Қолдау әкімшілік кедергілер мен негізсіз тексерулерді жоюдан басталса
Қолдау әкімшілік кедергілер мен негізсіз тексерулерді жоюдан басталса
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып отырғаны белгілі. Содан да оған жоғарыдан да, төменнен де қолдау, көмек қажет-ақ. Ал өңіріміздегі бақылау-қадағалау органдарының бизнес өкілдерімен өзара іс- әрекеті қандай деңгейде?
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы, міне, осы мәселені пысықтауға арналды. Оған кеңес мүшелерімен қатар, бірқатар облыстық басқармалар мен облыстық кәсіпкерлер палатасының, инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының, несиелік ұйымдардың, кәсіпорындар мен агроқұрылымдардың басшылары қатысты. Жиынды Тараз қалалық мәслихатының депутаты, жоғарыда аталған қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Н. Мәуленов ашып, жүргізіп отырды. Ол өңірде кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау барын, оларға атқарушы билік органдары тарапынан негізсіз тексерулердің азайғанын, соның нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері табысты жобаларды жүзеге асыру үстінде екенін айтып, өз кезегінде қоғамдық кеңестің осынау өзекті мәселені тұрақты назарда ұстаумен келе жатқанын атап өтті. «Осыған орай тиісті мекемелерге әрдайым нақты ұсыныстар беру тәжірибесі орныққан. Дегенмен бақылау-қадағалау органдарының бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл әрекетінде әлі де болса заң талаптарын бұзу деректері кездесіп қалады. Сондықтан бүгінгі отырысымыздың күн тәртібіне бұл мәселе өткір қойылып отыр», – деді Нариман Бөлдешұлы. Бұдан кейін сөз алған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қ. Исақов биылғы жылдың бес айында өздерінде атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, елімізде бизнес ортаны түбегейлі өзгерту үшін көптеген оң шешімдер қабылдануда екенін, 2050 жылы кіші және орта кәсіпкерлік құрылымдарының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50 пайыздан кем болмауы тиістігі жөніндегі міндет алға қойылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша кіші және орта бизнес нысандарынан бюджетке түскен салық және басқа да төлемдер көлемі жалпы түсімнің 35, 1, ал жергілікті бюджеттің 56 пайызын құрап отыр екен. Қалмұханбет Мырзахметұлы бұдан әрі елімізде салық және кеден заңнамалары да ел экономикасының дамуымен қатар, тұрақты түрде жетілдіріліп, салықтық және кедендік әкімшілендіруге оң жаңғыртулар енгізіліп жатқанына да тоқталып өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары А. Сейсебаев кәсіпкерлер құқықтары мен мүдделерін қорғау, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Б. Шыналиев кәсіпкерлік нысандарын дамыту бағытында әкімшілік кедергілер мен негізсіз тексерулерді азайту мәселелері бойынша өздерінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, кәсіпкерлік құрылымдарымен өзара іс-қимыл әрекеттерін тиімді жүзеге асыру жолдары жөнінде тарата айтып берді. Жиын соңында Жуалы ауданындағы «Бейбітшілік», Меркі ауданындағы «Совет» шаруа қожалықтарының басшылары Қ. Мышбаев, С.Қалманбетов, облыстық фермерлер одағының төрағасы Ж. Дайрабаев тағы басқалары өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау жұмыстарына көңілдері толатынын жеткізіп, өздерін толғантқан сұрақтарға тиісті мекемелер басшылары тарапынан нақты жауаптар алды. Басқосу қорытындысында қоғамдық кеңестің кәсіпкерлікті қолдауға байланысты бірқатар ұсынымдары комиссия мүшелері тарапынан бірауыздан қабылданды.
Баймаханбет АХМЕТ