«Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық!»
«Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық!»
Кім болмасын туған жердің топырағынан нәр алады, тамыры тереңдеп, саласын кеңге жаяды. Барлығымызға жақсы таныс «Бейбарыс» кинофильмінде басты кейіпкер (рөлді сомдаған талантты актер Нұрмахан Жантөрин болатын) сұлтан Бейбарыс өмір бойы, көзі жұмылғанша Ұлы даланың – туған өлкесінің бір уыс топырағы мен жусанының иісін аңсаумен өтеді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та әрдайым туған жері, кіндік қаны тамған шырайлы Жетісу өңіріндегі Үшқоңыр мен Шамалғанды жиі есіне алып, естеліктерінде ерекше перзенттік сезіммен, жүрегі елжірей жазады. Сағынышын да жасырмайды. Тіпті кейде қолына қалам алып, жыр жазып толғанатын сәттері де болады. Соның бірі – радио мен теледидардан жиі беріліп жүрген «Үшқоңыр» әнінің мәтіні: Yшқоңырым, туған жерім, Рахым нұры қонған жерім. Шыңдары төбе бидің қалпағындай, Жазира жасыл кілем алқабындай. Жусаны, бұрқыраған топырағың, Әжемнің шекер қосқан талқанындай, – деп тебіренеді Елбасы. Әйгілі Шәкең (композитор Шәмші Қалдаяқов) де өзінің атажұртына, ақын Сабырхан Асановтың шабытын оята отырып: Теріскей, айналайын келбетіңнен, Сен бізге ақ бесіксің тербетілген, – деп ерекше шабытпен, толқи отырып ән арнағанын көңілі ояу, көкірегі ашық, зерделі кісілер жақсы біледі Иә, физика ғылымында жердің тартылу күші деген түсінік бар. Менің пайымдауымша, туған жердің топырағы да кімді болмасын өзіне тартып тұратын болу керек, сірә. Әсіресе жасы ұлғайған сайын сол күш арта түсе ме деп ойлаймын. Зер салып көрсеңіз, жасы келген сайын адам туған жеріне, өскен өлкесіне барғысы келіп, ауасын жұтып, суына жуынып, атамекенінің сай-қыраттарын аралап, ел арасында аунап-қунап қайтқысы келіп тұратынында көпшілік біле бермейтін бір сыр бар. Мысал керек пе? Келтірелік. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында еліміздің оңтүстік өңіріне жыл сайын көктем-жазда келіп, асықпай аралап, кәріқұлақ қарттармен әңгімелесіп, жергілікті аңыз-әңгімелерді қағазға түсіріп, ереше бір шабытқа мініп, мерейі өсіп Алматыға қайтады екен. Ол өйткені Семей өңіріндегі Шыңғыстауда туса да, ата-бабасы өсіп-өнген атажұрты осы оңтүстікте екенін жақсы біліп, сезінген. Белгілі қаламгер Тәкен Әлімқұлов та туған жері Қаратау өңірі мен туған топырағы Созақты жиі аралаған. Бабатада айлап жатып, шығармаларының кейіпкерлері мен ондағы шым-шытырық оқиғаларды, қызықты сюжеттер мен детальдарды, құнарлы сөздерді, елең еткізер атауларды осы ортадан алған екен. Өлер алдында: «Мені туған топырағым Бабатаға, шешемнің қасына жерлеңдер» деп өтінгені де туған топыраққа деген сүйіспеншіліктен туған болуы керек. Қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды Өзбекәлі Жәнібеков туған топырағы Отырардағы Арыстанбабта, жазушы-сатирик Шона Смаханұлы Таластың Ойық ауылына, ұлтымыздың ерекше дарынды сазгері Нұрғиса Тілендиев Ұзынағаштағы Жамбыл бабасының қасына, ал белгілі ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбек туған топырағы Жаңаарқа даласының бір дөңіне жерлеуді аманат етіпті. Көрнекті жазушылырымыз Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы кіндік қандары тамған топыраққа, яғни Шығыстағы табиғаты тамылжыған Қатонқарағайда жерленді. Ерекше еңбекқор, ғалым-филолог Рахманқұл Бердібаев пен атақты театр режиссері, сахна саңлағы Райымбек Сейтметов Алматыдағы жылы орындарын «суытып», атақ-даңқтарына, жаңа қоныстың сандаған қиындықтарына қарамай, туған топырағы Түркістанға ес біліп, ел таныған шақтарында оралып, туған жерлерінде сарқыла еңбек етті, маңайларына дарынды жастарды топтастырып, мәдениет пен ғылымға сусындатты. Сол жерде соңғы демі біткенше еңбек етіп, елдің есінде қалды. Жазушы Оспанәлі Иманалиев те жасы келген шағында Алматыдан туған топырағы Ақкөлге (Талас ауданы) оралып, біраз жыл шығармашылықпен айналысып, артына елеулі дүние тастап кетті. «Өзгені қайдам, мен ес білгелі әке-шешемнің асыл арманы туған жерге, атажұртқа қайтып оралу болатын. Ол ойларын жария етуге Қытайдың жымысқы саясатынан жасқанса да, іштеріндегі сағынышты жасыру мүмкін емес. Тіпті әкем бізге Қазақстанның куәлігін де алдырып қойған болып шықты. Бұл кейіннен екі мемлекет арасындағы жылымық кезінде біздің алғашқылардың бірі болып елге өтуімізге септігін тигізді. Осылайша 1958 жылы Қазақстанға қайтып оралдық. Бізді сол кездегі Қапал ауданына қарасты Абай атындағы кеңшардың төрағасы Нұрболат Түшкенов деген кісі Қорғас шекарасынан қарсы алды. Азды-көпті алып өткен жүгімізді қорапты машинаға тиеп, өзімізді жеңіл көлікпен алып жүрді. Ол кезде қазіргідей тасжол жоқ, өзімді құлазыған қу далаға келе жатқандай сезінгенім есімде. Бір тұсқа келгенде әкем машинаны тоқтатуды өтінді. Көліктен түскен ол он қадамдай жүріп барып, тізерлей отыра кеткен. Қос қолымен топырақты уыстап алып, құшырлана иіскеп, сүйгені дәл қазіргідей есімде. Селкілдеген иықтарынан әкемнің жылап отырғанын түсіндім. Жалалы болып орыстың түрмесінен қашқанда да, қытайдың түрмесінде басына шеңбер салып, көзін сыртына шығарып азаптағанда да қара емендей қасқайып, көзінен бір тамшы жас шығармаған болаттай қайсар жанның топырақты құшақтап жылағанын көргенде туған жерге деген сағыныштың қандай болатынын тұңғыш сезінгендей едім. Кейін білгенімдей, бұл әкемнің балалық, жастық шағы өткен Ешкіөлмес тауының баурайы екен», – дейді тағдырлы ақын апамыз Марфуға Айтқожа өзінің Қуат Қайранбаевқа берген сұхбатында. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын ердің кіндік қаны тамған жеріне тартары хақ. Тағдырдың айдауымен бір кезде шекара асып, жат жұртта жүрген қанша азамат туған елін, туған жерін аңсап өтті, арман-қиялдары орындалмай, өмірлері өксікке толды. Біз білетін қазақтың нарқасқа перзентінің бірі Мұстафа Шоқай қай жерде жүрмесін, қай қалада тұрмасын өмірінің соңына дейін туған топырағына жетуді армандап, халқының қамын ойлап, көкірегіндегі сағынышы мен күйінішін өзімен бірге ала кетпеді ме?! Атақты авар ақыны Расул Ғамзатов кеңестік заманда қанша қадірлі болса да, Мәскеуде тұрса да «Қабірімді туған жерден қазыңдар» деп өтініш білдіріпті. Жерлес ақын Нарша Қашағанов туған жеріне арнаған жыр жолдарында: Сенде жатыр бабаларым ақылды, Сәл ұзасам, солар мені шақырды. Ұшқан ұям өзің едің алғашқы, Қонар жерім сен боларсың ақырғы, – деп жырлайды. Иә, кез келген адамның бойындағы ерекше қасиет ананың ақ сүтімен бірге туған жердің киелі топырағынан, шипа ауасы мен таза суымен сіңетіні рас. Адамның табиғаты туған топырағына тартып тұратыны сондықтан! Бұл кіндік қанымыз тамған топырақтың, туған жердің тылсым сырға толы құдіреті екенін мойындауымыз керек. Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург.
Тараз қаласы.