Мәдениет

Жүрегімді жарып шыққан алғысым шексіз

Жүрегімді жарып шыққан алғысым шексіз

Елбасының назарынан мемлекеттік мәні бар бірегей ауқымды істермен қатар, еліміздің әр азаматының жеке тағдырына қатысты мәселелердің де тысқары қалмайтындығы белгілі. Мемлекет басшысы әрқилы жағдаймен тіршіліктің тәлкегіне ұшырап, теперішін тартқан жандарға дер кезінде қайырылып, қамқорлыққа алып отырады. Соның нақтылы бір айшықты көрінісін өз басымнан да өткеріп, бүкіл болмысыммен түйсініп, сезініп келе жатқан жайым бар. Жұртшылыққа мәлім, кезінде киноактер ретінде фильмдерге түсіп жүрген кезімде көлік апатына ұшырап, тән жарақатын алғанмын. Сол кінәрат жас ұлғая келе ушығып, осыдан үш жылдан астам бұрын аяқтан қалып, төсек тартып жатып қалдым. Ал, одан айығу үшін қыруар емдеу ақысын төлеп, Германияның Рейн өзенінің жағасындағы Баден-Вюртемберг деп аталатын жерде орналасқан Кель қаласында емделуім керек болды. Мен сияқты театр және кино актерінде ондай қомақты қаржы қайдан болсын. Міне, сондай сын сәтте бұрын Жамбыл, Алматы облыстарының әкімі, еліміздің ауыл шаруашылығы министрі, Республика Президенті әкімшілігінің іс басқарушысы сияқты лауазымды қызметтерді атқарған, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің өтініші негізінде Қазақстанның тұңғыш Президенті атындағы қордан 5 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлгізді. Сөйтіп, Елбасының өзіме жасаған қамқорлық, қайырымдылығы арқасында көңілімде үміт оты жағылған. Келешекке деген сенімім оянды. Көп ұзамай-ақ, Кель қаласындағы атауы әлемге әйгілі Еуропадағы жетекші ауруханада емделіп, аяғымнан тік тұрып кеттім. Ұлт Көшбасшысы кейін де менің жағдайымды назарында ұстап, міне үш жыл қатарынан Республика Президентінің стипендиясын иеленіп келемін. Елбасының осындай жанашырлығының арқасында денсаулығымның құлан-таза жақсарып, сергек көңілмен отбасына оралғаным және бүгінде жанұямның қуанышын қызықтап отырғаным үшін әуелі Алла тағаланың, содан соң Мемлекет басшысының алдында өзімді мәңгі бақи қарыздар сезінемін. Халқымыздың тағдырына біткен бақ-талайы, еліміздің мызғымас біртұтастығының қорған-тірегі бола білген Елбасының жақсылық-шарапатын көрген жандар республикамызда баршылық. Күні ертеңгі айтулы мерекелі сәтке байланысты солардың және өзім мен отбасымның атынан ұлтымыздың мың жылда дүниеге бір-ақ келетін ұлы перзентіне, жүрегімізді жарып шыққан алғыс-ризашылығымызды, игі тілегімізді білдіргім келеді.18Жұмахан Әбдіқадірұлы,театр және кино актері.