Әлеумет

Жиырмадағы Астана

Жиырмадағы Астана

Көнім кеуіп, көңілім шөлдегенде, Қазақ едім көнбейтін көлденеңге. Көлеңкемнің өзінен күн аңқыды, Ару қалам, Астанам, сен дегенде.

Ару қалам – Астанам, сен дегенде, Гүлдеп сортаң, шөп шықты шөңгеден де. Тікені де мап-мамық күйге еніп, Момын кірпім айналды ол да өлеңге.

Ару қалам – Астанам, бір сен десем, Жұлдызың боп төбеңде түн сөнбес ем. Қоңыраулы күймедей түзу тартқан, Қоңыр әуен тербейді жүрсем көшең. Ойға түсіп өткенің мың оралар, Жоқ-ты деуге кім сенер мына аралар. Жиырма жасың көзді ашып-жұмғандай сәт – Көк тіреп тұр көп күмбез мұнаралар.

Керек бұған ұлы ақыл, айла қандай, Жәй пенделік отырам жайға қанбай. Жапырағың өпкенде жүрегімді, Нөсер алды ойнаймын найзағайдай.

Мен өзіңнен осылай қуат алам, Бауыр басып кеткендей туа саған. Кемпірқосақ малынған алуан түспен, Ақ бұлтыңды аймалап шыға салам! Ару қалам! Астанам!

 

Үміт БИТЕНОВА, ақын.

Талас ауданы.