«Әлжан апа» ауылында
«Әлжан апа» ауылында
Құрылыс қарқынды жүріп жатыр
Өткен жылы сәуір айында Қордай ауылында «Әлжан апа» шағын тұрғын ауданының іргетасы қалана бастады. Әлжан – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының аты екені мәлім. Сол әз анамыз туып-өскен Қасық ауылына жақын жерден бой көтерген бұл жаңа құрылыстың мәнін перзенттерінің анаға құрметі мен халыққа қамқорлығы тұрғысынан қарастыруға болады. Құрылысқа бас-аяғы 2,5 миллиард теңге инвестиция құйып отырған Әлжан апаның ұлдарының бірі, танымал кәсіпкер Болат Назарбаевтың қатысуымен тұрғын үйлердің алғашқы кірпіші қаланған болатын. Содан бергі уақытта мұнда биік үйлердің қарасы молайып, қасынан жаңа құрылыстардың іргетасы құйылып жатыр. Жоба бойынша ықшам ауданға арнайы бөлінген 12 гектар алқапта әрқайсысы екі пәтерлік 70 коттедж бой көтеруі тиіс. Әр он коттедж бір аулаға (көшеге) біріктіріліп, балалардың ойын алаңдары салынады. Бәріне ортақ балабақшасы, стадионы, инфрақұрылымдары болмақшы.
Біз кеше құрылыс басында болдық. Бас мердігер тараздық «Сұңқар» ЖШС-ның өкілі, учаске басшысы Амангелді Өндірбаев жұмыс жайымен таныстырып жатыр. Күйдірілген қыш блоктардан қаланған екі қабатты бес үйдің шатыры жабылып, терезелері салынып қойыпты. Тағы бесеуінің төбесі жақын күндерде жабылмақ. Ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған бұл он үйді алдағы бір жарым айда толық аяқтауға негіз бар. Ал енді бір коттедждің ені 12,5 метр, ұзындығы 18,5 метрден. Сонда жалпы тұрғын алаңы 400 шаршы метрді құрайды немесе бір отбасына соның тең жартысы тиеді. Үйдің ішкі бөліктерін тұрғындардың қалауынша жасауға да болатын көрінеді. Бүгінде мұнда вахталық әдіспен жүзге тарта адам еңбек етуде. Олардың жартысына жуығы жергілікті тұрғындар. Құрылысшылар үш бригадаға бөлініп жұмыс істеуде. Бригадир Сәбит Жаңабаев, шебер Руслан Ғалымбетов, тас қалаушы Абай Жарылқасымов, сылақшы Сағындық Раев, ағаш шебері Темірбек Бермаханов сынды өз ісінің білгірлері жалпы жұмыс қарқынына ұйытқы болуда. – Жетпіс коттеджден тұратын ықшам ауданның құрылысын биыл аяқтау ұйғарылып отыр. Оған қажетті қаражат, құрылыс материалдары бөлінген, техника және адам ресурстары жеткілікті. Құрылысы бітуге таялған алғашқы он коттеджге жалғастырып тағы жиырма шақты үйдің іргетасына орын дайындап жатырмыз. Қажетінше қосымша адам күші жұмылдырылады, – дейді учаске басшысы Амангелді Өндірбаев. Демек, алдағы уақытта «Әлжан апа» ауылында қоныс тойлары басталатын күндер жақындап келеді. Қордайдағы тұрғын үйге мұқтаждық тауқыметтерін шешуге мұның да өзіндік серпінді үлесі болмақшы.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.