Әлеумет

«Бәйтеректе» демалғандардың қуанышында шек жоқ

«Бәйтеректе» демалғандардың қуанышында шек жоқ

Кезекті оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары жазғы демалысқа қызу дайындықты бастап кетті. Әдеттегідей, бүлдіршіндердің бірі ауылдағы ата-әжесіне баруды жөн санаса, енді бірі жазғы лагерьге жолдама алуды құп көреді. Ескі Шу ауылдық округіне қарасты «Тасөткел» су қоймасында орналасқан «Бәйтерек» жазғы сауықтыру лагерінің сегізінші маусымы есігін айқара ашып отыр. Байқағанымыздай, мұндағы лагерь ұжымы әр баланың көңілінен шығып, ой-өрістерінің кеңейіп, дами түсуіне және жаңа достар тауып, әр күнді көңілді өткізулеріне барынша мүмкіндік жасапты. Бүгінгі күні «Бәйтерек» жазғы сауықтыру лагері 125 баланы қабылдап, бірінші ауысымын бастап кеткен. Оның ішіндегі 100 бала сауықтыру тобында болса, қалған 25-і «Қыран» әскери-патриоттық тобына жиналған. Үш айлық жазғы демалыс бес ауысымға созылады. Осылайша, алдағы үш айдың ішінде аудандағы 625 бала бақытты күндерін «Бәйтеректе» өткізбекші. Айта кету керек, лагерьдегі балалардың басым бөлігі – аз қамтылған, көп балалы, ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Сонымен қатар мектепте үздік оқыған оқушылар да осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Лагерь директоры Жұмакүл Қозыкөрпешованың айтуынша, сауықтыру лагерінде балалар үшін барлық жағдай қарастырылыпты. «Балалар мұнда бес мезгіл тамақтанып, екі мезгіл бассейнге шомыла алады. Оларды ыстық тамақпен, түрлі тәттілермен қамту «Арынова» жеке кәсіпкерлігіне жүктеліп отыр. Кітап оқуға арналған кең залдағы сөрелерде балалар үшін қызыққа толы кітаптарды да топтастырып қойдық. Ал шығармашылықпен айналысуға арналған кабинетте балалар сурет салып, ермексазбен түрлі бұйымдар жасаумен айналыса алады. Лагерьдің бірінші қабатында балалардың санасын рухани жаңғыртуға арналған арнайы бұрышымыз орналасқан. Мұнда қабырғаға ілінген тапсырмаларды балалар он екі күн бойы орындайды. Нақтырақ айтқанда, латын әліпбиін меңгеру, өңірдің киелі жерлеріне саяхат жасау, балалардың қолымен құрастырылатын 100 жаңа оқулық сынды қызықты әрі маңызы зор тапсырмалар беріледі. Соңында осы тапсырмаларды толық орындап, лагерьдің барлық шарасына белсенді қатысқан балалар «100 жаңа есімге» лайықты деп танылады», – дейді лагерь директоры. Сонымен қатар лагерьде ағылшын тілін меңгеруге арналған үйірме де жұмыс істейді. Бұл үйірменің мектептегі ағылшын пәнінен ерекшелігі - мұнда сабақтардың ойын түрінде ғана жүргізілетіндігінде. Балалардың демалыстары қызықты әрі пайдалы өтуі үшін лагерьге тәжірибесі мол тәлімгерлер мен тәрбиешілер жасақталыпты. Сөз арасында айтып өткеніміздей, мұндағы «Қыран» әскери-патриоттық тобына жиналған жиырма бес балаға үш шатырлы алаң құрастырылған. Бұл топқа жетінші және одан жоғары сыныптың оқушылары қабылданған. Онда он күн бойы әскери тәртіп қатаң түрде жүргізіледі. Топ мүшелері таңертең сағат алтыда оянып, таңғы жаттығу жасап, үш шақырым қашықтыққа жүгіреді және жуынып болғаннан кейін таңғы астарын ішеді. Әскердегідей арнайы полигонға барып, қару-жарақты дұрыс қолдануға машықтанады. Сондай-ақ түнгі уақытта дабыл қағылып, өрт сөндіру қимылдары мен алғашқы медициналық көмек көрсету түрлері де үйретіледі. Бұл топқа қабылданғандардың басым бөлігі сапта жүріп ән айтудан үздік шыққан оқушылар екенін де айта кеткен жөн.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.