Саясат

Жақсы көрсеткіштер бар, бірақ тоқмейілсуге болмайды

Жақсы көрсеткіштер бар, бірақ тоқмейілсуге болмайды

Мәдениет пен өнерді, әдебиетті ойлаған жақсы, алайда әлеуметтік-экономикалық дамуымыз басты назарда болуы тиіс. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша облыстағы экономикалық жағдай оң динамикасын көрсетуде. Өңірде өнеркәсіп саласын дамытуда барлық қала, аудандарда өсім бар. Бұл орайда облыстық көрсеткіштен жоғары нәтижені Меркі мен Қордай аудандары көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция, ауыл шаруашылығы бойынша да өсу байқалады, құрылыс саласы да қарқынды дамып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте кеңінен айтылды. Әуелі облыс әкімдігі эконономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, өздеріне тиесілі индикаторды орындамаған басқармалар мен аудандарды атап көрсетті. Мәселен, құрылыс саласы бойынша жыл басынан бері 4 айды өсіммен аяқтаған Мойынқұм ауданы бесінші айда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемін 46,7 пайызға төмендетіп алған. Ал Шу ауданында инвестиция көлемі 45,2 пайызға төмендеген. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы да 4 индикаторды орындамай отыр. Атап айтқанда, бұл міндеттер киім, резеңке және пластмасса, дайын металл бұйымдарын өндіру өндірістері мен бөлшек сауда айналымына қатысты. Киім өндіру өндірісінде индикатордың нысаналы мәні 27,3, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 47,7, дайын металл бұйымдарын өндіру 51,7, ал бөлшек саудада айналымы 1,3 пайызға орындалмай отыр. Шу ауданында инвестиция көлемі 45,2 пайызға төмендеген. Басқарма басшысы Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, 5 айдың қорытындысы бойынша әр ауданда 13 индикатор орындалуы тиіс еді. Бұл міндет Жуалыда 8, Меркіде 5, Мойынқұм мен Байзақ аудандарында 4, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарында 3, Тараз қаласы мен Қордай, Сарысу аудандарында 2 индикаторға орындалмаған. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында негізгі индикаторлардың бірі – «жалпы өлім» индикаторы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеген. Жиын барысында тиісті басқарма басшылары талап үдесінен шыға алмаған аудандардың атын атай отырып, кейбір индикаторлардың орындалмау себебін түсіндіріп берді. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджанов инвестицияның нақты көлем индексі Шу ауданында 45,2 пайызға төмендеуін бүкіл елдің назарын өзіне аударуы тиіс мегажоба «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы кейбір жобалардың жүзеге асырылуы кешеуілдеп жатқанымен байланыстырды. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев шетелге ет экспорттау ісінде нарық біршама қиындықтар тудырып жатқанын, оның ішінде көршілес жатқан қырғыз еліне ет жөнелту экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, бүгінде әлемдік нарыққа шығудың жолы қарастырылып жатқанын айтты. Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев Мойынқұм ауданында құрылыс қарқынының төмендеуін конкурстың кеш жариялануынан болғанын түсіндірді. Десе де, Асқар Исабекұлы әр ауданның әкімдерімен онлайн-режімде байланысқа шығып жауапты өз ауыздарынан естіді. Соның ішінде денсаулық саласы бойынша кісі өлімінің көрсеткішін кейбір аудандарда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіндегі көлік апаттары арттырып отырған сыңайлы. Жалпы, өндіріс саласы бойынша көрсеткіштің төмендеуіне көбіне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің өз есептерін 6 айда бір тапсыратындығы арқау болып отырса керек. Осыны тілге тиек еткен бірқатар аудан басшылары алдағы уақытта межелі көрсеткішке қол жеткізетіндерін айтып сендірді. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтан шаһарда бөлшек сауда айналымының төмендеу себебін сұрап, басқа-басқа, бұл индикатор көрсеткіші Таразда көңіл көншітерліктей деңгейде болу қажеттігін еске салды. – Жалпы алғанда, бес айдың қорытындысы бойынша облыстағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр. Үкімет отырысында да біздің облыстың көрсеткіші тәуір екені айтылған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда көптеген индикаторлар бойынша өсім бар екені рас. Десе де, біз қай ауданда нақты қандай индикатордың орындалмай қалу қаупі бар немесе орындалмай жатыр, осыны бірлесе талқыладық. Енді алдағы 15 шілдеден кейін алты айдың қорытындысы бойынша әр ауданға арнайы жұмыс сапарымен шығатын боламыз. Сол кезде бұл мәселелер тағы қаралады. Сондықтан аудан әкімдері, жауапты басқарма басшылары берілген тапсырмаларды орындауда сенім үдесінен шығуы тиіс, – деді Асқар Исабекұлы. Бұдан кейін жазғы шомылу маусымында облыстағы су айдындарында судағы төтенше жағдайлардың, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шаралары жөнінде атқарылуы тиіс жұмыстар жайы қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Сабировтың айтуынша, департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, осы жылдың 19 маусымына дейін облыс бойынша 7 адам суға батып қайтыс болған. Оның 3-еуі балалар екен. Облыс әкімі аталған департамент басшылығына демалушыларға шомылу ережесін түсіндіру, жадынама тарату секілді алдын алу жұмыстарын жүргізуден бөлек, су айдындарының қауіпсіздігін нақты қамтамасыз етудің жолын табуды тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ