Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез.
Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез.
Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алады. * * * Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады. * * * Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастыруымыз қажет. * * * Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз. * * * Өзін-өзі қорғай алған елдер ғана өсіп-өркендеген. * * * Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз. * * * Өткен жолын жетік білетін қауым алар асуларын да айқын елестете алады. * * * Қазақ баласының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. * * * Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік! * * * Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек. * * * Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым. * * * Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер. * * * Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі. * * * Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады. * * * Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы. * * * Тарихты елдің азаматтары жасайды. * * * Қазақ ұлты басқа қай ұлтпен салыстырғанда да мемлекеттікке лайық екеніне сенімдімін. Мұны ол өзінің бүкіл тарихымен дәлелдеп отыр. * * * Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. * * * Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы да, міне осында. * * * Өткеннің өкінішін айтқанда елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек. * * * Қазақтың кең-байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен. * * * Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. * * * Біз – қандай қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауынгерлік даңқымызға дақ түсірмеген халықпыз. * * * Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі. * * * Қазақ халқы – дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. * * * Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар шынында да тарихтан тағылым ала алмайды. * * * Өткен заманды аңсау емес, тауқыметі мол болса да, өзіңе етене өз тарихыңды қастерлеу қажет. * * * Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт. * * * Тарих пен тіл тамырлас. * * * Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды. * * * Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.