Әлеумет

Бақыт бағасын білгеннің басына тұрақтайды

Бақыт бағасын білгеннің басына тұрақтайды

Еліміз егемендікке жаңадан қол жеткізген тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кім-кімнің де жадынан шықпақ емес. Бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы 26 27экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс орындары тұралады. Әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі жабылып, жұмыссыздық белең алды. Осынау қиын-қыстау кезеңде ел тізгінін қолына алған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ештеңеден қаймықпай, баянды бастамалармен болашаққа батыл қадам басқаны мені ерекше марқайтады. Тұтастай елдің жүгін арқалап, сенім биігінен көріну оңай шаруа емес, әрине. Десек те, Елбасы осындай абыройлы асуды еңбекқорлығымен, парасаттылығымен, көрегенділігімен бағындырды. Өзгелер сияқты мен де Елбасының алмағайып уақытта сыннан сүрінбей өтуін Жаратушы иемнен тілеп отырдым. Шүкір, ел бағына туған ер ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кең байтақ Қазақстанды алға сүйреп, өркениетті елдердің қатарына қосты.

Міне, осындай таңғажайып адаммен тай-құлындай тебісіп бірге өскенімді мен үнемі мақтан етіп отырамын. Сұлтан екеуміз Шамалғанның көшесін шаңдатып бірге өстік. Тіпті бір көшеде. Қазіргі Үшқоңырда төрт, бес-ақ көше бар еді. Біз тұратын көше Подгорный деп аталатын. Қалғаны Киров, Фурманова, Колхозный атауларын иеленген. Үйлеріміздің арасы үш-төрт-ақ аула еді. Бала кезінде Нұрекеңді ешкім Нұрсұлтан деп жатпайтын, біз де, ел де Сұлтан деп атаушы едік. Барлық бала сияқты жалаң аяқ, жалаң бас ғұмыр кештік. Соғыстан кейінгі ауыр заман бізді ерте есейтті. Шөп те шаптық, алма тердік. Есекпен үйдегі қиды да тасыдық, оқуды да жақсы оқыдық. Сөйтіп, ел қатарына қосылдық қой. Біздің ағаларымыз да, әпкелеріміз де жастары қатар, құрбы-құрдас болып өсті. Әбіш атамыз да, Әлжан апамыз да өте мейірбан адамдар еді. Бар баланы өз перзенттеріндей көретін. Жалпы, сол кездегі үлкен кісілердің бәрінен шуақ төгіліп тұратын. Бөлуді, алалауды, шеттетуді білмейтін. Осылайша Шамалған көшелерінің шаңын бұрқыратып өсіп, жетілдік. Дана қазақта «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ» деген жақсы сөз бар. Өмір жолы бізді әр тарапқа бағыттады. Онжылдықты бітірген соң Алматыдағы металлургиялық зауытта үш ай үйреніп, төртінші санатты темір жонушы болып шықтым. Онда бір жыл жұмыс істедім. Біздің көкейімізде «Қайтсек ата-анамыздың жүгін жеңілдетеміз, оларға қайтсек септігімізді тигіземіз» деген ой ғана болды. Алғашқы айлығымды алып, анам екеуміздің базардан сиыр сатып алғаным есімде. Бұл менің ең бақытты күнім болды. Анамның қуанғанын көрсеңіз. Бақыттан басы айналды. Ал, менің төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрды. Мен теңізші болуды армандап едім. Ленинград­тың әскери-теңіз училищесіне құжаттарымды да жіберіп қойғам. Одан шақырту келгенде анам «сенен қандай моряк шығады, кіндігіңнен жоғары суға түсіп көрген жоқсың» деп ұрсып, жібермей қойды. Көз алдында жүрсін дегені де. Содан соң сол Шамалғандағы ауылшаруашылық техникумында оқып, мелиоратор мамандығын меңгердім. Үш жыл әскери борышымды өтедім. 10 жылдан аса Қордай ауданындағы №48 жылжымалы механикаландырылған колоннада бригадирліктен, колонна басшысына дейінгі қызметтердің бәрін атқардым. Одан соң Меркідегі №74 «ПМК-ға» бастық болып бекітілдім. Аттай отыз екі жыл осы жұмысты өз әлімнің жеткенінше адал атқардым. Жұмысты қойғаныма бір-ақ жылдың жүзі болды. Елбасы қай кезде болсын халықты ерінбей еңбек етуге жұмылдырып келеді. Бұл өте дұрыс. Президент «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп өзі айтқандай, адал еңбек қана барлық қиындықтарды жеңіп шығады. Өз өмір жолымда бұған көзім жеткен. Қазір де қарап отыра алмаймын. Жетпіс үшке келсек те, тырбаңдап жұмыс істей бергің келеді. Әйтеуір осылай тынымсыз тер төгудің арқасында үш перзент тәрбиелеп, аяқтандырдық. Бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Қазір де қарап отыра алмаймын, есік алдында үйрек-қаз асырап, үй шаруасымен айналысамын. Бұл бір жағынан өзіңнің денсаулығыңа пайдалы, екінші жағынан жастарға үлгі, өнеге. Ел үшін еткен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Құрылыс саласындағы көп жылғы еңбегім «Құрмет» орденімен аталып өтті. Бұл мен үшін үлкен абырой. Бала кезде болашақ Президентпен бірге өскен соң, ол туралы сұрайтындар көп. Әсіресе, журналистер қауымы жиі қолқа салады. Тіпті, бір жолы Президенттің көмекшісі Ермұхамбет Ертісбаев та «Балалық кездеріңізді әңгімелеп берсеңізші, жақсылап хатқа түсірейін» деген. Мен «Ереке, қажеті не? Достықты қадірлейді, көзінің қарашығындай сақтайды, қорғайды, сезіміне селкеу түсірмейді» дедім де қойғам. Шынын айтқанда ғұмыр бойы атан түйе көтере алмас ел жүгін арқалап келе жатқан досыма, кішкентай ғана сөзбен де зиянымды тигізгім, көңіліне көлеңке түсіргім келмейді. Бәрі де жүректе сайрап тұр... Нұрекең өте әділ, өте мейірімді, өте қарапайым адам ғой. Көңілденген кезінде мұрнын ары-бері сипалай береді. Бала кезінен солай. Қазір де теледидардан байқап қаламын. Жұмыс бабымен Меркіге келген үш-төрт сапарында да бірге болдым. Арнайы іздетіп, шақыртып та алдырды. Бала кезімізді еске алайық деп 4-5 күн қонақ та етті. 1998 жылы «Ғасырлар тоғысында» атты кітабын сыйлап, қолтаңбасын қойып берді. «Өзіміз де аз-ақ қалдық қой. Жолығып тұрайық та» деген бірде. Нұрекең солай десе де оның алтын уақытына бөгет жасағым келмейді. Қалай десе де Тәуелсіздіктің құсы қонақтағанда тағдыр жүгін арқалаған азаматтың пешенесіне елі үшін өзін ұмытуды жазыпты. Оның бала күнгі бейнесі әлі күнге көз алдымда тұрады. Бір кездегі балаң жігіт, Нұрсұлтан Әбішұлының ел сенімін арқалап, алға, нұрлы болашаққа қазақ халқын бастап келе жатқанына шын ниетіммен қуанам. Алла тағала, ұзағынан сүйіндірсін!

25Геннадий ИЛЬИН, еңбек ардагері.

Меркі ауданы.