- Advertisement -

Жыр жазамын жүрегіммен

219

- Advertisement -

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

Үмiтiм

Көңiлдiң серпiп тастап мұң-наласын,
Жауқазындай, үмiтiм, бүр жарасың.
Өзiң болдың сенерiм, тiлейтiнiм,
Кеудедегi жұмыр ет сыздағасын.

Мән қашқандай қапыда күндерiмнен,
Күзгi аспандай мезгiлсiз түнерiп ем, –
Сейiлтесiң тұманды бойымдағы,
Шуақ болып шашылып жүрегiмнен.

Құм сiңiрiп жанымның тамшыларын,
Талай-талай өзiмдi қамшыладым.
Қарлығаштай көктеммен оралатын,
Ең киелi, қастерлi шамшырағым,
Үмiтiм.

Қажығанда, iшкi ой өтелмей шын,
Қанат болып биiкке жетелейсiң.
Арасында жетi қат көк пен жердiң,
Перiште боп сен, сiрә, мекендейсiң…

Көкіректің қылқобызын шертемін

Түйдек-түйдек бұлт көшкенде аспаннан,
Түйiр тасқа тамшы болып жас тамған.
Көңiлiммен арқа сүйеп жартасқа,
Жүрегiммен топырақты жастанғам.

Солай, солай… Сезесiң бе күйiмдi,
Жаным талай аярлыққа күйiндi.
Бiр Құдiрет тарқатарын бiлемiн,
Санадағы шырматылған түйiндi.

Сыбызғыдай сыңсып тұрған iшiмде,
Арзуым бар, түсiн, мейлi, түсiнбе.
Қанша тiлек көкке ұшты ғайып боп,
Қалыбына сыймайтұғын пiшiнде.

Нұрлы шуақ iздегенде жанарым,
Жақсылардың жанарына қарадым.
Тазалықты, дархандықты, өрлiктi,
Кең даланың құшағынан табамын.

Маңған шақта батысына келте күн,
Кiрпiк қағып оянады ерке түн.
Мен баяғы, үмiт, күдiк – шанағы,
Көкiректiң қылқобызын шертемiн.

Құсқа айналып кетсем ғой…

Қыркүйектiң демi ме?
Ақыраптың?
Жанарына шық тұнды жапырақтың.
Жел өтiнде тамшыдай дiр-дiр еткен,
Қалт-құлт етер кеудеде қалтырақ мұң.

Жылытарға жоқ дәрмен,
жылынарға,
Көңiлiмде өткеннiң сызы бар ма?
Жаңбырына малшынып күзгi күйдiң,
Сая таппай жүремiн тығыларға.
Түгесiлiп бақта да құстың әнi,
Тұмшаланған тұманмен
сұсты бәрi.
Құс жолына қараймын жиi-жиi,
Жүрегiме қонақтап ұшқындары.

Санамалап мезгiлдiң сағатын әр,
Шұғыладан жан едiм табатын әр.
Желпіп өтер жалынын Қызыл күннiң,
Құсқа айналып кетсем ғой қанаты бар…

 

 

 

 

 

 

Нүктесін де білмейсің, үтірін де…

Көшелердiң бойында сабылысып,
Сан тағдырлар барады сағым құшып.
Бiр iз әне барады алып ұшып,
Жолдар әне тоғысты сағынысып.

Ұнай қойсын сарылып күту кiмге,
Нүктесiн де бiлмейсiң, үтiрiн де, –
Бiр iз әне барады iлбiп басып,
Күрсiнiсi шылымның түтiнiнде.

Ұғысқанда жүректер көздерiмен,
Үнсiз қалады екен ғой сөз де кiлең.
Салған iзi өшпейдi сезiмдердiң,
Қос аяқтан қалған iз өшкенiмен.
Шөлдедiң бе, жәутең көз, мейiрiмге,
Мейiрi жоқ «өмiрге» кейiдiң бе?
Бұйырары белгiсiз тағдырдың да,
Уы кiмге немесе сыйы кiмге.
Тербегендей даланы құстың әнi,
(Құс әнiне көңiл де құлшынады)
Топыраққа iз салып, алақанға,
Беймәлiмдеу бiр жаққа ұшты бәрi.

Алакеуiм шақ па едi, iңiр ме едi,
Белгiлiсi Мезгiл де кiдiрмедi.

Ол жақта жаз бар ма?

Күткенi оралмай, үмiтi жоғалмай,
Сыздаған жүрегi оңалмай,
Жолдарға телмiрiп қамыққан көңiлмен,
Қаншама, қаншама жан өттi өмiрден.

Уақыттың бөлшегi – жылжыған жылдарда,
Беймәлiм, тылсымдау сыр бар ма?
Қайырсыз бүгiнмен бетке алып Ертеңдi,
Қаншама, қаншама сезiмдер өртендi.

Ойлармен арбасып, iштегi егеспен,
Көз алмай сұлбасыз белестен,
Қаншама, қаншама ақ жүздер қуарды,
Қаншама жанарлар суалды.

Бұлт кешiп, қанатын
сермеген қаздарда,
Құсқа тән наз бар ма?
Қаңқылдап ұшады,
әрi асып таулардан,
Ол жақта жаз бар ма?

Ойлар

Өздi-өзiммен кей-кейде күбiрлесiп,
Өтiп жатыр күндерге күн iлесiп.
Менi қойшы, көнермiн,
Көндiккенмiн,
Тыншытпайтын ойлар ғой, дүбiрлесiп.

Шарқ ұратын,
Судағы шағаладай,
Жүрегiме бiр тыным табам қалай?!
Мен, әйтеуiр, мезгiлге өкпелiмiн,
Жүрмiн бе, әлде, сәттердi бағаламай?

Түпсiз терең, батырып тұңғиыққа,
Ендi бiрде қондырып Күндi иыққа,
Желмаясы Ойлардың адастырмай,
Жетер, бәлкiм, түбi бiр Жерұйыққа.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support