- Advertisement -

Әрбір адам туған жеріне жақсылық жасау арқылы перзенттік парызын өтейді

341

- Advertisement -

Проблема кез келген қоғамда бар. Түйінді дүниені дұрыс тарқату, мәселені байыпты шешу басшының біліктілігі мен іскерлігіне байланысты. Бұл орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өңірдің экономикасы мен әлеуметтік ахуалын жақсартуда, архитектуралық, сәулеттік келбетін түрлендіруде, туризм саласын түлетуде іргелі істерді қолға алып, бірегей бастамаларды жүзеге асырып жатқанына куәміз. Өңір басшысы аудан әкімдерінің де жауапкершілігін күшейтіп, атқарылған шаруаларды жіті қадағалауда. Нәтижесінде ауыл-аймақтардың тыныс-тіршілігі қалыпты арнасын тауып, өзекті мәселелер оң шешіліп жатыр. Мұны Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовпен болған әңгімемізден аңғаруға болады.
– Бақыт Алпысбайұлы, әңгімемізді ауданның тыныс-тіршілігінен бастасақ. Жыл басынан бергі әр саладағы жетістіктер мен көрсеткіштер көңілге қона ма?
– Жыр алыбы Жамбыл атын алған аудан қарт Қаратау етегін ала орналасқан. Алатаудан құлаған Аса және Талас өзендері өңірден қатар ағып өтеді. Түстік жағында Айша бибі кесенесі менмұндалап тұр. 90 жылдық тарихы бар Жамбыл ауданы 1928 жылы 29 қазанда Әулиеата деген атпен Әулиеата уезі Сырдария өлкесінің құрамында іргесін қалаған. Сол уақыттан бері заманның ұлы көш-керуеніне ілесіп келе жатқан аумақ – бүгінде Жамбыл облысындағы іргелі аудандардың бірі. 25 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданның экономикасы жылдан-жылға дамып келеді. 17 ауылдық округке қарасты 42 елді мекенде 80 мыңнан астам адам тұрады.
Тараз қаласының айналасын алып жатқан табиғаты жұмсақ, суы мен нуы мол, өрісі кең, топырағы құнарлы өлке барлық саланы өркендетуге өте қолайлы жағдай туғызуда. Сол мүмкіндікті сәтімен пайдаланған халық ризығын жерден де, өнеркәсіптен де айырып отыр. Нәтижесінде аудан экономикасында тұрақтылық орнығып, әлеуметтік мәселелер байыппен шешілу үстінде.
Ауданда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Бюджетке түсетін салықтар мен міндетті төлемдер жоспары асыра орындалуда. Осы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд. 31,2 млн. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,3 пайызды құрады. Бөлшек сауда тауар айналымы 226,6 пайызға, көтерме сауда айналымы 160,9 пайызға, салықтық түсімдердің орындалуы 161,3 пайызға жетті.
Өңірде өнеркәсіп саласына ерекше назар аударылған. Сала бойынша 2018 жылдың 5 айында 3 млрд. 966,4 млн. теңгеге өнім өндірілді. Көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 156 пайызды құрап отыр. Осынау табыста мұнай өнімдерін өңдеп шығаратын «Амангелді» газ өңдеу зауыты, темірбетон бұйымдарын дайындайтын «БиномСтройДеталь», гипс өндіретін «КнауфГипсТараз», медициналық бұйымдар жасайтын «СуперФарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің үлесі зор. Олардың қатарын биылға жоспарланған бюджет қаражаты есебінен 5 жоба, жеке қаражат есебінен іске асырылатын 6 инвестициялық жоба толықтырмақ.
Өткен жылы ауданда тіркелген 4612 кәсіпкерлік нысанда 7274 адам еңбек етті. Барлық шағын кәсіпкерлік саласы бойынша жыл ішінде 30 млрд. 710,3 млн. теңгеге өнім өндірілді. Бұл ауданда жалпы шығарылған өнім көлемінің 56,4 пайызын құрайды.
Биыл 4 млрд. 407,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,2 пайызға жоғарылап отыр. Ауданда агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеруде қабырғалы тірліктер тиянағын табуда. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойынша 14 инвестициялық жобаны іске асыру көзделсе, олардың ішінде фермерлік үлгідегі жылыжай кешенін салу, алма бағын отырғызу, тамшылатып суару технологиясын енгізу, лизинг жүйесі арқылы техника сатып алу, тауарлы-сүт фермасын, құрама жем зауытын, жеміс-жидек қоймасын, мал бордақылау алаңын салу жобалары бар.
– Жамбылдықтар несібесін жер мен малдан айырып отырғанын аңғардық сөзіңізден. Осы орайда дәл қазіргі атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсаңыз. Салаға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қалай? Қолға алынған тың бастамалар бар ма?
– 2018 жылы ауданда 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жылдық тапсырма артығымен орындалып, бағдарлама аясында 746 бас ірі қара малы, 1467 бас ұсақ мал, 294 бас жылқы сатып алынды. 17 ұңғыма қазылды. Нәтижесінде өңірде төрт түлік санының қалыпты өсуі байқалып, жыл басында ірі қара малының басы – 34832, қой-ешкі – 215444, жылқы – 15169, түйе – 57 басқа, үй құстары 812747-ге жетті. Бұл ретте «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан», «Жайылымды суландыру» бағдарламаларының шапағаты тигенін атап айтқан жөн. «Аса-Даму» ЖШС-ның жылына 316 мың тауық пен 84 мың балапан өсіретін құс фабрикасының іске қосылуы өз игілігін беруде.
Ауданда ауыл ша-руашылығы мақсатындағы пайдалануға жарамды егістік көлемі жылдан-жылға артып, бүгінде 57962 гектарды құрады. Пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекеттік жер қорына алынып, қайта айналымға қосылуда. Соңғы жылдары күздік бидай, жаздық арпа, көпжылдық шөпке қоса, қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс, бақша сияқты басым дақылдарды өсіруге ден қойғанбыз. Жыл бойына бірнеше көкөніс түрін өсіретін 300-ге тарта жылыжай өндіріске серпін беріп отыр. Егістік алқаптарын жаңа су үнемдеу технологиясымен, атап айтқанда жаңбырлатып және тамшылатып суаруға ниеттенген агроқұрылымдар саны күрт артып келеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда да едәуір ілгерілеушілік байқалады. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойынан соғылған мал бордақылау алаңдарының саны да артып отыр. Олардың қатарында ет бағытындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС, «Фарм-менеджмент» ЖШС, «Айша» шаруа қожалықтары бар.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына «Таң» ЖШС, «Пионер», «Қызылдихан», «Амангелді», «Юнчи» өндірістік кооперативтері, «Эреке», «Сады Востока», «Тимофеев», «Мейіржан», «Азамат», «Талас», «Шайқорық бағы» шаруа қожалықтары үлкен үлес қосуда. Бұл ретте шұжықтың 45 түрін шығарып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге және еліміздің бірқатар өңірлеріне өткеріп жүрген «Берсенукаев» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын бөле-жара атап көрсеткен жөн.
– «Қайнаған тіршілік күре жолдың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі», дегені бар Елбасының. Соңғы жылдары жол төсеу, жол жөндеу жұмыстарының қарқыны қалай?
– Өткен жылы бюджеттен бөлінген қаражатқа аудандық маңызы бар 14 жол, 19 ауылдағы 29 көше жолдары, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 5 ауылдың 5 көшесі, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бөлінген трансферттер есебінен бөлінген қаржыға 8 ауылдың 13 көшесі жөнделсе, биыл бұл жұмыс сәтімен жалғасуда. Таяуда ғана Өрнек-Тоғызтарау бағытындағы алты шақырым жолға сапалы асфальт төсеу жұмысы аяқталды.
Сөз орайында айта кетейін, құрылыс қарқыны да қуантады. Елді мекендерді сапалы ауызсумен, газбен қамтамасыз ету ісінде де оң өзгерістер бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шаралары талапқа сай жүзеге асырылуда.
Соңғы 5 айда кешенді жоспар бойынша 997 адам, уәкілетті органдар арқылы 768 адам, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 682 адам жұмыспен қамтылды.
– Бақыт Алпыс-байұлы, әңгімеміздің барысын әлеуметтік ахуалға бұрсақ, білім, денсаулық сақтау салаларында не тындырдыңыздар?
– Елбасы білім берудің жаңа сапасына ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл бағытта өңірімізде білім беру үдерісін жетілдірудің барлық жағдайы мен мүмкіндігі бар. Жекеменшік балабақшалар ашу, үш тілде оқытуға көшуге дайындық, робототехника кабинеттерін жабдықтау, интернет жылдамдығын арттыру, мектептерді интерактивті құрылғылармен жарақтандыру басты назарда. Бұл тұрғыда игіліктер аз емес. Биыл 638 мектеп бітірушінің 402-сі ҰБТ-ға баруға өтініш берді. Олардың тестілеуге және қорытынды аттестаттауға дайындығы мен оқыту сапасының деңгейін арттыру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспары алдын ала жасалынып, сол бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жоғары сынып оқушыларына сабақ беретін пән мұғалімдерінің теориялық білімдерін шыңдау, кәсіби әлеуетін жақсарту мақсатында түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіліп, мектеп бітірушілерге әдістемелік көмек көрсетілді.
Мектепке дейінгі білім беретін 18 балабақша мен мектеп базасындағы 20 шағын орталықта барлығы 3471 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жақында Гродеково ауылында 100 балаға арналған «Нұр мерей» бөбекжайы пайдалануға берілді. Бұл – мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен ауданда салынған үшінші балабақша.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның денсаулық сақтау саласында 35 мекеме мен ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Онда барлығы 111 дәрігер мен 540 орта буындағы медициналық қызметкер бар. 7 жедел жәрдем көрсету бригадасы толығымен медицина мамандарымен, автокөліктермен қамтамасыз етілген, техникалар заман талабына сай жабдықталған. Дәрігер кадрлар мәселесі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген жас мамандардың көптеп шоғырлануымен шешілуде.
Жастар мәселесі де ұмыт қалған емес. Аудандағы Жастар орталығының еңселі ғимараты облысты былай қойғанда, республиканың өзінде жоқ десек, қателеспеспіз. Мұнда жастардың спортпен айналысуына, басқа да түрлі үйірмелерге қатысуына қолайлы жағдай туғызылған. Ғимарат ішіне аудан аумағынан табылған құнды жәдігерлерді жинақтаған тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан. Мұның өзі өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен тарихи жәдігерлерді құрметтеуге бағыт-бағдар береді. Өңірімізге бұдан басқа ғасырлар қойнауынан сыр тартатын, бағзы сәулет өнерінің бүгінге келіп жеткен үздік үлгілері – Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелері, Ақыртас сарай-қалашығының қалдықтары, Сақ қорғандары, Әулиебастау, байырғы Жікіл, Атлах, Живукат, Тастөбе, Адахкент, Нуджикес мекендерінің ескі жұрттары, Бектөбе бекінісі, Қамыстыбұлақ шатқалындағы тасқа қашалған суреттер әлі де көп зерттеуді қажет етеді.
Әрине, барлық жетістік – аудан азаматтарының ынта-жігері мен ерен еңбегінің нәтижесі, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жемісі. Біз мұны бәрінен де биік қоямыз.
Мемлекет басшысының Жолдауларын, әлеуметтік бастамаларын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басшылыққа алған аудан әкімдігі ел экономикасының қуатты, қорғанысы мығым, тәуелсіздігі мәңгілік болуы үшін тиісті жұмыстарды өз деңгейінде атқаруда. Елбасының ой-тұжырымдарынан туындаған тапсырмаларды уақытында әрі сапалы орындауды мерейлі міндетіміз деп санаймыз.
– Өзіңіз сөз еткен Елбасының бағдарламалық мақаласында ұлт мұраты, ұрпақ игілігіне қатысты бірқатар міндеттер мен тың жобалар ел назарына ұсынылды. Оның ішінде, әсіресе «Туған жер» бағдарламасын қолға алу жөніндегі идеясы көпшілік көңілінен шыққанын атап айтуымыз керек. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», – дейді Президент. Сондықтан да жер-жерде қалталы азаматтар кіндік қаны тамған мекендерінің көркеюіне, өркендеуіне күш салуда. Ал жамбылдық атымтай жомарттар қандай игілікті іске үлес қосты?
– Расында, туған елге қызмет ету – туған жерді сүюден басталады. «Туған жерге туыңды тік» деп кешегі бабаларымыз тегін айтпаса керек-ті. Бажайлап қарасақ, бұл сөздердің астарында терең мағына жатыр. Әр адам өз туған жеріне жақсылық жасау арқылы туған еліне деген сүйіспеншілігін дәлелдейді. Ұлт Көшбасшысы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы ауыл-аймақтарды ғана дамытып қоймай, тұтастай еліміздің дамуына алып келеді. Туған жерін дамытуда сол жерде туып-өсіп, топырағынан нәр алған қалталы азаматтардың рөлі ерекше. Олар өз тарапынан сол аймақтарда халықтың әл-ауқатын көтеруге атсалысулары керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестиция тартылуы қажет. Елбасы өз мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – деп атап өтті. Шынында, туған елді жақсы көру – туған жеріңді, кіндік қаның тамған өлкенің әр тасын сүюден басталады. Ұлт Көшбасшысының осы мақаласын негізге ала отырып, баршамыз туған мекенге қызмет етсек, тәуелсіздігіміздің іргетасы берік болары сөзсіз.
Мақаладағы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында ауданымызда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды, Ақыртас және Әулиебастау киелі орындарына тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, түрлі этнос өкілдерінің фестивалі, ақындар айтысы, өнер кеші, кездесулер мен форумдар, акциялар мен семинарлар, байқаулар өткізілді. Кіші бағдарламалар бойынша өткізілген іс-шараларға тұрғындар көптеп тартылды. Бұл ретте «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Шайқорық ауылында жеке азаматтың демеушілігімен спорт кешенінің халық игілігіне берілгенін, мешіт жанынан қайырымдылық дүкені ашылғанын, жалпы ауданның барлық елді мекендерінде сол ауылдан шыққан түлектердің үлкен игіліктер жасағанын мақтанышпен сөз еткен ләзім.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support