Заманға сай мал дәрігерлік бекеттерін салу – уақыт талабы
Заманға сай мал дәрігерлік бекеттерін салу – уақыт талабы
Өңіріміздегі елді мекендер аумағындағы адам өмірі мен денсаулығына, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті құтыру және қатерлі эхинококкоз, альвеококкоз ауруларының алдын алуда және олардың облыс аумағында тіркелу пайызын азайтуда ветеринария мамандарының еңбегі орасан зор. Ал ол үшін аудандарда мал дәрігерлік бекеттер бой көтеріп, олардың арнайы құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтамасыз етілуі аса маңызды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні облысымызда заманауи талапқа сай мал дәрігерлік бекеттер салынып, ветеринариялық жұмыстардың автоматтандыру жүйесін қалыптастыруды 100 пайыз қамтамасыз ету арқылы қажетті биопрепараттарға деген нақты қажеттілікті анықтап, нақтылауға, жұқпалы аурулар тіркелген жағдайларды қоса алғанда, жануарлар арасынан созылмалы жұқпалы ауруға шалдыққандарды анықтау үшін алынатын сынамаларды тиісті талаптарға сай зертханаға жеткізе отырып, аурудың диагнозын шұғыл анықтауға мүмкіндік туып отыр.
Бірер күн бұрын біз облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ауыл шаруашылық өнімдерін бірдейлендіру бөлімінің басшысы Қанатбек Қартабаевпен бірге аудандарға жасаған іссапар барысында осыған көз жеткіздік. Мәселен, қазіргі таңда Қордай ауданында осынау саланың жұмысын жеңілдету мақсатында салынатын 8 ғимаратқа бюджеттен 33 миллион теңге бөлінсе, Шу ауданында 30 миллион қаражатқа 5 ғимарат салу жоспарланып отыр. Ал Мойынқұмда құны 27 миллион теңгеге 5, Тұрар Рысқұлов ауданында 30 миллион теңгеге 7 нысан салынбақ. Жалпы, облыс аумағында 154 мал дәрігерлік бекет бар. Бұдан бөлек, 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оларда арнаулы орта және жоғары білімді 820 маман жұмыс жасайды. Сапар барысында біз әуелі Т. Рысқұлов ауданына атбасын бұрдық. Айта кету керек, мұнда бой көтеретін 7 нысанның бұл күнде алғашқысының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Құлан ауылында орналасқан бекет заман талабына сай салынуда. Аудан әкімдігі ветеринариялық қызметі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Серік Дәлібаевтың сөзіне сүйенсек, сала жұмысын жеңілдетуде зор рөл атқаратын нысан жергілікті бюджетке салмақ түсірмей салынуда. «Бүгінгі күні мұнда 95 мал дәрігері жұмыс істеуде. Бұған дейін ауылдық округтерде әртүрлі ғимараттарда жұмыс атқарып келген олар келешекте барлық талаптарға сай бой көтерген нысандарда тер төкпек. Бұл нысандардың барлығы дерлік бюджетке шығын келтірмей салынуда. Яғни біз ақылы қызмет көрсету арқылы қаражат жинадық. Міне, жиналған сол қаржының арқасында осындай нысанға қол жеткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Өздеріңіз арнайы келіп, көрген бұл ғимарат келер айда пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 7 нысанды қажетімізге жаратуды жоспарлап отырмыз», – деді С.Дәлібаев. Бұдан кейін біз Қордай ауданына жол тарттық. Айта кету керек, бұл күнде бұл ауданда 3 мал дәрігерлік бекет бар. Олардың Сарыбұлақ пен Аухаттыдағылары жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында сатып алынған. Өзге бекеттердің де жер телімдері анықталып, аукцион арқылы осындай жүйе арқылы сатып алу ұйымдастыры-луда. Ал қалған 3 ауылдық округте жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатса, 1 ауылдық округте мұндай бекет қазірдің өзінде дайын тұр. Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов ағымдағы жылы ауданда бруцеллез ауруына диагностикалық зерттеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. «Бүгінгі таңда бруцеллез ауруын анықтау үшін 29699 бас ірі қарадан, 133874 бас ұсақ малдан, 1054 шошқадан, 121 жылқыдан, 486 иттен қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексерілді. Нәтижесінде 33 бас ірі қара мен 238 бас ұсақ малдың бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Ауру мал оқшауланып, санитарлық союға жіберілуде. Аудан аумағындағы иесіз иттерді ұстап, жою жұмыстарын жүргізуге 2018 жылға 3 185,0 мың теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күні 1400 иесіз ит жойылды. Аудан бойынша 3 қасапхана бар. Оның екеуі Қордай ауылында Барыс-2 базарында және «Первомайские деликатесы» заманауи ет өңдеу комбинатында, үшіншісі Қаракемер ауылында орналасқан. Өзге 8 мал сою алаңының тек үшеуі ғана толыққанды жұмыс істейді», – деді Т.Қожабергенов. Мойынқұм ауданына барған тұста біз Айдарлы ауылында мал тоғыту жұмысы қызу жүргізіліп жатқандығын аңғардық. Аудан бойынша Айдарлыдан бөлек, Бірлік, Биназар, Көкжелек, Жамбыл, Мойынқұм, Құмөзек және Ұланбел ауылдарында барлығы 8 мал тоғыту орны жұмыс істеуде. Биыл мал иелері есебінен А.Назарбеков, Күшаман, Қылышбай, Қарабөгет, Сарыөзек және Ақсүйек ауылдарынан барлығы 6 ескі мал тоғыту орындары жөнделіп іске қосылуы жоспарлануда екен. «Өткен жылы аудандық бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп, Кеңес, Бірлік, Биназар, Көкжелек, Жамбыл, Қылышбай және Құмөзек ауылдарынан барлығы 7 мал дәрігерлік бекетке арналған ғимараттар сатып алынды. Ағымдағы жылы аудандық бюджеттен бөлінген 26 миллион 350 мың теңгеге Мойынқұм, Ұланбел, Мыңарал, Шығанақ, Күшаман, Ақсүйек және Хантау ауылдарынан осындай 7 бекет үшін үй-жайлар сатып алынатын болады», – дейді аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Мақсат Малбағаров. Шу ауданында да бүгінгі күні аталған саладағы өзекті мәселелердің бірі мамандарды ветеринариялық талаптарға сай келетін ғимараттармен қамтамасыз ету болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың оңтайлы шешімін табу үшін аудан әкімдігінің ветеринария бөлімі өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарыпты. Атап айтқанда, 2017 жылы ауданның 7 ауылынан 7 ғимарат алынды. Оның ішінде біреуі Жаңажол ауылынан округ әкімінің теңгерімінен, ал екіншісі Бірлік ауылындағы бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның ғимараты қаражатсыз қабылдау-өткізу актілері бойынша алынды. Сонымен қатар Ақсу, Шоқпар, Балуан Шолақ және Қонаев ауылдарынан заманауи талаптарға сай бекеттер ашу мақсатында біреуі 7 миллион теңге тұратын барлығы 28 миллион теңгеге үй-жайлар сатып алынған. «Төле би ауылдық округінің мал дәрігерлік бекеті «Ветеринариялық қызмет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны теңгеріміне қарасты ағымдағы жөндеуден өткен ғимаратқа көшірілді. Биыл мал дәрігерлерін тиісті талаптарға сай келетін ғимараттармен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен Ақтөбе, Бірлікүстем, Қорағаты, Ескішу ауылдарынан біреуі 7,5 миллион теңгеге бағаланар 4 үй-жай сатып алу үшін барлығы 30 миллион теңге қаражат аудандық бюджеттен қарастырылды. Бұл жұмыстар жалғасын табуда», – дейді аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Болат Ниязбеков. Әрине, сала мамандарының жұмысын бір ғана мақалада толық көрсету мүмкін емес. Өйткені былайғы жұрт біле бермейтін мал дәрігерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана мысал, қораңыздағы төрт түлік пен дастарханыңыздағы қазы-қартаның сапалылығы осы сала мамандарының еңбегіне тікелей байланысты. Сол себепті салаға мемлекет тарапынан аса зор көңіл бөлініп, мамандардың алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасалынып жатыр. Біз мұны аудандардағы жұмыс сапары барысында анық байқадық.
Тараз – Т.Рысқұлов – Қордай – Мойынқұм – Шу – Тараз.
Есен Өтеулиев