- Advertisement -

«Ән-жырым саған, туған ел!»

468

- Advertisement -

белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кеші табысты өтті

Ән әлемінің корифейіне айналған Алтынбек Қоразбаевтың әндері жан-жүрегіңді шымырлатып, көңіліңді толқытып, жүрек тербейтіні сөзсіз. Елу жылдай уақыт бойы ел алдында маңдайы жарқырап жүрген композитордың еліміздегі өнердің өркендеуіне қосқан үлесі зор.

Оның «Қара шалын» тыңдап, тұла бойы толқымаған, «Қара кемпіріне» елжіремеген жан баласы кемде-кем. Өрі мен құзын қатар тосатын өнер әлемінің адал перзентіне айналған Алтынбектің туындылары қазақ үшін ерекше сый-тарту. Оның лирикалық әндері адам жанын баурап алады. «Бозторғаймен» боз далаға үні жеткен Мейрамбек Беспаев сынды сұңғыла таланттарды тай күнінен тану да мықтылық. Қысқасы, Алтекең – қазақ өнерінің қара нары, жарқыраған шоқ жұлдызы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Тараздағы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында Халық әртісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті. Жүрек толқытар, жан жадыратар сиқырлы сазбен, әдемі әнмен әдіптелген өнер кешін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жамбылдық жұртшылықпен бірге тамашалады.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шара Алтынбек Қоразбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аясында жүзеге асты. Ән кешінде қазақ даласын сазбен тербеген өнер иесінің отызға жуық туындысы орындалды. Концерт шымылдығы «Ай-хай, жиырма бес» әнімен ашылды. Жастық шаққа деген сағыныш сезімінің шоғын үрлейтін шығарманы эстрада жұлдыздары, Алтекеңнің шәкірттері Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіков орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Ал сахнаға Алтынбек Қоразбаев шыққанда көпшілік дамылсыз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

Алтекең Меркі жерінде туып, Жамбыл топырағында 17 жыл еңбек еткенін қысқаша айтып өтіп, өзінің әндер сериясын «Елге сәлем» әнімен бастаса, оны Александр Беляков дирижерлік ететін эстрада-симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Мұнан соң Алтекең аяулы азамат Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Таразым» және өзге авторлардың «Таудағы көктем», «Қараша қаз, қайдасың?», «Менің дағы бір аққуым бар шығар» әндерімен көпшіліктің көңілін дөп басты.
Аида Смағұлова орындаған «Сарыдала» күйі, Саят Медеуов қоңыр дауысымен жүректерге жеткізген «Сағындым, Кенен атамды», Жанболат мен Жазира дуэті шырқаған «Әгугай, домбыра» әндері тыңдармандарды ән қанатында тербетті. Елбасының сөзіне жазылған «Үшқоңыр», Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым, Алматымды» әндері «МузАрт» майталмандарының орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Мұнан соң Алтекең тағы бір шәкірті Алма Аманжоловамен бірге «Жайлауда» әнін жүректерге жеткізе шырқаса, «Қап-қара жеңгем әдемі» атты шығармасын Ернар Айдар орындады. Жұбаныш Жексен шырқаған «Көзіңнен айналайын», Тоқтар мен Бейбіт дуэті орындаған, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Жан асылым» әндерін де көпшілік зор ықыласпен тыңдады. Нұрболат Абдуллин, Сая Махамбет шырқаған әндер де шынайы шықты.
Сахнаға Мақпал Жүнісова шыға келгенде әнсүйер қауым ұзақ қол соғып, зор ықылас көрсетті. Ол орындаған «Анадан асыл бар ма екен?», «Қоштасудың қиыны-ай!» әндері әнші мен тыңдарман арасын жақындатып жіберді. «Меломен» тобы, Райым Уайс пен Қанат Үмбетов бебеулеткен әндер де көңіл толқытты.
Белгілі әнші Бағдат Сәмединова мен Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы Елбасының сөзіне жазылған «Сарыарқа» әнін көпшілік көрермен бірге шырқады. Әуелі Бағдат бастап барлық әншілер қосыла шырқаған «Қазақстан» әнімен бұл ғажап концерт мәресіне жетті.
Мұнан соң сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметов көтеріліп, талантты жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевты 70 жас мерейтойымен құттықтап, Алтекеңнің бүкіл қазаққа ортақ тұлға екенін айтып, иығына зерлі шапан жауып, қолына жол талғамайтын автокөліктің кілтін ұстатты. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.
«Өзім осындай мерейлі жасқа келгенмен, жүрегім жиырма бесте» деп тебіренген Алтекең осы концерттен түскен қаржыны Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында ашылатын ІТ бағдарламасы сыныбына аударатынын айтып, арнайы сертификатты Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваға тапсырды.
Ғажап әндердің сазына еліткен жұрт Алтынбек­тің кешінен айрықша әсер алғаны анық.
Бұл бір елдің рухани шөлі қанған күн болды.

Есет ДОСАЛЫ

Cуреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support