Саясат

Электронды қызметтің мүмкіндігі мол

Электронды қызметтің мүмкіндігі мол

немесе ол жең ұшынан жалғасқан сыбайластық әрекеттердің алдын алудың бірден-бір жолы

Мемлекеттік қызмет көрсетуде жең ұшынан жалғасқан сыбайластық әрекеттердің алдын алудың бірден-бір жолы – электронды жүйе. Бұған қол жеткізу үшін барлық қызмет түрлерін автоматтандыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда қолданысқа енгізілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан экономикасының даму қарқынын жеделдетіп қана қоймай, сандық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылатын бұл бағдарлама еліміздің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беріп, еңбек өнімділігін арттыратынын айта кеткен жөн. Өйткені заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді сапалы және шектеусіз алуға, электронды сауда-саттық мүмкіндігін пайдаланып, қызметтер мен тауарларға интернет арқылы тапсырыс беруге мүмкіндік туады. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділік пайда болады. Сонымен қатар сандық технологиялар білім беру және денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет түрлерін делдалсыз жылдам алуға жол ашады. Оның мамандарды даярлау және қайта даярлауға тигізер ықпалы да зор. Цифрлық дәуірдің тууы жаңа мамандықтардың пайда болуына да әсер етері анық. Облыста тұрғындардың цифрлық сауаттылық деңгейі 2017 жылы 74,6 пайызды (833,9 мың адам) құрап, 2,8 пайызға өсті. Биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген индикаторға (77 пайыз) жету үшін 26,8 мың адамның цифрлық сауаттылығын арттыру жоспарланған. Жалпы білім беру (58917 адам), денсаулық сақтау (5000 адам) саласы қызметкерлерін және жоғары сынып (10,11-сынып) оқушыларының арасынан (18253 адам) барлығы 82 мыңнан астам адамды оқытуға мүмкіндік бар. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында барлығы 3 мыңға жуық (2900) тұрғынның компьютерлік сауаттылығын арттыру көзделуде. Бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі 746 қызметтің 190-ын жергілікті атқарушы органдар көрсететінін айта кету керек. Оның 116-сы Мемлекеттік корпорация арқылы, 83-і қызмет электронды түрде, ал 32-сін тек мемлекеттік орган арқылы көрсетуге мүмкіндік бар. Бүгінгі күні лицензиялаудың барлық түрлері, рұқсат беру және хабарлама құжаттары «е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде беріліп келеді. Сонымен қатар әлеуметтік және білім саласындағы қызметтер де электронды түрде көрсетілуде. Отбасы және бала құқықтары саласындағы қызметтер (қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық тәрбиеге беру, балабақшаға кезекке қою) «е-әкімдік» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Алайда электронды құжатқа қатысты жұмыстардың бәріне ең әуелі электронды цифрлық қолтаңба алу қажет. Халықтың цифрлық сауаттылығының алғышарттарының бірі – осы электронды цифрлық қолтаңба. Жалпы 2016 жылы 176864, ал былтыр 250969, биыл 106807 электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) берілді. Сондай-ақ 5 айдың ішінде облыс бойынша барлығы 2,1 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген (2017 жылы – 2 148 733 қызмет). Оның 1,7 миллионы немесе 82,5 пайызын денсаулық сақтау ұйымдары көрсеткен. Тағы бір назар аударатыны – соның 1,2 миллионы тек «Дәрігердің қабылдауына жазылу» қызметіне жүгінген. Осыған қарап-ақ көрсетілген қызметтердің үлес санының едәуір өсуіне осы саланың көрсеткіші әсер еткенін байқауға болады. Облыстық, аудандық орталық ауруханалардың, сондай-ақ облыстық және қалалық перинаталдық орталықтардағы барлық перзентханаларда әділет және білім министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің интеграциясы бар, ол электронды үкімет порталы мен ХҚКО бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өңір тұрғындарына 5 қаңтардан бастап белсенді қызмет көрсетуде. Бала туылғандағы көрсетілетін белсенді қызмет үйден шықпай-ақ SMS-хабарламаларға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін алуға, балабақшаға кезекке қоюға және жәрдемақы алуға мүмкіндік туғызды. Қызметтің осы түрі тұрғындардың ұялы телефондарының базасында тіркелген. Бұл көмек жаңа туған аналарға көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті 1414 қысқа нөмірінен келген SMS-хабарламаларға жауап беру арқылы алуға болады. Хабарлама жіберу үшін төлем алынбайды. Иә, бүгінде елімізде мемлекеттік секторды цифрлық жүйеге көшіру қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты алдағы уақытта электронды түрде көрсетілетін қызмет саны одан әрі көбейтіле беретіні анық.

Нұркен Сейдалиев, облыс әкімі аппараты мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту бөлімінің бас инспекторы.