- Advertisement -

Қантсыз ішкен шәй қара су татыр

212

- Advertisement -

Елімізде қант қызылшасы қант, шекер өнімінің басты шикізаты болып табылатын дақыл екені белгілі. ҚР статистика басқармасы агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, өзіміз егіп өсірген шикізат есебінен ел тұрғындарының 10 пайызы қант өнімімен қамтамасыз етіледі.

Облысымызда бұл дақыл түрі өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңына қарай 42 мың гектар алқапта өсіріліп, гектар қайтарымы 297 центнерден айналған. Ал 2003 жылы тәтті түбір алқабы 5 мың гектар көлемінде болды. Бұдан кейінгі жылдары да ұлғайтылу үстіне, кемітіле түскені белгілі. 2007 жылдан кейін тәтті түбір өңірімізде мүлде егілген де жоқ. Тек 2015 жылдан бастап, оның байырғы даңқын қайта оралтуға алғашқы қадам жасалып, алқап көлемі де жылдан-жылға тұрақты түрде арттырылу үстінде. Былтыр қант қызылшасын 9,5 мың гектарға орналастырдық. Осы алқаптардан орташа өнімділік 228,5 центнерді құрап, 200 мың тоннадан аса тәтті түбір жиналды, 120 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Биыл бүгінгі күнге дейін қант қазылшасы 8324 гектарға орналастырылды.
Үстіміздегі жылы, сондай-ақ Ресейдің «Продимэкс» компаниясымен келісіп, Шу қаласында құны 150 миллион еуроны құрайтын, жылына 100 мың тонна қант өндіретін зауыт құрылысын бастағалы отырмыз. Бұл өз кезегінде қант қызылшасы алқаптарының көлемін 30 мың гектарға дейін ұлғайтуға өз септігін тигізеді.
Атап өтерлігі сол, өңірімізде қант қызылшасы алқабы көлемін ұлғайтудың нақты мүмкіндіктері де бар. Бұған табиғи-ресурстық әлеуеттің молдығы, қызылша егуге жарамды суармалы жердің де едәуір екендігі, күннің шуақты, ауа райының жылы, жұмысшы күшінің жеткілікті болуы, бай тәжірибе жинақталуы берік негіз бола алады.
Оның үстіне мемлекет тарапынан қызылша өсірушілерге нақты қаржылай және материалдық көмектер көрсетілуде. Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қант зауыттарының өкілдерімен кездесу өткізіліп, онда қант шикізатын сатып алу құнын көтеру жайы келісілді. Бұдан басқа облыстық қазына есебінен тәтті түбір өсіретін шаруашылықтарға қант зауытына өткізген 1 тонна өнімі үшін 12 000 теңге көлемінде субсидия төленетін болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда тоннасына 2 000 теңге артық. Сондай-ақ сатылып алынған тұқым, гербицид, минералды тыңайтқыштар да субсидияланады әрі диқандар кепілдендірілген дизельді отынмен қамтамасыз етіледі.
Мұның бәрі қант қызылшасы егістігі көлемін ұлғайтуға, өнімділігін арттыруға және егістік алқаптарға ғылыми-өндірістік агротехнологияларды көптеп енгізу негізінде жалпы түсімді көбейтуге мүмкіндік береді.
Ғылыми негізделген қызылша өсіру ісінде жердің құнарлылығын көтеру қамтамасыз етіледі, тыңайтқыштарды тиімді қолдануға, жерді өңдеуге, өсімдікті түрлі аурулардан, зиянкестерден, арамшөптерден қорғау шаралары жүйесіне арналған мейлінше қолайлы жағдайлар жасалуы қажет. Жердің ылғалдандырылуы жағдайына, сондай-ақ фермерлік және шаруа қожалықтарының ұйымдастыру-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты қант қызылшасын жоғарыдағы талаптарды ескере отырып, шаруашылықтың мүмкіндігіне қарай 3 танапты немесе 5 толық ауыспалы егіс жүйесі бойынша орналастыру жөн.
Тұқымның себілуі сапасы көбінесе алқаптың біркелкі тегістелуіне де байланысты. Бұл суарудың жоғары сапалы деңгейін қамтамасыз ете отырып, ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігін 10-12 пайызға арттыруға септеседі.
Тиісті агротехникалық шаралардың сақталуымен облысымыз жағдайында қант қызылшасынан жоғары өнім жинауға мүмкіндік мол. Түрлі технология әдістері арқылы қант қызылшасын өсіру экономикалық тиімділікке де қол жеткізеді. Мысалы, дәстүрлі егіс жағдайында технологиялық карта бойынша 1 гектарға жалпы шығын 407, 3 мың, ал түскен табыс 600 мың теңгені құрап, 192,7 мың теңге таза табыс алынатыны белгілі. Бүгінгі күні тамшылатып суару жүйесі диқан қауымын көл-көсір табысқа кенелтуде. Атап айтқанда, бұл жағдайда 1 гектарға жұмсалатын жалпы шығын орташа есеппен 800 мың теңге көлемінде есептелгенімен, егістің өндімділігі есебінен 600 мың теңге таза табысқа қол жеткізуге болады.
Рас, қант қызылшасын өсіру мен өнімділігін арттыруға өзіміздің отандық тұқым өндірісінің жоқтығы да өз әсерін тигізуде. Қызылша тұқымы көбінесе сырттан қымбатқа сатылып әкелінеді. Олардың сапасыздары да кездеседі. Елімізде, оның ішінде өңірімізде тәтті түбір егістігі алқаптарын ұлғайту үшін отандық тұқым өнімдерімен өзімізді-өзіміз жеткілікті қамтамасыз етудің қажеттігі айқын сезіліп те отыр. Алдағы уақытта Алматы облысында 4 қант қызылшасы тұқымы шаруашылығы, ал біздің облысымызда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл филиалы базасында 1, сондай-ақ қосымша 2 тұқым шаруашылығы құрылатыны саланың дамуына тың серпін береді деп күтеміз.
Бүгінде бейнеті көп болғанмен, жоғары табыс түсіретін осынау салада өңір диқандары бел шеше еңбектену үстінде. Олардың халық үшін ең қажетті, нарықта да жоғары сұранысқа ие дақыл түрін өндіруге деген құлшынысы артпаса, кемімесі белгілі. Өңіріміздегі балтамырдың байырғы даңқын қайта оралту ісі жүйелі жалғасын таба бермек.
Өйткені қантсыз ішкен шәйдің дәмі қара су татитынын басқалар білмесе де, қазақстандықтар жақсы біледі.

Ерлан ҚҰЛКЕЕВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support