Тәуелсіз елдің жаңа тұрпатты тәртіп сақшылары
Тәуелсіз елдің жаңа тұрпатты тәртіп сақшылары
Елбасы Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілген. Бұл – полиция қызметкерлері мен ардагерлеріне алғыс білдіріп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында өз өмірін құрбан еткендерді еске алатын күн. Мереке қарсаңында полиция ардагерлері мен қызметкерлері облыс орталығындағы «Ерлік» мемориалдық кешеніне барып, Б.Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қызмет бабында құрбан болған жауынгерлерді еске алып, тағзым етті.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне арналған салтанатты жиын орталық «Достық» алаңында жалғасын тапты. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Тілеген Маткенов әріптестері мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады: «Полиция күні бұл жай ғана мереке емес. Бұл – сала қызметкерлерінің ерен еңбегіне баға берілер күн. Біз елге шынайы қызмет көрсету арқылы халықтың құрметіне ие болған ардагерлердің адал қызметін өзгелерге үлгі етіп, тыныштық сақшыларының жұмысын саралаймыз. Атаулы мерекені атап өту арқылы Қазақстан халқының қауіпсіздігі үшін бейбіт уақытта өмірін қиған адамдарға құрмет көрсетеміз. Біз тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы үшін ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрміз. Осының өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді. Қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектері еленген бірқатар полиция қызметкерлері марапатталды. Атап айтар болсақ, 57 қызметкер «Қазақстан полициясына – 25 жыл» медалімен, 43-і Құрмет грамотасымен, 30-ы Алғыс хатпен марапатталып, 25-іне алғыс жарияланды. 1288 қызметкерге қаржылай сыйақы берілді. Салтанатты жиында ішкі істер департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері өз өнерлерін көрсетіп, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Камила БОРАШОВА