Қант зауыттарына өткізілетін өнімнің көлемі артпақ
Қант зауыттарына өткізілетін өнімнің көлемі артпақ
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен көктемгі дала жұмыстары жөнінде тарата айтып берді.
Жиынға, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыс бойынша филиалының басшысы Қанат Тәженов, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының басшысы Нұрғали Сейітбеков пен оның орынбасары Ахмедияр Дәулетұлы қатысып отырды. Басқосуда Берік Болатұлы әуелі ағымдағы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген қаражаттың игерілуі жайына тоқталды. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлығы 15,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінгі күні биылғы жылдың 4 айына жоспарланған 5,5 миллиард теңгенің 5,4 миллиарды игерілген. – Көктемгі дала жұмыстарына келсек, қазіргі уақытта бұл жұмыстар толық аяқталуға жақын. Үстіміздегі жылы облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» арасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының 2017-2021 жылдар арасындағы егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы меморандумына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын 602,7 мың гектарға орналастыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда биылғы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдары 649,9 мың гектарға орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,7 мың гектарға артық. Дән себу жұмыстары 92 пайызға орындалып, бұдан әрі қарай жалғасын табуда. Ауыл шаруашылығы министрлігімен арадағы меморандумға сәйкес, биыл 6 500 гектарға қант қызылшасын отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күні қант қызылшасы 8 324 гектарға отырғызылып, орындалу көлемі белгіленген жоспардан 1 824 гектарға артты. Яғни 128 пайызға орындалды. Ағымдағы жылы қант қызылшасына қажетті тұқым көлемі толық қамтамасыз етілді. Мәселен, қант қызылшасына қажетті тұқымның 15,4 мың себу бірлігінің 9,4 мың себу бірлігі Франциядан әкелінсе, 4 мың себу бірлігі Германиядан жеткізілді. Осының нәтижесінде биылғы жылы қант зауыттарына өткізілетін өнім көлемін 150 мың тоннаға жеткізу көзделуде, – деді басқарма басшысы. Бұдан кейін сөз алған «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыс бойынша филиалының басшысы Қанат Амангелдіұлы акционерлік қоғам еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуында бірден-бір қаржы операторы болып табылатынын тілге тиек етіп, биыл техникалар сатып алуды қаржыландыруға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғайғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2001-2017 жылдар аралығында облысымыз бойынша көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 1 176 бірлік техника сатып алу «ҚазАгроҚаржының» есебінен 13,5 миллиард теңгеге қаржыландырылған. «2016 жылы лизинг арқылы 417 миллион теңгеге 71, өткен жылы 771 техниканы 402,5 миллион теңгеге қаржыландырдық. Ал үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін техникаларды 800 миллион теңгеге қаржыландыратын боламыз», – деді Қ. Тәженов. Бұдан бөлек, басқосуда мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Рахметханұлы да қазіргі таңда өңірімізде шегіртке «шабуылына» қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде толығырақ айтып өтті. Брифинг соңында жауапты мамандар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Есен ӨТЕУЛИЕВ