Білім беру саласын цифрландырудың бәсі биік
Білім беру саласын цифрландырудың бәсі биік
Мемлекет басшысының былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында білім саласы да жан-жақты қамтылды. «Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Бас тақырып – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», – деді.
Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Жуырда облыс әкімдігінің білім басқармасында салаға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістердің бұқаралық ақпарат құралдарында жұртшылыққа нақты әрі дұрыс жеткізілуі мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Маңызды шараның өтуіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті салаға енгізіліп бақылау департаменті мен аталмыш басқарма мұрындық болды. Басқосуға облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев және облыстық, қалалық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты. Д.Үскімбаева бүгінгі күні білім беру саласын цифрландыру бағытында Білім және ғылым министрлігі мен өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтіп, алда тұрған міндеттерден хабардар етті. Р.Тұрмағанбетова аталған бағдарлама аясында облысымызда атқырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. – Өткен жылы желтоқсан айында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітілгендігінен хабардарсыздар. Соның ішінде назар аударатын негізгі мәселе – білім саласын цифрландыру. Бұған дейін 2016-2017 оқу жылында облыстың 150 мектебі «Күнделік» жүйесіне пилоттық жобада кірген болатын. Жоба 2018 жылдың қаңтар айында аяқталды. Қазір 150 мектепте электрондық сабақ беріліп жатыр. Биыл облыстағы техникалық мүмкіндіктері бар елді мекендердің барлығын да «Күнделік» жүйесіне көшіру жұмысы жүргізілуде. Жүйеге қазіргі уақытта 384 мектеп тіркелді. Қыркүйек айынан бастап осы мектептерде электронды оқытуды енгізу мәселесі толығымен жүзеге асатын болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы. Көтеріліп отырған мәселелердің барлығын да интернет жүйесінсіз және компьютердің көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан бүгінгі күнге дейін облыстағы барлық 450 мектеп 100 пайыз интернет желісімен қамтылған. Облыс мектептері 20 366 дана компьютермен жабдықталыпты. Ал ішкі сымсыз Wi-Fi жүйесімен 142 мектеп жабдықталып, жалпы көрсеткіштің 32 пайызын құраған. Биыл 238 мектепке қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алулар жүргізілуде. Жыл соңына дейін Wi-Fi желісімен мектептер 100 пайыз қамтылатын болады. Білім саласын цифрландырудың тағы бір бағыты – балаларды заман талабына сәйкес бейімдеу мақсатында робототехника кабинеттерін ашу мәселесі. Осы уақытқа дейін мектептердің 7,1 пайызы робототехника кабинеттерімен жабдықталса, жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Одан бөлек 12 IT сыныптары, аудан орталықтарында бір-бірден, Тараз қаласында екі IT сыныбын ашу мәселесі қолға алынатын болады. Жиын барысында Р. Тұрмаханбетова білім саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесін енгізу тәртібіне де кеңінен тоқталып өтті. – Осы уақытқа дейін Тараз қаласында балабақшаға кезекке тұру е-Gov арқылы өткізілетін. Енді балабақшаға жолдама беру де автоматты түрде жүзеге асырылатын болады. Қазір оған ашық конкурс өткізіліп жатыр. Конкурс аяқталған соң, тамыз айынан бастап баласын балабақшаға орналастыруды ата-ана автоматты түрде көріп, бақылап отырады. Бұл әзірге Тараз қаласы бойынша ғана жүзеге асырылады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы. Білім саласындағы тағы бір жаңалық – енді оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау да автоматтандырылған жүйеге көшірілмекші. Ата-аналар арнайы базадан мектептің білім сапасы, материалдық-техникалық базасы туралы, мұғалімдердің біліктілігі мен жетістіктері жөнінде мағлұматтармен танысу арқылы толықтай ақпарат алып, өз баласын қалаған мектептеріне автоматты түрде орналастыра алады. Бұл жүйе де облыс аумағында кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақшы.
Алпамыс Қазыбаев