Сұхбат

Жаңа талаптар кәсіпкерлер қызығушылығын арттыруға тиіс

Жаңа талаптар кәсіпкерлер қызығушылығын арттыруға тиіс

 width=ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен жақында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жоспарлау жобаларын рәсімдеу кезеңіне өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұл өзгерістердің бизнеске ықпалы жайында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек кеңінен тарата айтып берді.

– Бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдететін бағыттарды баса айта кетсек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының тұжырымдамасын әзірлеу, яғни концессиялық ұсыныстар жобаларды жоспарлаудың жеке кезеңі ретінде алынып тасталды. Жекеменшік әріптестікті анықтау бойынша тікелей келіссөздер кезінде «жобаға бизнес-жоспар» аталатын жаңа құжат енгізілді. Конкурстық құжаттаманың құрамында жобаның сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ қарастырылған. Ақырында, заңды тұлға немесе жергілікті атқарушы органмен жүргізілетін сараптама шарты алынып тасталды, – деді ол бұл тұрғыда. – Мәріпбек Шәкербекұлы, қалай ойлайсыз, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңға өзгерістердің енуі отандық бизнеске қандай мүмкіндіктер бермек? – Ең алдымен, инвесторларды көптеп тарту МЖӘ жобаларының құрылымдық портфелі едәуір кеңейтілуіне мүмкіндік береді. Бүгінде олардың басым көпшілігі білім және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асуда. Жақында ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың Тараз қаласында Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері де қаралып, талқыланғаны белгілі. Өңірімізде мемлекет бастамасымен жалпы құны 4,4 миллиард теңгенің 9 жобасы іске асуда. Бұл жобалар бойынша палата тарапынан оң сараптамалық қорытынды берілген. Олардың қатарында жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын балабақшалардың құрылыс жұмыстары, Жаңатас – Шымкент автомобиль жолдары учаскесін, сонымен қатар Таразда екі бірдей мүгедектерді оңалту және бейімдеу нысанын салу және Шу қаласындағы дене шынықтыру кешенін сервистік қызмет көрсету үшін мемлекет меншігіне беру де бар. Алайда кәсіпкерлік құрылымдары тарапынан аталған нысандарға деген қызығушылық әзірге байқалмайды. – Оның себебі неде? – Басты себептердің бірі облыста құзырына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын басқару, үйлестіру және оларды барлық салаларда енгізу мәселесі кіретін бірыңғай мемлекеттік органның болмауы деп санаймыз. Тағы бір себебі ретінде жобалар құнының тым қымбаттығын атап өтуге болады, сәйкесінше бұл қорға қаржы құюдың тиімділігін анықтауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, МЖӘ жобаларындағы бес балабақша құрылысының құны 331 - 601 миллион теңге аралығын қамтиды. Сондай-ақ әлеуетті МЖӘ нысандарының шығынын өтеу үшін бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі бизнесмендерге едәуір тосқауыл болып отыр. 2017 жылы уәкілетті органның бұйрығы бойынша мемлекеттік міндеттемелердің лимиті 8,3 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Алайда 2018 жылға қаржы бюджетке салынбаған. –Біздің өңір үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы қандай жобалардың болашағы бар деп ойлайсыз? – Әлбетте, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, спорт, денсаулық сақтау, құрылыс салаларындағы қызықты әрі табысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бізбен және жергілікті атқарушы органдармен келісіле зерделеніп, талқыланды. Нәтижесінде коммуналдық шаруашылық нысандарының дамуына биылға жергілікті қазына есебінен 526 миллион теңге бөлінді. Өңірде оларды іске асырудың мүмкіндігі бар. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан «Қала көшелерін жарықтандыру» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, ведомстволық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу байқауы өтуде. Денсаулық сақтау саласында МЖӘ аясында дәрігерлік амбулатория, емханалар базасында емдеу кабинеттерінің ашылуын құптарлық деп санаймыз. Ал білім беру саласында балабақшалар салу ісінің әлі де қажеттілігі бар. – Облыстық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында қандай жаңашыл жобаларды ұсына алады? – Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі тарапынан оқушыларды ыстық аспен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыс берілетіні белгілі. Мұндай жағдайда бизнестік құрылымдар мекемелерден бүкіл оқу жылы бойына асханаларды жалға алады. Алайда байқауда әлеуеті бірдей компаниялар тұрақты түрде ұтатындықтан, бәсекелестік кенжелеп қалған, негізгі құралдар жаңартылмайды. Осыған байланысты палата тарапынан мектеп асханаларын конкурстық негізде сенімгерлік басқаруға беру ұсынылады. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, сенімгерлік құқығын ұсыну ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарын аталған буынға көптеп тартуға септеседі. Осы орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түйткілді мәселелерін анықтау, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өзге де салалардағы жобаларды қоса қаржыландыру үшін жеке инвесторлар тарту мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында мемлекеттік органдардың МЖӘ жобаларына деген қажеттілікті жариялауы мәселесін пысықтауды, шығындарды өтеуге байланысты квота көлемін арттыруды қажет деп санаймыз. Балабақша құрылысы жобаларының қуаттылығын және құнын қайта қарау қажет деген ойдамыз. Заңнамалық сипаттағы бұл жаңашылдықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндіктерін кеңейтуге септесетін болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елімізде бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түрлі сатыларындағы жоспарлау және іске асыру бойынша құны 1,8 триллион теңгені құрайтын 547 жоба бар екен. Аталған қаражаттың толықтай игерілуі еліміздің бизнес-климатын едәуір жақсартуға қолайлы жағдай жасайтыны анық.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.