- Advertisement -

Басты мақсат – қауіптілік деңгейін төмендету

137

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг өңіріміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы декларациялануға жататын қауіпті өндірістік нысандар тақырыбына арналды. Бұл мәселе жөнінде Инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Талғат Байзақов тарата айтып берді.
Еске сала кетейік, аталған департамент бұрын облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті құрамында болды. Елбасы Жарлығымен 2014 жылы өз алдына жеке шаңырақ көтеріп шыққан. Бүгінде қауіпті деп табылған өндіріс ошақтарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіпті заттарды дайындау, өңдеу, тасымалдау кезінде тұрғындарға, қоршаған ортаға залалы тимеуі мәселелерін бақылап, қадағалайтын өңіріміздегі бірегей құрылымға айналып отыр. Мекеменің штаттық құрамы 21 бірлікті құрайды.
– Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздігін міндетті декларациялау өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындарды зиянды өндірістік факторлардан қорғау жөніндегі іс-шаралардың жеткіліктігін және тиімділігін бағалау мақсатында жүзеге асырылады. Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы жобаланатын, қолданыстағы қауіпті өндірістік объектілер үшін әзірленеді және өнеркәсіптік өндірісті пайдалануға беру, пайдалану және пайдаланудан шығару кезеңдерінде оның қауіптілігін сипаттауға әрі тіркеу шифрін беру үшін декларация азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органда тіркелуге тиіс, – деді Т. Байзақов.
Оның айтуынша, бекітілген өлшемшарттар шегінде заттарды сақтауға арналған нысандар міндетті түрде сақтандырылуға жатады және олардың сақтандыру полистері болуы міндеттелген. Мысалы, аммиакты пайдалану, сары фосфор өндіру кезінде олардың көлемі бұрнағыдан артуы жағдайында декларацияланған нысандар сақтандырылуға тиіс. Мұндай нысандардағы қауіпті заттар сақталуы қоса есептелініп, жалпы қауіптілігі тұрақты түрде анықталып отырады.
Жалпы өңірімізде бүгінгі таңда декларацияланған 70 нысан тіркелген. Олардың 58-імен талапқа сай келісімшарт жасалынған. Ал 12-сінде жұмысы тоқтап тұруына, қауіпті заттар пайдаланылмауына, экономикалық басқа да жағдайларына байланысты тиісті шарттар орындалмауда.
Басқосуда ҚР Үкіметінің «Қауіпті өндірістік нысандарды декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлерін айқындау тәртібі туралы» қаулысы мен Инвестициялар және даму министрінің «Қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланған объектілерге жатқызу критерийлерін айқындайтын және қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы туралы да кеңінен ақпарат берілді. «Ең бастысы – өнеркәсіптік қауіптілік деңгейін төмендету. Жұмысымызды, міне, осы бағытта жүргізу үстіндеміз», – деп қорытты сөзін Талғат Тоқсанәділұлы.
Аталған департамент басшысының орынбасары Даниярбек Түсіпов декларациялардың жүзеге асырылуы шарттары жөнінде айтып, декларациялау 5 жылда бір рет өткізілетіндігін, ал қауіпті нысандар көбейсе өндіріс орны қайта декларациялауға жататынын, ал мұндай жосықтан өтпегендердің жұмыс істеуіне тыйым салынатынын түсіндіріп өтті.
Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support