ЖОЛАУШЫ ҚАУІПСІЗДІГІ – басты міндет
ЖОЛАУШЫ ҚАУІПСІЗДІГІ – басты міндет
Ішкі істер министрлігінің жетекші қызметтерінің бірі – көліктегі ішкі істер департаменті. Бұл құзырлы органның құрылымдары алысқа болсын, жақынға болсын әуе көлігімен немесе темір жолмен сапарға шыққан жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осындай орындарда қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың сақталуы және азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету көліктегі ішкі істер органдары қызметкерлеріне жүктелген. Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының баспасөз хатшысы-мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Ләззат Қасымжанова мен Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сәкен Тұрбеков редакцияға арнайы келіп, департаменттің қызметі мен Жамбыл стансасына қарасты бекеттер мен пойыздарда қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарып отырған жұмыстарын әңгімеледі.
– Ләззат Бақашқызы, департаментте қандай бөліністік құрылымдар бар? – Көліктегі ішкі істер департаментінің құрылымына 25 желілік бөлініс кіреді. Қызмет көрсету аумағы 17 мың километрді алып жатыр. Ел аумағында 18 әуежай, 500-ден аса жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған станса және 300-дің үстінде темір жол бекеті бар. Сонымен қатар осы аумақта 13 түйісу стансасы болса, оның тоғызы Ресеймен, үшеуі Қытаймен және бір-бірден Өзбекстан мен Қырғыз Республикасымен шектеседі. – Азаматтардың полицейлерге деген сенімін қалай арттыруға болады? – Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 31- қадамында этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету айтылды. Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында көліктегі ішкі істер департаментінде консультативті – кеңесші орган құрылған. Кеңестің мақсаты – ішкі істер органдары қызметінің мөлдірлігін арттыру. Бүгінде кеңес жұртшылықпен тығыз байланыс орнатып, азаматтарымыздың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыруға үлес қосуда. – Егер жолаушы қылмыстық оқиғаның куәсі болса нәмесе жәбірленіп жатса қайда хабарласқаны жөн? – Әуежайда, темір жол бекеттерінде қылмыстық, басқа да құқық бұзушылық әрекеттердің куәсі болған азамат бірден 94-23-20 нөмірі бойынша шұғыл хабарласса дейміз. Мұндай сенім телефондары департаменттің әрбір желілік бөліністерінде орналасқан. Төтенше жағдайларда «102» қызметіне хабарласқан жөн. Жалпы, тәртіп, құқық мәселесіне келгенде қоғам болып атсалысу қажет. Азаматтардың қырағылығы – адам өмірін сақтап қалуға, қылмыстың алдын алуға және қылмысқа күдіктіні дер кезінде ұстауға үлкен көмек. – Сіздерге жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін түсінеміз. Адам қарасы күндіз-түні бір толастамайтын темір жол мен әуежай бекеттерінде түрлі қылмыстық оқиғалар мен құқық бұзушылық жиі орын алып жататыны жасырын емес. Ондай жағдайлар облыс аумағындағы темір жол бекеттерінде, жол бойындағы жүйткіген пойыздың ішінде де кездесіп жатады. Ал енді осының алдын алуда қандай шаралар атқарылып жатыр? Осы сұрақты Сәкен Пәрімбайұлына қойсам деймін. – Халық көп шоғырланатын әлгіндей орындарда түрлі заң бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу мақсатында Жамбыл стансасы ішкі істер желілік бөлім қызметкерлері жедел алдын алу шараларын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Атап көрсетер болсақ, адам саудасының, есірткі бизнесінің, заңсыз көші-қон және ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Көкнар», «Заңсыз келуші», «Жасөспірім», «Қайыршы», тағы басқа жедел алдын алу шаралары өткізіліп, көлік сақшылары көптеген қылмыстық оқиғалар мен құқық бұзушылықтың жолын кесті. Мұндай шаралар барысында қызметкерлеріміз қызмет көрсету аумағындағы халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіруді қоса жүргізеді. – Жолаушылар ағыны бір сәтте толастамайтын орындарда қызмет көрсетудің ерекшеліктері мен сипаты өзгеше болатындықтан осы жайлы да тоқталып өтсеңіз? – Бізге жүктелген негізгі міндет –темір жол мен әуе көлігі нысандарында жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мен олардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Қызмет көрсету аумағында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе аса ауыр қылмыс саналатын есірткі бизнесі, бұзақылық, ұрлық сияқты қылмыстардың алдын алуға тиіспіз. Осы жерде мына бір мәселеге назар аударайын, көлікте жолаушы өздерінің заттарына ұқыпты болмауының салдарынан арам ойлы адамға ұрлық жасауға мүмкіндік тудырады. Осындай ұрымтал сәттерді тиімді пайдалана білген қолы сұғанақ адам ойындағысын оңай жүзеге асырады да кез келген стансадан түсіп қалады. Дүниесін алдырған азамат көлік сақшыларына дер кезінде хабарламағандықтан ұры ізін жасырып үлгереді. Міне, көлік полициясының жұмысының қиындығы осында, бір мая шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. – Қызмет көрсету аумағында жыл басынан бері атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесі қандай? – Қоғамда «құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға үлкен мән берілуде. Қызметкерлеріміздің жүргізіп жатқан профилактикалық шараларына жоғарыда біршама тоқталып өттік. Ал енді нәтижесіне келер болсақ, 2018 жылдың басынан бері әртүрлі ұсақ құқық бұзушылықтары үшін 1018 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде «мүлдем төзбеушілік»- 380, ұсақ құқық бұзушылық-33, спирттік ішімдік ішу-109, рұқсат етілмеген орындарда темекі шегу-133, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің ертуінсіз жүруі-12, белгіленбеген орындарда сауда жасау-75, қоғамдық орындарда кісіге тиісудің 18 фактісі тіркелді. Негізінен көлік нысандарында жасалатын құқық бұзушылықтың көбі ішімдік ішуден орын алып жатады. Мұндай бұзақылықтарды дер кезінде құрықтау мақсатында департаментте жолаушылар пойызына ілесіп жүру батольоны қызмет көрсетеді. Олар әр бағыттағы жолаушылар пойыздарына ілесе жүріп, пойыз ішіндегі тәртіпті қадағалайды. – Темір жолға жақын орналасқан елді мекендердің балалары арнайы белгіленген өткелдерден өтпей шойын жолдың кез келген жерінен өтемін деп, қайғылы жағдайларға ұшырап жататын оқиғаларды естіп қаламыз. Тағы да ойын балаларының өтіп бара жатқан пойыздың терезесіне тас лақтырып, әйнектерін шағып жататыны бар... – Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімінің қызмет көрсету учаскесінде 27 станса бар. Темір жолға жақын 7 мектеп орналасқан. Осы білім ошақтарында жыл басынан бері темір жол мекемесінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, құқық бұзушылықты болдырмау, тәртіп сақтау, темір жолда қауіпсіздік ережелерін бұзбау мақсатында 15 рет лекция оқылып, бейнероликтер көрсетілді. Бекеттерде, пойыздарда, басқа да темір жол нысандарында жүргізілген рейттік шаралар барысында 12 ата-анаға хаттама толтырылды. Тараз қаласындағы бейімдеу орталғына 6 жасөспірім орналастырылды. Жол үстіне әртүрлі зат қойып кетіп, пойыз қозғалысына қауіп төндіретін оқиғалар да кездесіп жатады. Егерде ондай тентек балалар қолға түссе, ата-аналары жауапкершілікке тартылатынын еске салсам деймін. Темір жол қауіпті аймақ екені үлкеннің де, жастың да есінен шықпағаны абзал. – Редакциямызға арнайы атбасын бұрып, жолаушылар қауіпсіздігі жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жайлы сұхбат бергендеріңіз үшін рахмет айтамыз.
Амангелді ӘБІЛ