Марапат иелерін тапты
Марапат иелерін тапты
Кеше қалалық Мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған өңірдегі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер қатысып, бірқатары марапаттарға ие болды. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, шымылдығы түрілген басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Өркениет төріне қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын ілгерілетуші – мемлекеттік қызметші екені белгілі.Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын сала қызметкері болу – мәртебелі міндет. Өйткені мемлекеттік қызметші биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Қазіргі таңда облысымызда барлығы 458 мемлекеттік органда бес мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. «А» корпусы бойынша 11, «Б» корпусы бойынша 5068 маман болса, ал саяси қызметкерлердің саны – 7. Олардың арасында жұмысы нәтижелі, жаңадан келген мемлекеттік қызметшілерге үлгі көрсететін тәжірибелі әріптестеріміз баршылық. Ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп, мемлекеттік наградаларға қол жеткізген қызметшілер саны жыл санап артуда. Бұл – адал еңбектің әділ бағасы. Бес институционалдық реформаның бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталатыны баршаға белгілі. Расында да тәуелсіз жас мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көрінуі үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру – ең өзекті мәселе. Қазір осы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Бұл мемлекеттілігімізді нығайтып, қазақстандық қоғамды түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясаттың нәтижесі болатыны сөзсіз. Халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» деген дана сөз бар. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады, – деген Бекболат Серікбекұлы өңірдің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілерге алғыс білдіріп, бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Мереке қарсаңында марапатқа ие болғандардың қатарында облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Айжан Көшербаева, Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Қойшыбай Олжабаев, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Зарина Оразбекова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Сапарбек Сыдықов, Жамбыл ауданы әкімдігі аппаратының бөлімше басшысы Рая Түлкібаева бар. Өзге де бірнеше мемлекеттік қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев сөз сөйлеп, барша әріптестерін құттықтап, мерекенің маңыздылығы мен мемлекеттік қызмет саласының тарихына тоқталды. Агенттіктің атынан «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Қамар Құрманқұлованың төсіне тағып, өзге де бірқатар мереке иелеріне грамоталар тапсырды. – Бүгін кәсіби мереке қарсаңында «Үздік мемлекеттік қызметші» атанып отырғаныма қуаныштымын. Бұл осы салада талай жылдар бойы адал тер төккенімнің нәтижесі деп білемін. Барлық әріптестерімді құттықтап, табыс тілей отырып, еліміздің өсіп, дамуы жолында еңбек етуге шақырамын, – деді төсбелгі иегері Қамар Досымбекқызы қуанышымен бөлісіп. Салтанатты жиын ән әуелеп, би шалқыған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жанғазы Ахмет