Экономика

Көптен күткен қуаныш

Көптен күткен қуаныш

Астана күні қарсаңында 140 отбасы баспаналы болды

Кеше Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданында көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болған тараздықтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ізгі тілегін арнады.

35– Құрметті тараздықтар! Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күрделі мәселе. Сондықтан, Елбасы осыған ерекше назар аударып келеді. Биылғы Жолдауында да үлкен мән берді. Астана күні қарсаңында үлкен қуаныштың куәсі болып отырмыз. 140 отбасы қоныстойын тойлауда. Бұл – тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Осы азаматтарды қуанышымен құттықтаймын. Жаңа үйдегі жақсы күндеріңіз бен қуанышты сәттеріңіз көп болсын! «Бәйтерек» шағын ауданында осымен 17-ші тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шағын ауданның болашағы жарқын деп айта аламыз. Мұнда абаттандыру, жол салу, көгеріштендіру жұмыстары қарқынды жүргізілетін болады. Қазір мектеп, балабақша құрылыстары жүргізілуде. Балаларға арналған екі аурухана бар. Жалпы Тараз қаласы жылдан-жылға өсіп, көркейіп келеді. Облыс орталығында тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бір жүйеге келтірілген. Жылдың соңына дейін тағы да үш көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Ел экономикасының қарыштап өсуінің нәтижесінде облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл Елбасының халыққа жасап жатқан қамқорлығының арқасы, құрметті жерлестер. Баспана болса бәрі де бола береді, деді.

Одан әрі Бекболат Серікбекұлы тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжатын уақтылы дайындаған «Арыстан-Сервис компаниясы» мен үйлердің құрылысын сапалы салған мердігер мекемелер – «Агроспецстрой» және «Комстроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылысшылары мен басшыларына алғысын айтып, қуанышты шараға қатысушыларды Астана күнімен құттықтады. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының қолынан бірінші болып пәтер кілтін Ұлы Отан соғысының ардагері Бертай Жаскиленов алды. Ауған соғысының ардагері Елубай Аймаханов пен Сармолдаев атындағы балалар үйінің түлегі Юлия Рахимованың да қуаныштарында шек жоқ. Интернационалист-жауынгер мен ата-ана мейірімін көрмей өскен екі баланың анасына да пәтер кілті мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атынан көрімдік ретінде бағалы сыйлық тапсырылды. Ауғандық жауынгер Е. Аймаханов Астана күні қарсаңында баспаналы болып жатқандары Елбасының сарабдал саясатының арқасы екенін айтып, шексіз алғысын жеткізді. 90 жастағы майдангер Б. Жаскиленов «Ел аман болсын, осы бақытты елдің бағына біткен Елбасына Құдай қуат берсін!» деп батасын берді. Салтанатты шарадан кейін Б. Орынбеков пен Тараз қаласының әкімі Н.Календеров қуаныш иелерінің баспаналарына кіріп, құтты болсын айтты. 75 және 65 пәтерлік көп қабатты екі үй де көздің жауын алардай жайнап тұр. Мердігерлер құрылысқа бар өнерлерін салыпты. Балалар үйінің түлегі Ю. Рахимова: «Сегіз жыл жатақханада, одан пәтер жалдап тұрдым. Қазір менің жүрегім қуаныштан жарылайын деп тұр. Бізді кісінің босағасына сығалатпай, пәтер алуымызға жағдай жасаған Елбасына айтар алғысым шексіз» деді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.