Әлеумет

Ол күндер ойдан кетпейді

Ол күндер ойдан кетпейді

Бұл апатты ел күткен жоқ еді. Бәрі де қас-қағым сәтте болды. Құлан ауылы мен Луговой стансасының халқы кенеттен болған жер дүмпуінен есін екі күннен кейін жиды. Өйткені зілзала бір емес, үш адамның өмірін жұтты. Жер дүмпуіне жүрек дүрсілі қосылып тұрған қиын-қыстау сәт еді бұл. Әлі есімде, осынау аласапыранда 2800 лашық пен 500-дей киіз үй тігіліп, жұрт бір-екі ай бойы далада жатты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Құланға Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетов келіп, шұғыл Үкімет отырысын өткізді. Біз ауыл ақсақалы ретінде әбіржіген елді тыныштандырып, сабырға шақырдық. Елбасына рахмет, қираған 2724 үйді қайта орнына тұрғызуға бүкіл қазақ елін жұмылдырды. Басқа елдерден ешқандай көмек алған жоқ. Мен сонда халқымның ұйымшылдығына тәнті болдым. Нұрсұлтандай басшысы бар ел көгереді, көбейеді деген ойға келдім. Өйткені осынау табиғат апатынан зардап шеккен Құлан өңіріне республикамыздың барлық облыстары келіп қолұшын беріп, әрқайсысы он бес үйден, ал, Алматы мен Астана қалалары 30 баспанадан салып берді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Ерлан Атамқұлов 302 пәтер салып берді. Одан бөлек 1200 орындық мектеп тұрғызып, мектеп ұжымына бір шағын автобус сыйға тартты. «КЕГОК», «КазАтомПром», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансОйл» сияқты компаниялар үш ай ішінде 4 жаңа мектеп салып, 12 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп берді. Құланда 700 жаңа үй бой көтерді. 543 үйді облыстар салып берді. Осының барлығы ел бірлігінің, Елбасы Назарбаевтың әкелік қамқорлығының арқасы дер едім. Мұны құландықтар өмір бойы ұмытпақ емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Міне, біз сол тұста Елбасы шапағатын терең сезіндік. Бұл бір ғана өңірдегі тірлік. Ал, тұтас ел аумағында атқарылып жатқан жұмыс қаншама. Қиын кезеңде қайыспай, Қазақ елін алға бастаған Елбасымыз аман болсын! Еліміз гүлденіп, көркейе берсін! 19Кершәйіз Мырзалиев, ауданның Құрметті азаматы. Тұрар Рысқұлов ауданы.