Бектөбеден шыққан белгілі академик
Бектөбеден шыққан белгілі академик
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев туралы ғұмырнамалық очерк
Көрнекті ғалым-экономист, жоғары мектептің белгілі басшыларының бірі, тәжірибелі педагог-ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев 2018 жылдың 3 маусымында 80 жасқа толып отыр. Ғалымның аты өз елімізде ғана емес, көптеген алыс және жақын шетелдерде де кеңінен таныс. Біраз елдерде оның ғылыми еңбектері басылып шыққан, ал өзі бірнеше халықаралық және шетелдердің ғылым академияларының толық мүшесі.
К. Нәрібаев – кезінде еліміздің жоғары және арнаулы орта білім беру министрі болған, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланған және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған азамат. Бұған қоса оның қайраткерлік тұлғасын шыңдаған, аты мен атақ-абыройын кеңірек таратқан Қазақстанның ең мәртебелі білім ордасы, жоғары мектептің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетін он жылдан аса басқарған ректорлық қызметі. Көпжасар Нәрібаев Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында қара шаруа Нәрібай әке мен Бүбкүл ананың отбасында 1938 жылдың 3 маусымында дүниеге келді. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына сай келді. Ауыл жағдайы ауыр еді. Көздерін жас, көңілдерін сағыныш меңдеген асыл аналар күн-түн демей еңбек етті, майданға азық-түлік жөнелте жүріп, балаларын да өсіріп тәрбиеледі. Осы қиын-қыстау соғыс жылдарының қатал көріністерін кішкентай бала өз көзімен көріп өсті. Сол жылдарда өздері аш құрсақ болып жүріп Украина, Беларусь, Кавказ, Ресейден көшіп келген жандарға бір тілім нанын бөліп берген өз халқының қайырымды да жомарт болмысын Көпжасар бала кезінен-ақ терең сезінген еді. Туған халқының тума қасиеті жылылық, адалдық пен азаматтық, кішілік пен мейірімділік, сабырлық пен сергектік Көпжасардың ғұмыр бойғы кісілік тұрғысына, табиғи болмыс-бітіміне, адами қасиетіне айналды. Мектеп жылдары соғыстан соңғы шаруашылықты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамда тәртіп күшейген жылдарға тап келді. 1952 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының, Қызыл Шарық ауылындағы жеті жылдық мектепті, 1955 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 орта мектепті тәмамдады. Мұнан соң 17 жасар жас талапкер сол кезде С.М.Киров атымен аталатын Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі (осыдан 36 жыл өткен соң осы университетке ректор болып келіп, оған әл-Фараби бабамыздың атын алып беретіні, ұжымның атақ-абыройын асырып, әлемге әйгілі ететіні ол уақытта оның ойына да келмеген шығар). Бұл Сталиндік қатал талаптың тарап, елдің ішкі қоғамдық-саяси өміріне жылы сәуле түсіп, адамның жеке басына аз да болса азаттық орнаған күншуақ кезең еді. Алыс ауылдан келген ұяң жастың ұғымы ұлғайып, бірте-бірте болмысы байып, ой-өрісі, таным-түйсігі тереңдей түседі. Ол кездерде университетте аттары бүкіл одаққа әйгілі С.Б.Баишев, И.М.Бровер, С.А.Нейштад сияқты ірі экономист ғалымдар дәріс беретін. Сонымен қатар кезінде ел экономикасының ірі-ірі салаларын басқарған Т.Ш.Шәукенбаев, М.Е.Бутин, Т.Т.Төлебаев, М.М.Розманов сияқты профессорлар және т.б. көрнекті қайраткерлер қызмет істейтін. Болашақ экономистер жастардың нағыз жанашыры Ф.А.Жеребятьев факультет деканы Ш.Г.Надиров, сол кезде жас мұғалімдер, кейін еліміздің ірі ғалымдары болған Я.А.Әубәкіров пен Д.К.Қабдиевтің дәрістері мен ақыл-өсиеттерін тыңдап өсті. 1960 жылы К.Н.Нәрібаев экономика факультетін ойдағыдай бітіріп шығады. Үздік оқу, ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділік, қоғамдық өмірге белсене араласу университет түлегінің болашақ бағдарын белгілегендей еді. Соның да себебі болар, ол ҚазМУ-ды бітірісімен университеттің «Халық шаруашылығын жоспарлау және есептеу» кафедрасының ұйғарым-ұсынысымен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына түседі. Алпысыншы жылдардың басы К.Нәрібаевтың жас ғалым, қоғам қайраткері ретінде қалыптасу кезеңі қоғамдық өмір қайнаған КСРО астанасындағы «жылымық» жылдарда өтті. Одақтағы ең жетекші оқу орнының аспирантурасында оқу болашақ ғалымға бай мағлұмат береді, пайдалы әсерін тигізді. Бұл институтта аттары әлемге әйгілі ғылым тарландары жұмыс істейтін. Экономика теориясы бойынша аспиранттарға арналған лекциялар курсын атақты М.С.Атлас, А.Л.Рэуель, А.Ф.Яковлев сияқты профессорлар оқыды. Есеп пен экономикалық талдау пәндері бойынша осы саланың ірі мамандары А.С.Маргулис, С.К.Татур, А.А.Додоновтармен араласып, олардан оқып үйренудің сәті түсті. Ал кандидаттық диссертациясының тақырыбы бойынша есептеу жұмыстарын механикаландыру және автоматтандыру мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу ісінде белгілі мамандар В.И.Исаков, В.С.Рожнов, С.И.Волков, М.А.Королев сияқты профессорлардың көп көмегі тиді. К.Нәрібаев бір институттың аумағында қалып қоймай, Мәскеудегі басқа белгілі оқу орындарында, атап айтқанда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылық институтында, С.Орджоникидзе атындағы экономика-инженерлік институтында, Мәскеу экономика-статистикалық институтында қызмет істейтін әріптестерімен тығыз ғылыми байланыста болды. Сол ұжымдарда өтетін ғылыми конференция, семинар, симпозиумдарға белсенді түрде қатынасып, өз ой-пікірлерін баяндап отырды. Мұның жас аспиранттың ғалым болып қалыптасуына, ғылым әлемінде кеңірек танылуына үлкен әсері болды. Аспирантураны ойдағыдай аяқтап, 1964 жылдың басында «Механизациялау жағдайында есептеудің қазіргі формаларын дамыту» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Ұстаздық қызметін Қазақ мемлекеттік университетінен енші алып, бөлініп шыққан Алматы халық шаруашылық институтында бастайды. Аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарады. Институтта қызмет істеген кездерінде К.Н.Нәрібаев оқу жүйесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын салаластырудың ұтымды ұйымдастырушысы, жоғары дәрежелі ұстаз-тәрбиеші ретінде өзін ерекше таныта білді. Өндірістегі тәжірибе мен теорияны тиімді ұштастырып, өзінің ғылыми дәрежесі мен ұстаздық шеберлігін үнемі дамытып, жоғары деңгейде сапалы сабақ өткізетін ғалымның лекциясы мен семинар сабақтары студенттерді тек қызықтырып қана қоймай, олардың білімге, ғылымға деген ықылас-ынтасын анағұрлым арттыра түседі. К.Н.Нәрібаев – есеп және басқару ісі бойынша ғылыми еңбектерді ана тілімізде жазған алғашқы ғалымдардың бірі. Оның еңбектерінде есептеу теориясы, есептеу мен басқаруды механикаландыру және автоматтандырудың принциптері, бақылау мен тексерудің негіздері, АСУ және басқа да көптеген экономикалық мәселелерді ұйымдастыру жағдайы алғаш рет қазақ тілінде баяндалды. Осы ұжымда жүріп профессор К.Н.Нәрібаев мемлекеттік тілде 8 кітап, 3 кітапша және 70-тен аса мақалалар жариялады. Мұнымен бірге К.Н.Нәрібаев қоғамдық-саяси өмірге белсене араласады, алдымен ол 1964 жылы Алматы халық шаруашылығы институты комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. 1970 жылы институттың Экономикалық есептеу факультеті партия ұйымының хатшысы, 1975 жылы Алматы қаласы Калинин аудандық «Білім» қоғамының төрағасы, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. 1973-1974 жылдары К.Н.Нәрібаев Америка Құрама Штаттарында ғылыми тәжірибе жинақтайды. Белгілі ғылыми орталықтар мен Принстон, Флорида, Нью-Йорк университеттерінде болып, есептеу мен басқару қызметтерін автоматизациялау мен ұйымдастыруды жетілдіру саласында америкалық тәжірибемен терең танысады. Ғылыми іссапар кезінде К.Н.Нәрібаев көптеген Америка университеттерінде Қазақстанның экономикасы, білім және ғылым жүйелері бойынша лекциялар оқып, елімізді шетелдіктерге кеңінен таныстырып отырды. АҚШ-тың біраз ғылыми басылымдарында еліміздегі білім беру мен кадрлар дайындау мәселелері туралы ағылшын тілінде мақалалар жариялады. Елге оралысымен есептеу мен басқару жүйесіндегі және мамандар дайындау, білім беру салаларындағы шетелдердің озық тәжірибесін тереңірек талдап, кеңірек насихаттауға көп көңіл бөледі. Біраз элементтерін күнделікті өз жұмысында – дәріс беру әдісі мен ғылыми-зерттеу тәсілдерін жетілдіру мақсатында белсенді түрде қолдана бастады. АҚШ-тан жинап алып келген бай материалдары болашақ докторлық диссертацияның негізі болып қалыптасады. Осы жетістіктерін және басқа да қасиеттерін ескере отырып, 1976 жылы К.Н.Нәрібаевты ұйымдастыру мен басқару, білім беру саласындағы ірі маман ретінде Қазақ КСР-ның Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне министрдің орынбасары қызметіне шақырады. Бұл жаңа жауапты қызметте тың серпін, үлкен қажыр-қайрат, күшті ерік-жігер қажет еді. Осы тұрғыда ол өзін байсалды басшы, талантты ұйымдастырушы, халық шаруашылығының білікті жетекшісі ретінде көрсете білді. Білім жүйесімен жақсы таныс болғандықтан, жаңа қызметті тез игеріп алып кетті. Қарамағындағы жоғары және арнаулы орта білім орындарымен терең танысып, олардың хал-жағдайын қатал бақылап отырды. Өз құзырындағы ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау ісіне өте үлкен жауапкершілікпен қарады. Өйткені ғылыми дәрежесі бар жоғарғы санатты ғалымдардың үлесі бойынша ол кезде Қазақстан одақ көлемінде ең төменгі орында еді. Жаңадан ашылып жатқан институттарда ғылым докторлары мен кандидаттары тапшы болатын. Осы кемістіктерді жоюға жас және жаңа басшы белсене кірісті. Ең алдымен одақтағы министрлікке дәлелдей отырып, Қазақстан Үкіметінің шешімін шығарып, аспирантура мен докторантураға қабылдау жоспарын едәуір ұлғайтуға қол жеткізді. Сонымен қатар Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосібір, Томск қалаларының атақты университеттеріне аспиранттар мен докторанттар көптеп жіберіле бастады. Министрлікте қандай мәселемен айналыспасын оны тыңғылықты түрде аяғына жеткізуге тырысты. Сөйтіп білікті басшы, жаңашыл жетекші, белсенді қайраткер ретінде көзге түсе бастады. Өзінің барлық бастамаларына сол кездегі жоғары білім министрі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері Т.К.Катаев тарапынан толық қолдау тауып отырды. 1983 жылы К.Н.Нәрібаев Республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне министр болып тағайындалады. Мұндағы мазмұнды еңбегі профессор К.Н.Нәрібаевтың тағы да тамаша талант қырларын көрсетті. Ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында елеулі еңбек етті. Республикаға ауадай қажет болған мамандықтар мен жаңа оқу ордаларын ашуға тікелей жетекшілік жасады. Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауыл шаруашылығы институты, Семей ет және сүт өндірісінің технологиялық институты және сол сияқты ондаған жаңадан ашылған техникумдар мен училищелер – соның нақты нәтижесі. Бұл жылдары жоғары білікті ғылыми-педагогикалық және ғылым мамандарын дайындау үшін аспирантура мен докторантура жүйесі анағұрлым ұлғайтылды. Сондай-ақ қазақстандық жас ғалымдарды одақтың ірі оқу ордаларына аспирантураға жіберу жоспарын ұлғайтуда да К.Н.Нәрібаев еңбегінің зор болғанын атап айту парыз. К.Н. Нәрібаев Республика жоғары оқу ордасының басшысы, ұйымдастырушысы ғана емес, Қазақстан жоғары білім жүйесінің теориялық және методологиялық мәселелерінің зерделі зерттеушісі де. 1986 жылғы әйгілі «Желтоқсан оқиғаларынан» кейін К.Н.Нәрібаевты «ұлтшыл» деп айыптап министр қызметінен кетуге мәжбүрледі. Негізгі тағылған айып – ол министр қызметін пайдаланып жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлттар өкіліне, әсіресе орыс халқының мүддесіне орасан зор «зиян» келтірген екен. Ал шын мәнінде Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың иісі де жоқ болатын. Оны министр К.Н.Нәрібаев дәлелдеп те берді. Жалпы, студенттер арасында қазақ жастарының үлесін халықтың барлық санымен емес, оқу жасындағы жастар санымен салыстыру қажет. Бұл статистика ғылымның объективті заңдылығы деп көрсетті К.Н.Нәрібаев. Олай болса, сол жылдары орта мектеп бітіретін балалардың 58-60 пайызы қазақ жастары екен. Ал республикадағы барлық студенттердің 53 пайызы ғана қазақтар болатын. Оның үстіне ұлты орыс әрбір 10 абитуриенттің 7-еуі институтқа түседі, ал әрбір 10 қазақтың 5-еуі ғана студент болады. Сонда ұлтшылдықтың ауылы қайда? Осы және басқа да нақтылы деректерді келтіріп К.Н.Нәрібаев ресми органдарға хат жолдады. Әрине бұл мәліметтер ресми Мәскеуге және Қазақстанның Колбин бастаған жаңа басшыларына ұнамайды. Сөйтіп әділеттілікті көтергені үшін, дұрыс та дәйекті деректерді жария еткені үшін сол кездегі жандайшап басшылардан таяқ жейді. Жағдай ушығып кеткендіктен, арыз беріп қызметінен босайды. Бірақ бұған еш уақытта өкінген жоқ және жалған айыптарға мойынсұнған да емес. Шүкіршілік, уақыт кейін бәрін өз орнына қойды, К.Н.Нәрібаевтың әділдігін, дұрыстығын дәлелдеді, ал шуылдаған жандайшаптар өз жайына кетті. Министрлік қызметінен босағаннан кейін К.Н.Нәрібаев 1987 және 1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында алғаш жетекші ғылыми қызметкер, кейінірек Халық шаруашылығын басқару мәселелері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1990 жылы ол Қазақ КСР Министрлер Советінің экономикалық реформа жөніндегі Мемлекеттік Комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Республика экономикасында қайта құрудың дүбірлі кезеңі қызу жүріп жатты. Қазақстан нарық жолында қаз-қаз басып, қадам жасай бастады. Уақыт жаңадан тың өзгерістерді талап етті. Халық шаруашылығы мен экономикасына соны серпіліс, ізгі істер қажет болды. Міне, осы тұста профессор К.Н.Нәрібаев экономиканы басқаруды түбегейлі өзгертіп, қайта құру мәселелерін зерттеп, жаңа нарық қатынасына көшудің жоба-жолдарын анықтады. Оның ұсынған ой-пікірлері мен тұжырым-тәжірибелері нарыққа көшу туралы республикалық бағдарламаның негізіне айналды. Дәлірек айтқанда, республикадағы түбірлі экономикалық өзгерістердің негізгі шарттарын іске асыру, экономикалық кадрлардың, шаруашылық басшылары мен мамандардың кәсіптік деңгейін арттыру мен қайта дайындау мәселелеріне баса назар аударды. К.Н.Нәрібаевтың экономикалық реформа комиссиясы құрамындағы белсенді де жемісті жұмысы оның 1991 жылы сәуір айында басқа қызметке ауысуына байланысты тоқтап қалды. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университеті коллективіндегі моральдық-психологиялық жағдайды жақсарту қажеттілігіне байланысты республика басшыларының алдында университетке лайықты басшы таңдау міндеті тұрды. Ректорлық қызметке тәжірибелі ұстаз, ұйымдастыру қабілеті мол, жоғары білім жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі, беделі бар, үлкен парасаттың, жоғары мәдениеттің адамы қажет болды. Бұл талапқа қай қырынан алғанда да даусыз сай келетін К.Н.Нәрібаевқа үлкен сенім артылып, университетті басқарудың жоғары жауапкершілігі жүктелді. Арада өткен он жыл жемісті болды. Университет ішінде басқару мен ұйымдастырудың айрықша, кірпияз әдістерін талап ететін К.Н.Нәрібаев ректор ретінде өз қызметінің түбегейлі мұратын, ағымдағы мақсаттары мен әдіс-тәсілдерін дұрыс анықтады. Соның нәтижесінде басты мақсат ойдағыдай орындалды: барды ұқсатып, бұрыннан жалғасып келе жатқан озық дәстүрлер мен ірі табыстарды байытып қана қоймай, студенттер мен қызметкерлердің, оқытушылардың мазмұнды да мағыналы шығармашылық еңбегін жандандыратын, басқару және ұйымдастыру тетіктерін жаңартуға жол ашатын баянды да салауатты өмір салты орнықты. Университеттік білім реформасының түбірлі кезеңдерін ректор үштаған түрінде белгіледі: тыныстау-өзгерту-өркендету. Жоғары білім жүйесіне тыныс берудің өзі үлкен мәселе болып жатқанда, оны өзгерту мен өркендету идеялары білім жүйесіндегі қуатты қозғаушы күшке айналатынын ол кезде ешкім де болжай алмаған еді. Бірақ К.Н.Нәрібаев ректор ретінде де, жоғары білім саласындағы ірі маман ретінде де Қазақстан Республикасының әлеуметтік экономикалық құрылымындағы өзгерістердің білім беру жүйесіне қойылатын талаптардың түбегейлі жаңаруына алып келетініне, ал оны бәрібір қабылдауға тура келетініне университет ұжымын иландыра білді. Мұндай жағдайда өзгерістер жасамайынша тыныстау да, өркендеу де мүмкін емес еді. Тыныстау, өзгерістер мен өркендеу жоғары білім жүйесін сақтап қалудың бірден-бір жолы екендігі туралы берік ұғым К.Нәрібаевтың ректорлық іс-әрекетінің негізгі ұстанымы болды. К.Нәрібаевтың табандылығы мен қайсарлығының арқасында 1991 жылы қазан айында Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен университетке шығыстың ғұламасы, екінші ұстаз аталған ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің аты берілді. Бұл үлкен абырой және сонымен қатар шексіз ауыр жауапкершілік еді. 1993 жылы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне өзін-өзі басқаратын автономиялық мәртебе (статус) берілуі университеттік білімді реформалау бағытындағы қуатты түрткі болды. Өйткені бұл қаулы бойынша университет өзінің құрылымын, қызметкерлері мен мұғалімдер санын, олардың жалақы мөлшерін өзі шешеді. Сонымен қатар қандай мамандықтар бойынша қанша студент, магистрант, докторант, қабылдау да өз құзырында. Оларды оқыту жоспарын да өздері жасап, университеттің Ғылыми кеңесінде бекітеді. Өз мәселелерін өздері шешу барысында бұдан басқа да көптеген мүмкіндіктер берілді. Өз алдына дербес оқу орны болу құқығы мен мәртебесін университет басшылығы нарықтық экономика мен халықаралық интеграция жағдайындағы нақты мүмкіндіктер мен қажеттіліктерді ескере отырып, университеттік білімнің ең тиімді моделін қалыптастыру мақсатына дұрыс жұмсай білді және бұл қадам өзін-өзі ақтап шықты. Уақыт талабына сәйкес жаңа мамандықтар ашылды, мұның өзі университетте бұрыннан келе жатқан кейбір кафедраларды қайта құруға, жаңа кафедралардың ашылуына алып келді. Университет мемлекет қажеттілігі мен сұранысына тікелей бет бұрды. Сөйтіп, халықаралық қатынас, менеджмент, маркетинг, мемлекеттік реттеу және экономикалық басқару, іскерліктегі информациялық жүйе, экология, туризм, медициналық биология және басқа да жаңа салалар бойынша білікті мамандар даярлана бастады. Жоғары білімді мамандар даярлау ісі екі сатылы жүйе бойынша жүргізілетін болды – бакалавриат және магистратура жүйелері қалыптасты. Университет ректоры К.Н.Нәрібаевтың бастамасымен және қолдауымен ҚазМУ әлемнің көптеген елдерінің оқу орындарымен ғылыми және іскерлік қарым-қатынастарын кеңейтіп, нығайтуға қол жеткізді. Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті – Халықаралық университеттер Қауымдастығы (МАУ) мен Еуразия университеттері қауымдастығы (ЕАУ) мүшелігіне қабылданған Қазақстандағы тұңғыш және бірден-бір жоғары оқу орны болды. 1995 жылдың маусым айында ҚазМУ Орталық Азия және Еуропа университеттерінің халықаралық байланыс жүйесін жасаудың қолдаушысы және құрылтайшысы болып бастама көтерді және бұл мақсатты Рим қаласында өткен конференцияда іске асырды. К.Н.Нәрібаевтың кезінде университеттің халықаралық қатынастар қызметі жан-жақты даму алды. Көптеген халықаралық білім және ғылым орталықтарымен біріккен жұмыс басталды, шетелдерде кадр дайындау мәселелерінің өрісі кеңейді. Әлемнің әйгілі университеттеріне студенттер мен мұғалімдер көптеп жіберіле бастады және олармен бірігіп маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, ғылыми конференциялар, семинарлар мен сипозиумдар өткізілді. Белгілі 50 университетпен келісімшарт жасалып, жан-жақты тұрақты байланыстар орнады. Екіжақты келісім бойынша Түркияның Анкара университеті, Иранның Тегеран университеті, Қытайдың Ланьчжоу және Женьминь университеттері, Египеттің аль-Миния университеті, Кореяның Кенгги және Чоннам университеттері біздің студенттерді бір жылға тегін қабылдап оқытып жүрді. Ректор ретінде К.Н.Нәрібаев университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Оның табандылығы мен қайсарлығының арқасында ҚР Министрлер кабинеті 1994 жылдың 7 ақпанында «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің материалдық техникалық базасын нығайту шаралары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша университетке республика бюджетінен екі еселенген жеке нормативпен қаржы бөлініп тұратын болды. Бітпей жатқан құрылыс нысандарына және жаңа бастайтын құрылыстарға жеткілікті қаржы бөлінді. Университеттің жаңа полиграфиялық базасын қалыптастыруға, заманауи ғылыми құрал-жабдықтар алуға, ұстаздарды тәжірибе алмасуға шетелдерге шығарып, әлемнің әйгілі университеттерімен студенттер алмасуға керекті қаржы көздері қарастырылды. Осыларды және қаулыда белгіленген басқа да шараларды іске асыра отырып, оқыту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға керекті барлық жағдайды жасауға тырысты. «Қазақ университеті» баспасын ашып, оның жұмысын жолға қою, кітап қорының молаюы мен оқу процесін ақпаратпен қамтамасыз етуді жақсарту, университетті компьютерлік техникамен, байланыс, көшірме құралдарымен жарақтандыру, сондай-ақ университеттің инфрақұрылымдарын кеңейту ісінде де ректор үлкен күш-жігер жұмсады. Көп жылдан бері құрылысы тоқтап қалған Студенттер сарайы және Ыстықкөл жағасында студенттердің спорттық демалыс лагерінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Профессор К.Н.Нәрібаев 2002-2006 жылдары Алматы технологиялық университетінде проректорлық қызметте болды. Студент жастарды оқытып тәрбиелеумен қатар мұғалімдердің сапасына, олардың біліктілігін арттыру мәселесіне көп көңіл қойды. Жас мұғалімдерге арнап арнайы ғылыми методологиялық семинар ұйымдастырып, оның жұмысын бастан-аяқ өзі басқарып отырды. Өзінің бай тәжірибесімен бөлісе отырып жастарға ұстаздық қызметтің қыр-сырын үйретті, ғылымға баулыды. Осы жаңа қызметке кірісе сала технологиялық университеттің шетел оқу орындарымен байланысын нығайтуға кірісті. Түркия, Жапония, Швеция, Корея т.б. елдердің осы саладағы университеттерімен нәтижелі қарым-қатынастар орнатылды. Мәскеу, Ленинград, Кострома, Бішкек, Ташкент технологиялық университеттерімен кезінде үзіліп қалған байланыстар қайта жаңғырды. Сонымен қатар оқу ісі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында мемлекеттік тілдің қолдану ауқымын кеңейтуге, университетте іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру мәселелеріне аянбай атсалысты. 2006 жылдың ортасынан бастап К.Н.Нәрібаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы өзі бұрын жұмыс істеп кеткен Экономика институтына қызметке ауысады. Осы ұжымның бас ғылыми қызметкері мәртебесінде экономикалық дамудың әлеуметтік мәселелерін терең зерттеуге кірісті. Негізгі мақсат – елімізде экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін оның әлеуметтік сипатын анықтап, осы саланы дамытудың ғылыми негіздерін қалыптастыру. Әлеуметтік саланың өзекті бір мәселесі – білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөліп, жүріп жатқан реформаны жан-жақты талдап, өзінің ұсыныс-пікірлерін дайындады. Қазіргі реформаның ғылыми тұрғыдан толық негізделмегенін көрсете келіп, бұл жүйеге ғалым мамандарды кеңінен тарта отырып реформа бағдарламасын ғылыми негізде жасауды ұсынады. Білім жүйесінде мемлекет деңгейінде қабылданған ресми нормативтік құжаттардың жұтаңдығын айта келіп, біршама қосымша құжаттар қабылдаудың қажеттігін дәлелдейді. Атап айтқанда, Білімді дамытудың ұлттық доктринасын, Қазақстан Республикасының білім беру кодексін жасаудың жолдарын көрсетеді. Профессор К.Н.Кәрібаев Қазақстан жоғары білім жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне кіру туралы өз тұжырымдамасын жасап ұсынды. Ол бойынша ең алдымен ТМД елдері өздерінің ортақ білім беру кеңістігін қалыптастырып алуы қажет. Бұған толық мүмкіндік бар, өйткені бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылған, оның үстіне бұл елдердің білім жүйесінде ортақ қағидалар өте көп. Содан кейін, екінші кезеңде, ТМД елдері тұтас бір ұжым болып Болон декларациясына бірге кіргені дұрыс. Сонда өзіміздің білім жүйеміздің жақсы жақтарын сақтай отырып, ортақ Еуразиялық білім кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік туады. К.Н.Нәрібаев – жалпы экономикалық, теориялық және нарықтық мәселелерге де қалам тартқан ғалым. Бұл бағыт бойынша мына еңбектерін атап айтуға болады: «Экономикалық теория негіздері» (оқулық), «Экономикадағы ғылыми-зерттеу тәсілдері» (оқу құралы), «Нарықтық экономиканы қалыптастырудың кейбір мәселелері», «Құнды қағаздар рыногын реттеу», «Нарық жағдайында Қазақстанның өнеркәсіп саясатын қалыптастыру» және өзгелер. Соңғы жылдары академик К.Нәрібаев білім жүйесіндегі менеджмент мәселесіне ерекше көңіл бөліп жүр. Өйткені бұл осы күнге дейін зерттелмей, ғылыми тұрғыдан сырт қалып келе жатқан сала болатын. «Оқу орындарын және олардың бөлімдерін кім болса сол емес, сауатты, профессионал менеджерлер басқару керек», – дейді академик К.Нәрібаев. Осы мәселеге қарап 20-ға жуық ғылыми еңбек жазды, олардың ішінде іргелі үш оқулық пен оқу құралдары бар. Бұл еңбектерінде білім жүйесін басқарудың ерекшеліктерін толық сипаттай келіп, осы саланың менеджерлерін қалай дайындау керектігін анықтайды. Шетелдердің озық тәжірибесін талдай отырып, елімізде білім менеджерлерін дайындаудың негізгі бағыттары мен принциптерін көрсетеді. Кәсіби білім менеджерінің құрылымдық-мазмұндық моделін қалыптастырып, оны іске асыруды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкіндіктерін ұсынады. Көпжасар Нәрібаев 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Өзінің көп жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін және бойындағы күш-қайратын жастарды тәрбиелеуге, оларға заман талабына сай білім беруге жұмсап отыр. Студенттер мен магистранттарға дәріс берумен қатар жас мұғалімдерге және кафедра, факультет, университет жетекшілеріне ақыл-ойын айтып, өз білгенін үйретіп келеді. Академик К.Нәрібаевтың соңғы жылдары атқарып жүрген қоғамдық істері де мақтауға тұрарлық. Соның бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметі. Ғылым академиясының және оның бөлімшесінің дамып, нығаюына барынша өз үлесін қосып келеді. Академик К.Нәрібаев 2015 жылдан бастап «Бауыржан Момышұлының мұрасы» қоғамдық қорының президенті қызметін атқарып келеді. Қордың негізгі мақсаты – халықымыздың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы, Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Б.Момышұлының бай рухани мұрасын және алып тұлғасын жан-жақты зерттеп, жастар арасында кеңінен дәріптеу. Батырдың 100 жылдық мерейтойына арнап, «Аты аңызға айналған» атты көлемді естеліктер жинағын, 105 жылдығына арнап «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Бауыржан Момышұлы» кітабын құрастырып шығарды. Одан бөлек баспасөз беттерінде «Ұлтымыздың ұраны болған ұлы тұлға», «Ұлтымыздың рухани қаһарманы», «Бауыржан Момышұлының ұлттық тұлғасы», «Ұлтымыздың ары мен намысы» және тағы басқа мақалалар жариялады. Білім саласындағы қажырлы еңбегі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін К.Н.Нәрібаев «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен, сонымен қатар шетелдік, одақтық және республикалық ұйымдардың Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1996 жылы ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы, 2001 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. 2014 жылы ҚР ЖОО қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов» атындағы орденімен марапатталды. К.Н.Нәрібаевтың бұлжымас ережесі бар: өзіне ешқандай артықшылық, жеңілдік бермеу. Оның өмірде қолы жеткен табысының бәрі де өз талантының, табанды еңбегінің нәтижесі екенін бүкіл қоғам мойындап, лайықты бағасын берді. Көпжасар Нәрібайұлы бүгінгі 80 жылдық мерейтойын қажырлы еңбекпен, қайырымды күш- қуатпен қарсы алып, бұдан былай да бойдағы қайрат-жігерін, бай тәжірибесін өзіне өмірлік мақсат етіп қойған білім мен ғылым салаларын жетілдіруге арнамақ.
Т. Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі және Қоғамдық-гуманитарлық Ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор; Е. Жатқанбаев, ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.