Әлеумет

Елбасы қойған есімін

Елбасы қойған есімін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1958-1960 жылдары комсомолдық жолдамамен Украинаның Днепродзержинск қаласында білім алғанын бүгінде білмейтін жан кемде-кем. Сол тұста металлург мамандығын игеруге болашақ Президентпен бірге алғаш аттанған қазақ жастарының қатарында жуалылық Рақымжан Мырзахметов те болды. Олардың мақсаты айқын еді: білім мен біліктілік шыңдап, еліміздің металлургиясын дамытуға үлес қосу. Алға осындай бағдар ұстанған жастар аянған жоқ. Оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Спортты серік етіп, мәдени-көпшілік шаралардың да ортасынан табылды.

Алпысыншы жылдың басында оқу бітіріп келген жас металлургтер елімізге оралып, бірте-бірте болат балқыту ісіне араласты. Рақымжан Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаевпен иық тірестіре жұмыс істеді. Ол №1, бұл №2 домна пешінде. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жастар жұмыстан қашқан жоқ. Күндер зырлап өте берді. 1964 жылдың 6 шілдесінде бір үйдің баласындай болып кеткен жас металлургтер достары Нұрсұлтан Назарбаевтың туылған күнін атап өтеді. Арада алты күн өткенде жора-жолдастар тағы да қуаныш құшағына бөленеді. Рақымжан мен Сәнияның жас шаңырағында шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Тура сол күні алғашқы шойын балқытылып шығарылған екен. Достар мәре-сәре. Бірін-бірі құттықтап, бөріктерін аспанға атуда. Шат-шадыман шаттықтан жүздері балбұл жанған достар жаңа туған нәрестенің атын Шойынхан деп қоюды да ойластырып үлгереді. Бірақ, бұл есім жас Нұрсұлтанға ұнай қоймады. Қатарластары «Енді кім деп қоямыз?» дегендей емеурін танытады. «Шойынхан деген біртүрлі дөрекі естіледі. Теміртаудың құрметіне Темірхан деп қойсақ қалай болады?» дейді ол. Көңілді ортада отырған жастардың бәрі «дұрыс, дұрыс» деп бұл ұсынысты бірден қостай жөнелді. Міне, осылайша Теміртау қаласында кіндік қаны тамған Темірхан Мырзахметов бүгінде ердің жасы елуде. Ол ата-бабасының құт мекені Жуалы жерінде білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қақты. Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары білімді маман атанды. Он сегіз жыл білім саласында қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек сіңірді. Соңғы төрт жылға жуық уақытта мемлекеттік қызметте. Қазір аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымын атқарып жүр. Ол қай салада, қай орында жұмыс істемесін, өзінің есімін қойған Елбасын үнемі есіне алып отырады. Әркез мақтан тұтады. Президент туралы пікір білдіргенде айрықша тебіреніп кетеді. – Елбасының зеректігі мен парасаттылығы оның жас кезінен-ақ айқын аңғарылған. Қатарластардың арасында алғаш болып менің ата-анам шаңырақ көтеріпті. Сондықтан да болар, достардың бәрі көбіне біздің үйде бас қосқан. Бәрі сондай тату-тәтті орта болып араласыпты. Ата-анам Президенттің сол кездің өзінде айрықша қасиеттерімен дараланып көрінгенін үнемі айтып отырады. Менің есімімді қойғанда да оның ұсынысы шешуші мәнге ие болыпты. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Әрі жауапкершілік деп білемін. Бүгінгі атқарып отырған қызметімде «қателік жіберіп алмайын, Елбасының атына кір келтірмесем екен» деген ой санамнан кетпей тұрады. Өз басым Мемлекет басшысын жақыннан көрген жанның бірімін. Президент достары оқу бітіргендеріне 50 жыл толуына орай 2008 жылы Теміртау қаласында кездесті. Сонда жора-жолдастары әкеме «Кезінде біз төбемізге көтерген кішкентай сәби үлкен азамат болған шығар, кездесуге алып келсеңші» деп қолқа тастапты. Сол жолы әкемнің достары ерекше еміреніп, ақ баталарын берді. Елбасы халықпен кездесуге қаланың орталық стадионына кіріп келгенде тұлабойымды ерекше сезім биледі. Нұр-аға көппен қол бұлғап амандасып, тұп-тура мен отырған қатардың жоғары жағына жайғасты. Шыны керек, мен бұл сәтті көптен күтіп жүрген едім. Алаңда өтіп жатқан шараға емес, жоғарыда отырған Президенттен көз алмай, қарай бердім. Тек ол кісімен бетпе-бет жүздесудің сәті түспеді. Бұл менің арманым еді. Алдағы уақыттарда оның да реті келетініне іштей сенімдімін, – дейді Темірхан Мырзахметов толғанысын жасыра алмай. Бүгінде бір мекеменің басшысы ғана емес, жарасымды отбасының да ұйытқысы болып отырған Темірхан Мырзахметов үшінші ұлының есімін Елбасының құрметіне, әрі «бақытты кезеңнің бүлдіршіні ғой» деген оймен Нұрбақыт деп қойыпты. Өткен жылы оны Астанаға ертіп апарып, бас қаланы әбден аралатыпты. – Сарыарқаның сайын даласынан осындай Астана тұрғызған Елбасына біз мәңгілік қарыздармыз. Президент өз Жолдауына «Мәңгілік Ел» идеясы мен әлемдегі отыз елдің қатарына кіру мақсатын арқау етті. Міне, бұл межеге жету үшін жастарымыз патриот әрі білімді болу керек. Әкем металлургия саласындағы еңбек жолын кейін ұстаздықпен ұштастырды. Анам балабақшада жұмыс істеді. Екеуі де ұл-қыздарының ұстаз болуын қалады. Өйткені, өмірдегі барлық игілік біліммен келеді. Ал, оған жол бастаушы – ұстаз. Мен үнемі жастармен кездесуде сапалы білім алып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосу керектігін айтып отырамын. Өйткені, Елбасы айтқандай бүгінгі жарқын істердің бәрі де жастардың кемел келешегі үшін атқарылып жатыр. Ел ордасы Астанадай қала салған еліміз қандай бақытты! – дейді Темірхан Мырзахметов.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

 Жуалы ауданы.