Әлеумет

ХХІ ғасыр игіліктерінен шет қалған шағын аудан

ХХІ ғасыр игіліктерінен шет қалған шағын аудан

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70753,70754,70755,70766,70767"]

Қала іргесін мекендесе де газ бен ауызсулары жоқ, электр жарығы жиі өшеді, темір жолға өткел салынбаған

Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл және Байзақ ауданына қарап келген бірқатар елді мекендер мен саяжайлар 2010 жылы бекітілген Тараз қаласының бас жоспарына сәйкес қалаға қарады. «Тараздықтардың қатарына қосылып, қалалық болдық» деп бөркін аспанға атқан тұрғындардың қуанышы бүгінде су сепкендей басылған. Тараз қаласы әкімнің №11 аумақтық округіне қарасты 3,588 гектар алқапты алып жатқан, 2071 адам тұратын «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма», «Жиделі», «Көлтоған», «Көлтоған-2» «Қызыл-Абад» шағын аудандары және отызға жуық саяжайларды аралағанда, осыған көз жеткіздік. Жалпы шамның жарығы түбіне түспейтінін бұған дейін Тараз қаласы әкімінің №10 және №4 аумақтық округтеріне қарасты елді мекендерде болғанымызда да аңғарып едік. Осы екі округтегі мекендердегі шешімін күткен мәселелерді «Аq jol»-ға жарияладық. Әл-әзір қала билігі тарапынан сын мақалаға жауап жоқ. Бұл жолғы сапарымызды 2876 адам тұратын «Құмшағал» шағын ауданынан бастадық. Мекеннің кіреберісінде «поселок «Құмшағал» деген жазуға көзіміз түсті. Мекеннің қалай аталатынын ажырата алмағандарға не дерсің. Әйтеуір бір жақсысы жеңіл көлікпен тақтайдай тегіс асфальт жолмен зулап отырып бас инспектор Мұрат Аққұлиевтің кеңсесіне көзді ашып-жұмғанша жетіп келдік. Былтыр ғана қалалық әкімдіктен бөлінген 10 миллион теңгеге жөндеуден өткен кеңсе айнадай жалтырайды. Ауласы да тал-дарақпен көмкерілген. Жолдың арғы бетіндегі спорт алаңы мен ашық аспан астындағы сахнаны бас инспектордың ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары өз күштерімен салып алыпты. Түрлі мерекелік мәдени шаралар күн жылыда осында өтетін көрінеді. Осылайша жұрт болып жұмылып, қолдарынан келетін шаруаны өздері-ақ ұқсатып отырған құмшағалдықтардың тірлігіне риза болдық. Ал миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге тірелетін жұмысты тындыру – қалалық әкімдіктің міндеті. «Құмшағалға» осыдан үш жылдай бұрын да жолымыз түскені бар. Сонда тұрғындар газдың, ауызсудың, бірде бар, бірде жоқ жарықтың жырын айтып, қалалық әкімдіктен көмек сұраған. Күні бүгінге дейін соның бірде-бірі орындалмапты. – Бұл «Құмшағал» – менің ата-бабамның түпкілікті мекені. Өзімнің кіндік қаным осында тамып, осы мекенде ер жеттім. Туған жерден қол үзіп қайда барамыз деп, бұйырған тірлікті дөңгелетіп осында тұрып жатқан жайымыз бар. Менің білуімше, шағын ауданға «көгілдір отын» 2012 жылы тартылып, тұрғындар игілігіне берілуі тиіс еді. Егер біз Жамбыл ауданының қарамағында қала бергенде ендігі газдың рахатын көріп, қыздарымыз, келіндеріміз от жағып, күл шығару азабынан құтылар ма еді? Жыл сайын қала әкімі тұрғындар алдында есеп бергенде газды биыл қосамыз деп кетеді. Рас, газ құбыры 2016 жылы тартылды. Ол неге іске қосылмай отырғанын білмейміз. Екінші – ауызсу мәселесі. Ауызсу құбырының салынғанына 50 жыл болған. Жарты ғасыр уақыт аз емес, темір де тозады. Ауызсу ереже бойынша ертеңгілік сағат 7-ден түнгі 11-ге дейін берілуі тиіс. Солай бола тұра, кей күндері 8-ден ғана беріліп, cағат 11 болмай тоқтатып тастайды. Биылғы қыс қатты болғандықтан әрі судың үздіксіз берілмегендігінен, су қатып қалып, әбден ескіріп, шіріген құбыр жарылып кетті. Біздің шағын ауданда жарық та жиі өшеді әрі электр қуатының мардымсыздығынан болар-болмас сығырайып жанған жарықтан балаларымның барлығы көзілдірік тақты. Ауылды қақ жарып шойын жол өтеді. Мына іргедегі екі жарымдай километр «Шөлдалаға» 10 километрдей айналма жолмен барамыз, – дейді шағын аудан тұрғыны, «Қали-1» шаруа қожалығының басшысы Зайдулла Құсайынов. Иә, бұл мекеннің жарығы әлі күнге Жамбыл ауданына қарайтын көрінеді. Жылт етіп өшіп қалған жарықты қайта іске қосу үшін Аса ауылынан электршілер келгенше талай уақыт өтеді. Оның үстіне электр қуатын жинайтын «подстанса» ескі әрі бар болғаны 150 киловаттық екен. Қисайып құлауға айналған электр бағаналарын көргенде бүтіндей шағын аудан тұрғындары қараңғыда қалып кетер ме екен деп ойладық. Түнгі жарыққа келсек, бір ғана А.Байтұрсынов көшесі ғана жарықтандырылған. №8 қалалық емханаға қарасты дәрігерлік амбулатория екі пәтерлік қоржын үйдің бір бөлігіне орналасыпты. Жалпы тәжірибелі дәрігер Әлия Жосанованың мәлімдеуінше, бұл жайдың өзі Жамбыл аудандық орталық аурухананың балансында көрінеді. Әйтеуір науқастанып келгендерге алғашқы медициналық көмек қана көрсетеді екен. Тар дәлізде басы ауырып, балтыры сыздаған кезегін күтіп, иін тіресіп тұрған жұрттың қарасы көп. Заманауи үлгідегі медициналық жабдықтарды орналастыратын жай болмаған соң бұл жерді денсаулық сақтау мекемесі деп айтуға да келмейтін сияқты. Шағын ауданда балабақша да жоқ. №19 негізгі мектептің ғимараты бос тұр. Кезінде ол жерде балабақша болған. Жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген соң, босап қалған. «Енді балабақша үшін салынған осы ғимаратты жөндеуден өткізіп, балғындар мекені ашылса», – дейді бас инспектор. Бір жақсысы округ бойынша жол мәселесі шешіліпті. «Құмшағалдың» 8 көшесіне асфальт төселген. «Жиделіге» дейін де асфальт төселіп, жол жақсарғандықтан, бұрын бара бермейтін таксишілер қала мен екі араға жиі қатынайтын болған. Ауызсу тартылған. Шағын ауданда талай жылдан бері жерасты суы көтеріліп, тұрғындарды әбіржітіп келген болатын. Былтыр бас инспектордың тынымсыз шапқылауының нәтижесінде қалалық әкімдік жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөліп, «дренаж» салыныпты. Осы мекеннің тұрғындары Нұралы Көлбаев пен Бақтияр Есембеков үш каналға механикалық жолмен тазалау жұмыстары жүргізілгенін де жеткізді. Өздері де қарап отырмай экскаватормен арық қаздырып, тіршілік етіп жатса керек. «Біздегі бірінші мәселе – жайылымдық жердің жоқтығы. Күнкөріс көзіне айналған төрт түлігіміз жайылатын бір гектар да жер жоқ. Маңайдағы жер біткеннің барлығының иесі бар. Екінші меселе – қоғамдық көлік қатынасы. Ауылда қазір 140-қа жуық адам тұрады. Таразға қатынайтын автобус бағыты ашылса» деді жиделіліктер. «Көлтаған-2» шағын ауданынан 1300 гектар жер телімі беріліпті. Қазірдің өзінде 70 үй салынған. «Казарма» шағын ауданының тұсында округті қақ жарып жатқан шойын жолда өткел болыпты. 90-жылдардың басында жеңіл көлік пойыз тепловозының астында қалып, екі адам мерт болады. Содан өткел жабылған. Қол созым жердегі «Құмшағалдан» «Шөлдалаға» дейін 10 километрдей айналма жолмен біз де жүрдік. – Темір жолға өткел салу мәселесін көтеріп, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ облыстық филиалының басшысы Берік Ақшаловтың атына хат жазып, қабылдауында болдым. Оған рұқсатты Астанадағы басшылықтары беретін көрінеді. Әзірге мәселе шешімін таппай тұр, – дейді бас инспектор М.Аққұлиев. «Шөлдалада» да «көгілдір отын» мәселесі алдымыздан шықты. Газ құбыры мекенге кіргенімен, үй-үйге тартылмаған. Ол қашан ел игілігіне айналады? Оны қалалық әкімдіктің жауапты қызметкерлері айта жатар. Кеңес заманының көзіндей ауызсудың таудай болып мұнарасы жатыр. Округте автобус қатынасы да жетісіп тұрған жоқ. Бас инспектордың айтуынша, қоғамдық көліктің арақатынасы ереже бойынша 22 минут болуы керек. Ал тұрғындар автобусты бір сағат бойы күтетін көрінеді. «Лето», «Весна», «Казавтоматика», «Водник-1» деп бірыңғай ресми тілде аталатын 28 саяжайдағы көшелердің атауы да орыс тіліндегі жеміс-жидектердің атымен қойыла салған. Мәселен ана саяжайда да, мына саяжайда да «Яблочный» атаулары бар. Екі көлік қатарынан сыймайтын көшелері де жеңіл көлігі барларды әбден мезі қылған. Бір жақсысы жүз пайызға жуық жергілікті ұлт өкілдері тұратын округтің қай шағын ауданында болмасын тазалыққа үлкен мән берілетінін байқадық. Көше бойларында тау-тау болып үйіліп жататын күл-қоқысты көрмедік. Оның үстіне облыс орталығының тазалығына жауапты «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары көше бойларын тазалап жүр. Тәуелсіздік жылдарында шетелдерден оралған қандастарымыздың қарасы көп мұнда. Олар бейнет десе жанып тұрады. Бұрыннан тұрып келе жатқан ағайындармен қоян-қолтық араласып ғұмыр кешуде. Газ, ауызсу, темір жол өткелі сынды күрделі мәселелер болмаса қолдарынан келетін анау-мынау тірлікті ұйымдасып, өздері-ақ тындыра береді екен. Ағайын болып араласып кеткендіктен де шығар, округте қылмыстық оқиғалар көп тіркеле бермейтін көрінеді. Ал шеттен келіп шатақ шығаратындар кездесіп жатса, оларды полиция қызметкерлері бірден құрықтайды.

Амангелді Әбіл Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.