аймағы – 148,5 гектар. Құрылыс 2014 жылғы 24 сәуірде басталған болатын. Көрме аймағы құрылысының негізгі нысандары – Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сондай-ақ, сауда және ойын-сауық ғимараттары. Есеп берушілермен пікірлескен және сұрақ-жауап түрінде өткен басқосу барысында Елбасы кешеннің құрылысына жауапты басшыларға ЭКСПО қалашығының маңыздылығын айта отырып, онда айрықша ескерілу тиіс мәселелерге тоқталды. Көрмені өткізу Астана қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті. – Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі іс-шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді көрсету үшін сіздерге, мердігерлерге оның дайындығына қатысуға сенім білдірілді. Сіздер өз қабілеттеріңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отандық компаниялар, сондай-ақ, біздің елімізде жұмыс істеген шетелдік мердігерлер бұған дейін ешқашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақытында және сапалы атқаруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
«Ақ жол-Ақпарат».