Әлеумет

Ана мен бала денсаулығы – демография деңгейінің кепілі

Ана мен бала денсаулығы – демография деңгейінің кепілі

Еліміздің жер көлемі үлкен болғанымен, халық саны жағынан мақтана алмаймыз. Ал демографиялық өсім үшін ана мен бала денсаулығында кінәрат кездеспеуі шарт. Сондықтан да бүгінде ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесіне айналған. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңі бұл ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты десек, бұл бағытта біздің облыстың дәрігерлері қандай шаруа тындырып жатыр? Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Тараз қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, жай-күйімен танысты. Атап айтар болсақ, №1, 2 қалалық ауруханалар мен № 5 қалалық емхана және қалалық, сондай-ақ облыстық перинатальдық орталығына бас сұғып, ондағы науқастардың жағдайы мен көрсетіліп жатқан медициналық көмектердің сапасын зерделеді. Еркебұлан Әбілханұлы алдымен ауруханалардың жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу барысымен танысты. Сондай-ақ дәрігерлердің санаты мен біліктіліктерін арттыру жұмыстары, өзара тәжірибе алмасу жағы қалай жолға қойылғанын сұрады. Емдеу мекемелерінің көпшілігіне ортақ мәселе – кейбір мамандардың жетіспеушілігі екен. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен акушер-гинекологтер тапшы. Әзірге емдеу мекемелері қолдағы бар дәрігерлерді ыңғайластырып немесе келісімшарт негізінде жұмыс істеуде. Бүгінде №5 Тараз қалалық емханасына 61 238 адам тіркеліп, медициналық қызмет алуда. Олардың дені электронды картаға ауысып, жаңа жүйенің тиімділігін көре бастаған. Бұл туралы бас дәрігер Динара Сәрсенова айтып берді. 2010 жылы пайдалануға берілген мекемеде 85 дәрігер, 238 орта буын медицина қызметкері тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында еңбек етуде. Айта кету керек, тұрғындар аталмыш емханаға келмей-ақ онлайн түрде дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақырту, алғашқы медициналық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу секілді қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері бар. Ол үшін алдымен Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан электрондық цифрлық қолтаңбасын алып, «Е-gov» бағдарламасына тіркелсе болғаны. Осы және өзге де мәліметтерге қаныққан Еркебұлан Дауылбаев сала ісін жетілдіріп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін қалалық перинаталдық орталықты аралап көрген Еркебұлан Әбілханұлы сала қызметкерлеріне ана мен бала денсаулығын басты назарда ұстап, жіті көңіл бөлу керектігін ескертті. – Ана мен бала денсаулығы – демография кепілі. Демографияны көтеру үшін үшін ана мен бала денсаулығында кінәрат кездеспеуі шарт. Осыны ескерген Елбасымыз ана мен бала өлімін азайтуға барынша жағдай жасап отыр. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданды. Бұл өз нәтижесін беруде. Десе де көрсеткішті жақсарту үшін жоспарланған шаралардың қалай жүзеге асырылып жатқанын ұдайы бақылап отыру қажет. Бұл мәселе – облыс әкімінің қатаң бақылауында. Қателікке жол берілген жағдайға ешқандай кешірім болмайды. Осы жауапкершілікті сезіну керек, – деді Е.Дауылбаев. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қарагөз Сағыналиева орталықта өткен жылы 8529 нәресе дүниеге келгенін айтып, жасалған отаның саны да едәуір азайғанын жеткізді. – Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Көрсеткіш бұдан да жақсы болуы мүмкін еді. Бірақ базбір аналардың жүктілік бойынша дер кезінде тіркеуге тұрмауы кедергісін тигізіп отыр. Негізі әрбір бала тапқысы келетін ана бала көтермей тұрып дәрігерге келіп тексеріліп, кеңес алып, сонан соң баланы өмірге әкелуді жоспарласа дұрыс болар еді. Ал бізде жүктіліктің 12 аптасынан кейін, тіпті тууға жақын қалғанда дәрігерге келетіндер бар. Бұл кезеңде дәрігер ананың денсаулығынан кінәрат тауып жатса, оған көмектесуге шарасыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан әрбір ананың өз денсаулығына аса мән бергені абзал. Дүниеге дені сау баланы дені сау ана ғана әкелетінін есте сақтаған жөн, – дейді Қарагөз Әмірқызы. Мемлекеттің басты құндылығы ол – адам. Ал ана мен бала денінің саулығы қашанда маңызды. Өңіріміздің көрсеткіші салыстырмалы түрде жақсарып келеді, дегенмен әлі де «әттеген-ай» дейтін жайттар да жоқ емес. Ағымдағы жылдың алты айында 8600-ден астам нәресте дүниеге келсе, осы күнге дейін екі ана өлімі тіркелген. Бұл бойынша тексеріс жұмыстар жүргізілуде, дегенмен ол жақынынан айырылған жанға жұбаныш болмасы анық. Тек, алдағы уақытта ақ халатты абзал жандар мамандығына барынша ұқыпты әрі жауапты болса дейміз.

Жанғазы Ахмет