Жаһан

Тұңғыш президент кітапханасы

Тұңғыш президент кітапханасы

Мемлекет басшысы жаңа ғима­ратты аралап көрді. Сондай-ақ, «Назарбаев орталығы» көп функ­циялы ғылы­ми-талдау және гу­ма­нитарлық-ағарту мемлекет­тік мекемесінің арқауында құрыл­ған Тұңғыш Президент кітапха­насының жұмысымен танысты.

Кітапхана қоры 20 мың ең­бекті қамтиды. Мекеме Пре­зидентке сыйға тартылған экспо­наттарды жинақтаумен де айна­лысады. Қазіргі күні Мемлекет бас­шылары­ның және олардың ресми өкіл­дерінің сыйлықтарын, өнер туындылары мен тарихи жәдігерліктерді қосқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке коллекциясынан алынған 500 экспонат бар. Ғимаратта көшпелілер мен дала төсіндегі қалалардың санғасырлық тарихында қалыптасқан қазақ халқының философиясын танытатын «Мәңгілік Ел» галереясы орналасқан. Мемлекет басшыларының мұн­дай орталықтары, кітап­ха­налары мен қорлары әлемдік тәжірибеде, атап айтқанда, АҚШ-та, Фран­цияда, Түркияда және басқа елдерде бар. Олардың басты міндеті ел басшыларының жеке мұрағатын жинақтау және жүйелеу болып саналады. Мұнымен қатар, Елбасы ғи­ма­рат ішіне орналастырылған отандық өнім шығаратын үздік кәсіп­орындардың арнайы ұйым­дас­тырылған көрмесін аралап көрді. Көрмені аралап, танысып шық­қан Елбасы жаңадан ашы­лып, салтанатты шара өтіп жат­қан ғимаратқа қатысты өз ойын білдірді. «Бұл ғимарат бас қаланың көркін одан сайын ажарландыра түсті. Келешек­те халық игілігіне жұмыс істей­тін мәдени орталық болады деп ойлаймын. Бұл әсем қаламыз Астананың туған кү­ніне жасалған ғажайып тарту-таралғыларымыздың бірі. Кең-байтақ даламызда түндігін түріп тастап, еркіндікке негізделген өзіміздің киіз үйімізге ұқсатып салынған. Қабырғасы мен төбесінің шыны пакетпен жабылуының өзі ғимаратты жылыту мен жарық­тандыруға кететін шығын көле­мінің азаюына зор септігін тигі­зетін болады. Сондықтан да, мына ғимарат «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасы» деп аталғанымен, бұл жерді ұлты­мыз­дың игілігіне жұмыс істейтін мә­дениет орталығы ретінде қабылдау керек», деді Мемлекет басшысы. Президент биіктігі 9 қабатты құ­райтын, жалпы көлемі 30 мың шар­шы метрден тұратын ғажайып ғи­марат қазіргі замандағы ең атақты сәу­летшінің бірі Норман Фостер­дің Астанадағы үшінші керемет сәулет өнері екендігін де айтты.